Басты бет > Саясат > Шымкентте зейнеткер қариялар мен жетім балалар араласатын Белсенді өмір сүру орталығы ашылды

Шымкентте зейнеткер қариялар мен жетім балалар араласатын Белсенді өмір сүру орталығы ашылды

Бүгін Шымкент қаласында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға арналған Белсенді өмір сүру орталығы ашылды.

Ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындармен есепті кездесудің бірінде жасы егде әйелдің зейнеткерлер бос уақытында келіп бір-бірімен араласатын, осындай дамытатын орталық ашылса екен деп ұсыныс білдіргенін айтты.

«Бұл орталықта қарттарымыз бір-бірімен араласып, олардың өмірін ұзартады деп сенім білдіреміз. Сонымен қатар, мұнда жетім балалар келіп тұратын болады. Мүмкін жетім балалар өздеріне ата-әже, ал ата-апаларымыз өздеріне немере тауып алатын шығар. Келешекте Шымкент қаласында балалар үйі деген болмауы керек. Бүгінгі орталықтың ашылуы құтты болсын», – деді орталықтың ашылуында сөз сөйлеген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкент қаласы әкімдігінің «Асыл жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Белсенді өмір сүру ұзақтығы» ғимараты үш қабаттан тұрады. Орталық арнайы заманауи құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) және балаларға арналған ойын бөлмелерімен қамтылған.

Орталықтың негізгі мақсаты – жасы егде, өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттарға және зейнеткерлерге денсаулық жағдайына байланысты жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету. Орталық 70-ке жуық қарттар үшін тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетеді.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 78 800 зейнеткер бар.  Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, орталық екі ауысымда таңертеңнен түске дейін, түстен кешке мезгілге дейін жұмыс істейді.

«Бұл мекеменің ашылу мақсаты – аталарымыз бен апаларымыз зейнетке шыққанға дейін белсенді, қоғамға араласып жұмыс істеп жүрген кісілер еді. Зейнетке шыққан соң олардың белсенділігі бәсеңдеп, үйден шықпай қалады. Сол кісілердің өмір сүру белсенділігін арттыру үшін қала әкімінің бастамасымен осындай орталық аштық. Бұл ғимаратты жалға алып отырмыз. Барлық қариялар осында келіп компьютер сауаттылығын үйренуіне болады. Шетелде немесе Қазақстанның басқа өңірінде жүрген бала-шағасы, немересі болса скайп арқылы сөйлесе алады. Орталық енді ашылып жатқандықтан қазіргі таңда 20 шақты қызметкер бар. Мекеме жергілікті бюджеттен қаржыландырылады», – деді Ғалымжан Талғатұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл бастама оң нәтижесін беріп жатса, басқа да аудандардың көлемінде осындай орталықтар ашуға атсалыспақ.

Осылайша орталыққа келетін қариялардың өткен өмірлік тәжірибесін үлгі-өнеге ретінде жетім балалар бойына сіңіре отырып, олардың қоғам алдында өздерін жауапты тұлға сезінуіне, елінің патриоты болуы бағытында да бірқатар мәдени іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

Медиаон ақпарат