Басты бет > Саясат > Шымкентте Медиация тәртібімен некені бұзу туралы арыздар өз шешімін тапты

Шымкентте Медиация тәртібімен некені бұзу туралы арыздар өз шешімін тапты

Шымкент қаласының Абай аудандық сотының судья-медиаторы Е.Отарбаевтың көмегімен бір күнде он жұбайлардың арасындағы некені бұзу туралы талап қою арыздарымен қозғалған азаматтық істер қаралып, медиация тәртібімен аяқталды. Нәтижесінде 32 кәмелеттік жасқа толмаған балалар толыққанды отбасында тәрбие алатын болды. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Судья алдын ала сотқа дейінгі медиация тәртібімен реттеу бойынша тараптарды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның талаптары мен тиімділігін айтып өтіп, ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға екендігін түсіндірген болатын.

Түсіндірме жұмысы нәтижесінде тараптар өз қалауларымен медиациялық келісімді бекітуді сұраған. Келісімнің шарттары бойынша талап қоюшылар өзінің талап арызынан бас тартып, тараптар кәмелет жасына толмаған балаларына қамқорлық жасауға, материалдық жағдайын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Соттың ұйғарымымен тараптардың араларындағы түзiлген, дауды сот-медиация тәртібінде реттеу келісімі, ондағы шарттарымен қоса бекiтiліп, iс жүргізу өндiрiстен тоқтатылды. Бұл істер бойынша төленген мемлекеттік баж салықтары талап қоюшыларға қайтарылды. Ұйғарымдар заңды күшіне енбеген.

Медиаон ақпарат