Басты бет > Саясат > Шымкенттіктер ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап өтті

Шымкенттіктер ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап өтті

Еліміз үшін ерекше орны бар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні шымкенттіктер салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік жиынға қатысып, сөз бастаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов барша қала тұрғындарын атаулы күнмен құттықтап, мемлекеттік мерекенің маңызына тоқталды.

 

 

– Қазақ Елінің дамуы, бүгінгідей әлемдік аренаға көтерілуі, ел болып қалыптасуы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің таңы атқан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Бұл жетістігіміз бен шыққан биігіміз – егемендігіміздің, бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайтын айқын дәлел. Бүгінде Елбасы өзі қолдау танытқан «Болашақ» бағдарламасымен 12 мыңнан аса түлек оқуын бітіріп, елге аянбай еңбек етуде. Елімізде қазір «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары табысты жүзеге асуда. Тәуелсіз еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Елбасымыздың сарабдал саясатымен, әр қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жүзеге асуда, – деді Ғ.Әбдірахымов.

   

Шымкент қаласының әкімі мұнан соң қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан өз саласындағы үздіктерді «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

   

Бұдан кейін салтанатты іс-шараға арнайы келген қазақ эстрадасының жұлдызы Қайрат Байекенов пен «Формат» тобы, сондай-ақ Шымкенттің белгілі өнер ұжымдары Елбасының ерлік жолын арқау еткен патриоттық әндерді нәшіне келтіре орындады. Концерттік бағдарлама әдемі кештің әрін кіргізіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.