Басты бет > Саясат > Шымкентте қоғамдық проблемалар талқыланды

Шымкентте қоғамдық проблемалар талқыланды

Қазақстанның 3 қаласы шырайлы Шымкентте халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, қоғамдық мәселелері талқыланды.

Қоғамда проблемалық алименттер өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Өкінішке қарай, Шымкент қаласында бұл әлеуметтік мәселенің көрсеткіші жоғары болып отыр.

Әкесінің көзі тірісінде оның қамқорлығынсыз қалған баланы асырай алмай отырған көптеген әйелдің көз жасына куә болған «Nur Otan» партиясының өкілдері бұл проблемаға қатты алаңдаулы.

Осы орайда, Шымкентте «Nur Otan» партиясы филиалы Әділет департаментімен, Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен бірлесіп меморандум жасады. Меморандумға сәйкес, халық арасында сот актілерін орындаудан жалтарудың кез келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру үшін бірге жұмыс атқарылады.

Меморандум аясында қалалық партия филиалында «Атқарушылық өндіріс барысында мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, заңнама талаптарының сақталуы мәселелері» тақырыбында мәжіліс өткізілді. Мәжіліске төрағалық еткен «Nur Otan» партиясы қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов партия тарапынан халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Партия тұрақты түрде азаматтармен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдап, мәселелерді шешуге ықпал ету үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдармен байланыс орнатуда. Осы кездесулерде азаматтарды жиі мазалайтын сұрақтар қатарында сот актілерінің орындалмауын атап өтуге болады. Әсіресе, әлеуметтік маңыздылығы бар істерді – алимент, жалақы өндіру барысына баса назар аударылуда, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.

Шара барысында қалалық Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Камалов, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Төребаев, Шымкент қаласының Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Мадияр Әбдібай сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Партиялықтар тарапынан мемлекетімізде жалпы заңдылық талаптарын сақталынуы бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, мәселенің шешілу жолдары талқыланды. Мәжіліс соңында бірлескен іс-шаралар өткізіп, нәтижелі жұмыстар атқару бойынша шешім қабылданды.

Медиаон ақпарат