Басты бет > Саясат > Шымкентте кәсіподақтар өкілдерінің үйлестіру кеңесі өтті

Шымкентте кәсіподақтар өкілдерінің үйлестіру кеңесі өтті

2019 жылғы 4 қыркүйек күні Шымкент қаласында өткен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің салалық кәсіподақтары аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесі кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібековтің Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жаңғырту жол картасын жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстары туралы жасаған хабарламасы

ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛ КАРТАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Еліміздің тұрақты дамуының басты көрсеткіштері – экономикалық және саяси жүйенің жаңғыруы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру.
Қазіргі сәтте еліміздің алдында тұрған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру – кәсіподақтардың басты міндеті болып табылады. Себебі, біз – азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің біріміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жүйесінде кәсіподақтардың рөлі маңызды екенін көрсете келе, Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуы тиістігін атап өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табады. Осы орайда бұл реформалар кәсіподақ қызметін бұдан әрі де жаңғырту және Еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыру үшін жаңа серпін беруі тиіс.
Бүгінде ҚРКФ кәсіподақтар қызметі «ҚР Кәсіподақтар федерациясының жаңғырту жол картасын» жүзеге асыруға негізделген. Бұл құжаттаұжымдық шарттар санын арттыру, еңбек дауларын шешу, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс орындарын сақтау, қауіпсіз еңбек шарттарын құру сынды өзекті мәселелерді шешу міндеті негізге алынған.
Кәсіподақтар қызметіндегі басым бағыттардың қатарында әлеуметтік әріптестік механизмдерін жетілдіру айрықша рөлге ие.
Кәсіподақ ұйымдарының жүйелі жұмысының арқасында мемлекеттік өкімет органдары, кәсіпорындар басшылары мен барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары арасында өзара байланыс жүйесінің тұрақты қызметін қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
ҚР Үкіметі, ҚРКФ және «Атамекен» ҰКП арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, сонымен қатар, 21 салалық және 16 аумақтық келісімдер кәсіподақтардың үшжақты комиссия, дағдарысқа қарсы штаб, қоғамдық және үйлестіру кеңестерінің отырысына кеңінен қатысуына мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі арасында, Шымкент қаласының әкімдігі арасында, сондай-ақ Шымкент қалалық және Түркістан облыстық «Нұр Отан» партиясымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылып, оны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қалалық және Түркістан облыстық әкімдіктері, кәсіпкерлік палаталары және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында үшжақты келісімдер жасалып, үшжақты комиссиялар нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың айқын дәлелі – Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдар санының 18-ден 23 салалық кәсіподақтарға артуы болып табылады. 40 мың еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Кәсіподақтардың кәсіпорындар мен ұйымдардағы белсенді жұмысының нәтижесінде ұжымдық шарттардың саны 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 16,1%-ға (77 750-ден 92 645-ке), ал 2016 жылмен салыстырғанда 24,3%-ға (2016 ж. – 70 142) артты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санынан алынған ұжымдық шарттар үлесі – 98%.
Түркістан облысы бойынша жалпы 6939 кәсіпорынның 4854 (70,0%) кәсіпорнында, Шымкент қаласы бойынша жалпы 21661 кәсіпорынның 1033 (4,8%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған. Жалпы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтармен 1137 ұжымдық шарттар жаңадан түзілген.
Әлеуметтік әріптестік аясында мүше ұйымдар тиісті салаларда кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіре алды.
Кәсіподақтар медиация және дүниежүзілік келісім арқылы еңбек дауларын кикілжіңсіз шешу жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударуда.
Ұжымдық еңбек дауларының алдын-алу мақсатында 2018 жылы ҚРКФ, Еңбек министрлігі және «Атамекен» ҰКП арасында Біріккен іс-қимылдар жоспарына (алгоритміне) қол қойылды.
Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстары ескеріле отырып, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен әлеуметтік шиеленісушіліктің алдын-алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу бойынша кешенді жоспар бекітілді.
Еңбек даулары туындауы мүмкін жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Біз мемлекеттік органдардың назарын «кикілжің алаңдарына», мәселелі кәсіпорындарға аударамыз. Осы орайда әлеуметтік шиеленісушілікке жол бермеу үшін әлеуметтік әріптестермен бірлесе шаралар қолдану қажет.
Осындай байланыстың арқасында «Оil Service Company» компаниясында (Маңғыстау облысы), Тобыл бекетінде (Қостанай облысы), «Мұнайфилдсервис» (Маңғыстау облысы), «СНПС Ақтөбемұнайгаз» (Ақтөбе облысы) және т.б. еңбек даулары бастапқы кезде ауыздықталды.
Біздің кәсіподақтар қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақы жүйесінде кемсітуге жол бермеу мақсатында елеулі жұмыстар атқарады. Еңбек ұжымдары тарапынан ереуілді жағдайлардың алдын-алу мақсатында шілде айында Ақтөбе облысында кәсіподақтардың, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің қатысуымен облыстағы ірі мұнай-газ кәсіпорындарындағы әлеуметтік-саяси жағдайларға қатысты мәселелер қаралды.
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Мұғалжар ауданы мұңайлы Жаңажол ауылында жер қойнауын пайдаланушылар және Ақтөбе облысының басшылығымен өткізген отырыста еңбектегі кемсітушілік фактілерін жою және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл отырысқа кәсіподақтар тарапынан Федерация төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты. Осы отырыс аясында кәсіпорын басшыларына қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасында ұқсас қызметтерде еңбекақы бойынша кемсіту фактілерін болдырмау туралы ұсыныстар берілді.
Кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі – еңбек дауларының алдын-алу және шешу. Оларды сотқа дейінгі тәртіпте келісу рәсімдері арқылы шешу үшін Жоғарғы сот және Кәсіподақтар федерациясы арасында тұңғыш рет өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында барлық аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 17 татуласу орталықтары құрылды.
2018 жылғы наурыздан бастап «Татуласу орталықтарында» 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді, оның еңбек дауларына қатысты 1590-ы оң шешімін тапты.
Татуластыру орталықтарында медиация жұмыстарын жүргізу бойынша Шымкент қалалық және Түркістан облыстық сотымен, Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығымен өзара ынтымақтастық Меморандумдарға қол қойылып, олармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қаласының әкімдігінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің, «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты 4 аудан әкімдігі мен 15 басқармасы арасында МЕМОРАНДУМдарға қол қойылып, жұмыстар жүргізілуде.
Шымкенттегі татуласу орталығында жалпы 392 адамға, оның ішінде дауларды шешу бойынша 242 іс қаралып, оның бәрі бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Олардың 16-сы еңбек дауы болса, оның бәрі бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Сонымен бірге 150 адамға психологиялық көмек көрсетілген.
Қазіргі таңда кәсіподақтар тарапынан кәсіби медиаторлар пулы қалыптасты және кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істейтін медиаторларды жүйелі оқыту ұйымдастырылды.
Еңбеккерлер құқығын қорғау ісінде ерекше маңызды құрал еңбек қатынастарын заңдастыру болып табылады.
Алғашқы жемісіміз – шағын және орта бизнес кәсіпорындарында мүшелігімізді кеңейттік. «Yntymag» салалық кәсіподағы осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізуде.
Сондай-ақ, бұл бағытта 2018 жылғы 1 наурыздан бастап әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарып келе жатқан «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы өз үлесін қосуда.
Акция барысында еліміз бойынша 12 мыңнан аса жұмыс берушілер еңбек шарттарын бекіту арқылы 40 мың жұмысшымен еңбек қатынастарын заңдастырды. Оның ішінде, Түркістан облысы бойынша 9154, Шымкент қаласы бойынша 86 жұмысшымен еңбек қатынастары заңдастырылған.
Бұл өз кезегінде жұмысшыларға әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін еңбек қатынастарының заңды алаңына оралуға мүмкіндік берді.
Кәсіподақтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс берушілермен жұмыстарын өзектендірді. Бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау бойынша 126 мыңнан аса меморандум бекітілді, еліміз бойынша 2 млн. 292 мың еңбеккерді қамтыды.
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі – лайықты еңбек шарттарын қалыптастыру, лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету.
Еліміздегі басты мәселелердің бірі төменгі еңбекақы деңгейі болып табылады.
Өздеріңіз білетіндей, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мақсатында ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есеге, 28 000-нан 42 500 теңгеге артты. Бұл шара түрлі меншіктегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамға тікелей қатысты.
Кәсіподақтар жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыруға жүргізілген мониторинг бойынша республикалық және аймақтық штабтар жұмысына белсенді қатысуда.
Мүше ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ірі компаниялармен жалақысы төмен еңбеккерлердің еңбекақысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.
2019 жылғы 1 тамызда республика бойынша 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 млн. еңбеккердің жалақысын арттырды, олардың 1916 – ірі, 2916 – орта және 194 мың – шағын кәсіпкерлік субъектілері.
Жоғарыда көрсетілген кәсіпорындарда жалақысы төмен еңбеккерлердің орташа еңбекақысы 31%-ға артты.
Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 70 астам ірі және орта кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ірі, шағын және орта 261 кәсіпорындарында16722 жұмыскердің жалақысы орташа есеппен 22%-ке өскені айқындалды.
Кәсіподақтардың бастамасымен базалық лауазымдық еңбекақыны анықтау әдістемесін қайта қарастыру, ең төменгі еңбекақының еңбек төлеміне ықпалы және барлық санаттағы жұмысшылар үшін тарифтік мөлшерлеме көлемін қайта қарау мәселелері көтерілді.
Қазіргі таңда салалық келісімдерге, ұжымдық шарттарға тарифтік мөлшерлеме көлемдері мен разрядаралық коэффиценттерді өзгертуге қатысты өзгерістер мен қосымшалар енгізу жұмыстары өткізілуде.
Кәсіподақтар федерациясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ең төменгі жалақыны белгілеу үшін критерийлерді анықтау, сондай-ақ, ауыр, зиянды және қауіпті еңбек шарттарында жұмыс істейтін еңбеккерлердің бірыңғай жалақы жүйесін әзірлеу қажеттігі туралы өтінішке бастамашы болды.
Бүгінде кәсіпорындардағы (қазіргі және мерзімі өтіп кеткен) қарыз 37 кәсіпорындағы 1540 жұмысшы алдында 501,7 млн. теңгені құрайды.
Түркістан облысында 2019 жылдың басынан бері 2 мекеменің 73 жұмыскер алдындағы 43,735 млн. теңге жалақы қарызы өтеліп, олар толығымен жойылып отыр. Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың басынан бері 9 мекеменің 819 жұмыскер алдындағы 121,8 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен оның саны 3 мекемеге азайды және 740 жұмыскердің 107 млн. теңге жалақы қарызы өтелді. Ал, 6 кәсіпорындағы 79 жұмыскердің алдындағы 14,6 млн. теңге жалақы қарызын өтеу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бізге Қазақстанның әр кәсіпорнында әлеуметтік тұрақтылықты қолдау механизмдері мен стандарттарын әзірлеу қажет.
Сонымен қатар, біз 2020-2025 жылдарға арналған «Лайықты еңбек – адам әл-ауқаты мен мемлекеттік даму негізі» ұлттық бағдарламасын әзірлеудің уақыты келді деп есептейміз. Бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстанда ХЕҰ-ның лайықты еңбек тұжырымдамасында қалыптасқан лайықты еңбек стандарттарын насихаттау болып табылады.
Соңғы жылдар ішінде ҚРКФ жұмысшылардың жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек шарттары мен олардың денсаулығын сақтау бойынша заңды мүдделерін жүйелі түрде қорғауда.
Осы мақсатта еңбекті қорғау туралы заңнаманы жетілдіру, алдыңғы тәжірибені насихаттау, мемлекеттік басқару органдарымен өзара байланыс, бақылау және тексеру сынды құралдар кеңінен қолданылды.
Әлеуметтік әріптестік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз республикадағы еңбекті қорғауға деген қарым-қатынасты нақты өзгерте алдық.
Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылды – Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы деп хабарлады. Барлық өңірлерде кәсіподақтардың бастамасымен «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілді және жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы заңнаманы әрі қарай да жетілдіру бойынша жұмыс тобының жұмысына қатыса отырып, еңбек заңнамасына өндірісте еңбекті қорғауды басқару жүйесінің міндеттілігі туралы, сонымен қатар, жұмыс берушінің Өндірістік кеңестің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды жақсарту жөніндегі ұсыныстарын орындамағаны үшін жауапты болуы туралы нормаларды ұсынады.
Жұмысшылардың еңбекті қорғау жүйесін басқаруға қатысуының ұтымды механизмі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер болып табылады. Кеңестерді құру және қызметі ҚР Еңбек кодексінің 203-бабында бекітілген. Кәсіпорындарда 14792 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылған және жұмыс істейді, олардың 79,4%-ы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. Кәсіподақтар тарапынан 18 мың техникалық инспекторлар бұл мәселеге қоғамдық бақылау жасайды.
2018 жылы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 70 мыңнан аса тексеріс өткізіп, еңбекті қорғау және қоршаған ортаға қатысты 126 мың заң бұзушылық анықтады. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жұмыстарды тоқтата тұру туралы 322 талап қойылды.
Оның ішінде, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 586 тексерулер өткізіліп, нәтижесінде 477 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер түзетілген.
«Атамекен» ҰКП және Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге 2018-2019 жылдарға арналған «Еңбекті қорғау саласында алдын-алу мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясы іске қосылды. Бұл, өз кезегінде, жұмыс берушілердің қоғамдық бақылау институтын дамытуға және жұмысшылардың пайдалы және қауіпсіз еңбек шарттарын құруға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен 2019-2023 жылдарға арналған ҚР өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы бекітілді.
ҚРКФ республика бойынша «Нөлдік жарақаттанушылық» тұжырымдамасын насихаттау туралы бастама көтерді. Кәсіподақтар жұмысының маңызды нәтижесі – 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) арасында «Нөлдік жарақаттанушылық» тұжырымдамасын алға бастыру бойынша өзара түсінушілік және әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – кәсіподақтар мен еліміздің өзге де қоғамдық құрылымдарының ерен еңбегінің табысты жетістігі. Бүгінгі таңда кәсіподақтар өңірлерде осы түжырымдаманы насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Әлеуметтік әріптестердің біріккен жұмысының нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда өндірісте зардап шеккендер санының 6,6%-ға (1678-ден 1568-ге), соның ішінде өлімге алып келген жағдайлардың 11,5%-ға (244-тен 216-ға) азаю үрдісі байқалады.
Оның ішінде, 2019 жылдың 6 айында Оңтүстік өңірі бойынша жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 оқиғаға азайды.
Оның ішінде, Түркістан облысы бойынша 7 оқиғаға азайса, ал Шымкент қаласы бойынша 13 оқиғаға азайған.
Ал, Оңтүстік өңірі бойынша зардап шеккен адамдар саны 18-ге, қайтыс болғандар саны 6-ға, ауыр жарақат 11-ге, жеңіл жарақат 1-ге азайған.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әділдік қағидаларын насихаттай отырып, жұмысшылардың әлеуметтік шарттарын жақсарту және олардың мәртебесін арттыру бойынша бірқатар іс-шараларды қолға алды.
Мәселен, 2019 жылдың қаңтарынан ҚР Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, облыстық және аудандық медициналық ұйымдардағы жас мамандарды қолдау мақсатында 500 000 теңгелік сертификаттар бекітті. Бүгінде 40 миллион теңге көлемінде сертификаттар берілді. Сондай-ақ, кәсіподақтар есебінен жас мамандар тұрғын-үйге бастапқы жарнаны төлеу үшін 45 миллион теңге көлемінде 33 тұрғын-үй сертификаттары берілді.
Оның ішінде Шымкент қаласынан 3 адамға сертификат берілді.
Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен 2018 жылғы 1 қаңтардан азық-түлік және азық-түлік емес бөлімнен тұратын ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы өзгертілді. Бұл ара қатынас 60%-да 40%-ға дейін, 55%-да 45%-ға дейін көрсетілген. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ақшалық көрсетілімі 15%-ға (24 459-дан 28 284 теңгеге), 2019 жылғы 1 қаңтардан 17,7 %-ға (29 698 теңге) артты.
Кәсіподақтар заңдық және құқықтық алаңда белсенді жұмыс істейді. Кәсіподақтар федерациясы басқа кәсіподақ бірлестіктерімен бірлесе отырып, ХЕҰ-ның ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға ұсыныстар пакетін, сондай-ақ, Қазақстандағы қарыз еңбекті реттеу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі және Үкіметке енгізді.
Сонымен қатар, қазіргі Еңбек кодексі еңбеккерлер тарапынан көптеген келіспеушіліктер туындататынын атап өткен жөн. Сондықтан да, жаңа Еңбек кодексін әзірлеу қажет. Жаңа Еңбек кодексінде жұмысшылардың бұрыңғы кепілдері мен құқықтарын қайтару, жүйелі әлеуметтік әріптестікті күшейту, кәсіподақтардың заңнамалық беделін арттыру және жұмысшылардың мүдделерін кемсітетін нормаларды алып тастау қажет.
2018 жылы кәсіподақтардың бастамасымен ҚРКФ төрағасы алғаш рет Үкімет жанындағы заң жобалау қызметі бойынша ВАК құрамына кірді.
Есептік кезеңде ҚРКФ өкілдері 40 отырыстың жұмысына қатысты, ВАК үшін заң жобалары мен тұжырымдар бойынша 11 сараптамалық қорытынды дайындалды.
ҚРКФ және мүше ұйымдар қызметінің ашықтығы қағидасына негіз болған жаңа Жарғы мен Тексеру комиссиясы туралы ережені қабылдаған Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс 25 съезі кәсіподақтарды нығайту және біріктіру ісінде маңызды қадам болды.
ҚРКФ Жарғысына сәйкес барлық мүше кәсіподақ ұйымдары өздерінің қаржылық-шаруашылық қызметінің қорытындыларын Федерацияның бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялап отыруға міндетті.
Сондай-ақ, Жарғыда ҚРКФ төрағасының өкілеттік мерзімі – сайлану құқығы бес жылда бір рет деп көрсетілген. Сонымен қатар, төрағаны сайлау үшін жастық шектеу – 65 жас. Бүгінде кейбір салалық кәсіподақтар өз жарғыларына осы нормаларды енгізді. Осыған ұқсас «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Жарғысына да осы нормаларды енгізген.
Кәсіподақтарды ұйымдық нығайту және кәсіподақ мүшелігіне ынталандыруға ерекше назар аударылуда.
Барлық кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 32 пайызына жуығын құрайтын еңбекші жастармен жұмыс өзектендірілді.
Қазіргі таңда кәсіподақ жастар кеңестерінің көшбасшылары Қазақстанның барлық аймақтарында құрылған бірыңғай ұйымға «Келешек» республикалық жастар кеңесіне біріккен.
«Келешек» кеңесінің рөлін нығайту мақсатында Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ қозғалысын бұдан әрі де дамыту бағытында идеялар мен жобаларды белсенді түрде ұсынып отыратын жас кәсіподақ көшбасшылары үшін Қазақстанның барлық аймақтарында жеке штат бірліктерін бөлді. Кәсіподақтар федерациясының жас белсенділері бірқатар іс-шаралар өткізді. Олардың ішінде ең маңыздылары Жамбыл облысында еңбекші жастар форумы, Солтүстік Қазақстан облысы Покровка а. ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумы, Ақмола облысы Бурабай а. жас мемлекеттік қызметшілер форумы болды.
Сонымен қатар, кәсіподақтарды алаңдататын тағы бір мәселе – бұл жастарды жұмыспен қамту мәселесі. Еліміздегі қазіргі жағдай бойынша жастар арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейін көруге болады. Бұл ретте жұмыссыздық кезеңдерінің ұзақтығы ерекше алаңдаушылық тудырады.
Жастарды тиімді жұмыспен қамту мақсатында кәсіподақтар еңбек нарығында жастарды қорғаудың жаңа механизмдері мен жұмыс берушілерді жастарды жұмысқа тартуға, соның ішінде жас мамандарға алғашқы жұмыс орындарын ұсынуға экономикалық ынталандыру шараларын заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынады.
Құқықтық жалпы оқытудың бірыңғай сапалық жүйесін құру арқылы жұмысшылардың құқықтық мәдениетін арттыруға және кәсіподақ активін оқытуға баса назар аударылды.
Кәсіподақтар федерациясы «Самрұқ-Қазына» АҚ бірге 2018 жылғы мамырда (Маңғыстау облысында) «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» пилоттық жобасын іске қосты.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы қарқынды жұмыс істеуде. Есептік кезең ішінде 70 оқыту семинарлары өткізілді, 2 мыңнан аса адам қатысты.
2018 жылы Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығында біліктілікті көтеру мен қайта мамандар даярлау бойынша оқу орталығы ашылып, 8 мамандық бойынша (аспаз, жиһаз жинақтаушы, ағаш пен қыштан бұйым жасаушы, мата және гобеленнен көркем зат жасаушы, киім пішуші, кілемші, көлік жүргізушісі) жалпы 178 адамы оқуын сәтті аяқтап, куәліктерін алған және 20 адам жұмысқа орналастырылған.
Кәсіподақтардың бастамасымен Павлодар мемлекеттік университетінің басқару және саясаттану кафедрасының базасында кәсіподақ кадрларын дайындау бойынша профильдік магистратура ашылды, қоғамдық ғылымдар магистрі академиялық дәрежесі беріледі.
Кәсіподақтар федерациясының ынтымақтастықты нығайту бойынша қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халықаралық әріптестік.
Есептік кезең ішінде Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіподақ қызметіне қатысты 50 халықаралық іс-шараларға, соның ішінде еңбек саласы бойынша үш маңызды халықаралық шараға қатысты: Халықаралық еңбек ұйымының 107, 108-сессиялары (Женева қаласында 2018 жылғы 31 мамыр – 8 маусым, 2019 жылғы 14-19 маусым аралығында) және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының 4-ші дүниежүзілік конгресі (Копенгагенде 2018 жылғы 2-7 желтоқсан аралығында).
Кәсіподақтар федерациясының алаңында халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен 21 кездесу өтті, Түркияның (MEMUR-SEN), Арменияның (Арменияның кәсіподақтар конфедерациясы) және Малайзияның (Малайзияның кәсіподақтар конфедерациясы) кәсіподақ бірлестіктерімен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Жапонияның JILAF халықаралық еңбек қорымен және Түркияның кәсіподақ орталықтарымен (MEMUR-SEN, HAK-IS) кәсіподақ көшбасшыларын оқыту және біліктіліктерін арттыру бойынша ұзақмерзімді сындарлы байланыс орнатылды. Осы орайда 2019 жылғы наурызда ХЕҰ-ның жүзжылдығына арналған «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» тақырыбындағы халықаралық конференцияны ерекше атап өтуге болады. Бұл конференцияға Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), сондай-ақ, Жапония, Әзірбайжан, Беларус, Малайзия, Моңғолия және Түркияның кәсіподақтары қатысты.
Есептік кезеңде кәсіподақтардың қаржылық және мүліктік мүдделерін қорғау, кәсіподақ мүлкін тиімді пайдалану жұмыстары бірқатар күшейтілді.
Ұжымдық басқаруды қолдану есебінен үлеспайда артты, шығындар оңтайландырылды. Директорлар және басқарма кеңестері құрылды, ішкі аудит қызметі енгізілді, менеджмент жақсартылды.
Бұл, өз кезегінде, шипажайлар қызметінен үлеспайда деңгейінің өсіміне алып келді. Осылайша, 2018 жылы (708,6 млн. теңге) 2017 жылмен (473,6 млн. теңге) салыстырғанда 1,5 есе, 2016 жылмен (240,5 млн. теңге) салыстырғанда 3 есе артты.
Материалдық-техникалық базаны жақсарту, азаматтарды емдеу және демалысты қамтамасыз ету кезінде қызмет көрсетуді жаңа жоғары сапалық деңгейге шығару бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Алғаш рет шипажайларда жалпы сомасы 836 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жасалды. Бірінші кезекте, қаржы жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген және ескі күйде болған объектілерге бағытталды: «Щучинский» шипажайы, «Алакөл» және «Ақмола турист» турбазалары. Сондай-ақ, жеке шипажайларда есептік кезең ішінде жөндеу жұмыстары өткізіліп, негізгі құрал-жабдықтар жаңартылды. Осы іс-шаралар 2018-2019 жылдары өткен жылдармен салыстырғанда демалушылар ағынын 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша салалық кәсіподақтармен 138 саяхатқа шығу іс-шарасы өткізілген, 2438 адамға шипа-жайларға жолдамалар берілген, 987 балаға балалар лагеріне жолдамалар берілген, сондай-ақ фитнес клубтарға 110 абонимент берілген және 3465 адамға әлеуметтік көмектер көрсетілген. Кәсіподақтар орталығының «ПРОФТУР» туристік орталығы 13 шипажаймен агенттік келісім жасап, алғашында 75 жолдама өткізілсе, оның 71-і шипажайларға және 4-уі балалар жазғы лагеріне берілген.
Кәсіподақтың қонай үй кешендеріне елеулі жұмыстар жүргізілді. 2018 жылға дейін қонақүйлердің біреуі де табыс әкелмегенін ескере отырып, инвесторларды тарту және менеджментті жақсарту шаралары қолға алынды. 2018-2019 жылдары инвесторлар есебінен қонай үй кешеніне (Қостанайтурист, Павлодартурист, Ақмолатурист) салынған инвестициялар – 364,4 млн. теңге.
Осы шаралар мүліктің сақтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қонақ үйлерді бәсекеге қабілетті және табысты етуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, 2018 жылы барлық аймақтық ғимараттарда 84,5 млн. теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,1 млн. теңгеге көп. Ірі жөндеу жұмыстары Павлодар және Қарағанды облысының кәсіподақ сервистеріне, соның ішінде Кәсіподақтар федерациясының бас кеңсесіне жасалды. Нәтижесін айқын көруге болады.
Адам капиталын дамытуға бағытталған Кәсіподақтар федерациясының арнайы жобаларын жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды.
Қазіргі таңда «PechaKucha» жастардың интеллектуалдық конференциясы сәтті жүзеге асырылды. Осылайша, 2018-2019 жылдары 10 «PechaKucha» интеллектуалдық конференциясы өтті, жалпы 5000 жастар қамтылды.
Ағымдағы жылғы тамызда кітаптар оқып, ой-пікір алмасу және алынған біліммен бөлісу үшін интеллектуалдық нетворкингке арналған «ProfBookClub» жобасы жүзеге асырылды.
Қазақстанның барлық кәсіподақ орталықтарының базасында осындай клубтарды ашу жоспарлануда.
2018 жылғы қарашада ҚРКФ жанында «Қазақстандық кәсіподақтардың спорттық-сауықтыру қоғамы» ҚҚ құрылды. Негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты қолдау және дамыту.
Еңбеккерлердің алғашқы республикалық саларалық спартакидасы өткізілді. Спартакиадаға 12 республикалық салалық кәсіподақтардын тарапынан 500-ден аса адам қатысты. Басқа әріптестермен бірге «Астана футбол лигасы» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жобаға еңбек ұжымдарынан 40-тан астам топ қатысады.
Жол картасы аясында барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қысқа уақыт ішінде кәсіби қауымдастықта кәсіподақ құндылықтарына қызығушылық артты, билік пен жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылардың мәселелеріне айрықша көңіл бөліне бастады, ҚР Кәсіподақтар федерациясының қоғамдағы танымалдылығы артты.
Жол картасында көрсетілген міндеттер сәтті жүзеге асырылды.
Дегенмен, кәсіподақтар реформаларының қарқынын азайтпаған жөн.
Алда атқарылатын жұмыс әлі көп дейді  «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Әуесханов Серік Елемесұлы.

Медиаон ақпарат