Басты бет > Саясат > ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНІҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ БАСТАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНІҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ БАСТАЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалында «Transparency International Kazakhstan» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебінің семинар-тренингі өтуде.

«Transparency International Kazakhstan» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп жобасы жалпы 18 ірі қаланы қамтиды. Шымкентте басталған тренингке азаматтық белсенділер, БАҚ, ҮЕҰ өкілдері, ірі кәсіпорындардың заңгерлері, кәсіпкерлер, студенттер, оқытушылар, т.б., жалпы 50-ге жуық қатысушы өтінім берген.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының м.а. Гүлнұр Асылбекова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов тренингтің маңыздылығына тоқталып, семинарды ашып берді.
«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян алғаш рет ұйымдастырылған жазғы мектепке еліміз бойынша 1000-ға жуық өтініш түскенін айтып өтті.

Семинар төрт сессияға бөлінген. Онда, негізінен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық және қазақстандық жүйесі, азаматтық қоғамның рөлі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданбалы құралдар мен қадамдық ұсынымдар, тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастықтың нақты мысалдар, бизнестегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар туралы дәрістер айтылмақ.

Жазғы мектептің дәрісіне қатысушылар арнайы сертификаттарға ие болады.

Медиаон ақпарат