Басты бет > Саясат > Шымкентте әр сайлау округі бойынша жеке әлеуметтік карта жасалынып, басымдық берілетін проблемалар белгіленуде.

Шымкентте әр сайлау округі бойынша жеке әлеуметтік карта жасалынып, басымдық берілетін проблемалар белгіленуде.

«Nur Otan» Партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қоғамда кең талқыланып, қолдау табуда. Елбасы партия мүшелерінің бірігуіне, партияның ядролық мүшелерін қалыптастыру қажеттігіне назар аударып, фракция жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру туралы ауқымды міндеттер қойған. Партияның бастауыш ұйымдарында, фракция отырысында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жоспарлар жасалынып, алдағы міндеттер нақтылануда.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен өткен қалалық партия активінде Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында қабылданған шешімдерден туындайтын міндеттер белгіленді.

Мәжіліске Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Республикалық саяси кеңес мүшесі Алия Юсупова, қалалық және аудандық филиал жанындағы Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысты.

– Қалалық мәслихаттағы партиясы фракциясы мүшелері өз сайлау округінің әлеуметтік картасын жасап, басымдық берілетін проблемаларды белгілеу бойынша келісімге келді. Ал бюджетті талқылау барысында сол мәселеге көбірек көңіл бөлінетін болады, – деді Шымкент қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясы жетекшісі Бекайдар Төлегенов.

– Тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін фракция тарапынан нақты жұмыстар жасалынуы керек. Әрбір депутат азаматтарға жақын болуы тиіс. Депутаттар сайлаушылармен жиі кездесулер ұйымдастырып, көшпелі қабылдаулар ұйымдастырса, фракция беделі одан да артады, – деп сөзін түйіндеді фракция жетекшісі.

Партиялық жиын барысында зейнеткер, партия ардагері Шерім Медеуов, «AZALA Textile» ЖШС-нің директоры, «Кәсіби даму» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Гүлнар Садықбекова, Шымкент қаласындағы №9 көркем гимнастика спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры, «Nur Otan» партиясы Республикалық Саяси кеңесінің мүшесі Әлия Юсупова, «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық саяси газетінің дирекоры- бас редакторы Алишер Сатвалдиев сөз сөйлеп, партия жұмысын жүйелі жаңғырту бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

Мәжілісті партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қорытындылап, партия активіне партия жұмысын жаңғырту және партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдерді орындау жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.

Медиаон ақпарат