Басты бет > Білім > Шымкенттік шәкірттер арасында «Цифрлық Қазақстан» сайысы өтті

Шымкенттік шәкірттер арасында «Цифрлық Қазақстан» сайысы өтті

Шымкенттегі жастар ресурстық орталығында білім беру мекемелері арасында алғаш рет «Цифрлық Қазақстан» зияткерлік сайысы өтті. Конкурсты қалалық әкімдік ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырған.

Жаңа технологияның қыр-сырын меңгергендердің біріншілігіне Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысты. Ал әділқазылар алқасында қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, ОҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы, ХҚКО басшысының орынбасары Болат Жандос, қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева және әлеуметтік желі қолданушылары болды. Бұл сайыс «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында халыққа электронды қызмет көрсетуді жеделдету мен жеңілдету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

   

– Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – электронды  үкімет порталы, – деді ОҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әли Көмекбаев.  – Бұл порталда қарапайым халыққа 400-ден астам қызмет көрсетіледі. Тиімділігін айтатын болсақ, үйден шықпай-ақ санаулы минуттарда жүздеген қызмет түрлерін ала алады.

Сайыста қалалық білім мекемелерінен іріктелген үздік 5 мектептің топтары өзара бақ сынасты. Ол топта екі-екіден ұстаз, оқушы мен ата-ана болды. Солардың арасынан оза шапқан №65 мектеп-гимназиясының «Сандық әлем.kz» командасы жеңіске жетті.

 

   «Цифрлы Қазақстан» зияткерлік сайысында қатысушылар e-gov.kz электронды үкімет порталындағы халыққа қызмет көрсету түрлеріне қатысты білімдерін жан-жақты көрсете білді. Сайыс барысында қажетті барлық анықтамаларды электронды түрде алудың тиімділігі көрсетілді. Осылайша топтардың белсенділігімен қатар білімділігі және тапқырлығы да сынға түсті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл сайыс эстафета түрінде қаладағы барлық мектептерде жалғасады дейді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.