Басты бет > Саясат > Шымкентте жас кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-супермаркет» ашылады

Шымкентте жас кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-супермаркет» ашылады

Бұл туралы «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Әлеуметтік қамсыздандыру: онжылдықтың 10 мақсаты» мен «Nur Otan» партиясының XVIII съезінің қорытындысын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған жастармен кездесу барысында айтылды.

Жастармен кездесуге қоғам қайраткерлері, съезге қатысқан делегаттар, партия филиалының басшылығы, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында «Nur Otan» партиясы отандық бизнесті және кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдайды жақсартуды қолдайтынын атап өтілді. Осы мақсатта жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырып, бизнес-бастамаларын дамыту бойынша шаралары қабылдануда.

Партиялық бағдарламаның бесінші мақсаты – елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылып отырған жұмыстар

жайлы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұркен Бегулиев хабарлама жасады.

– Мемлекет басшысының съезде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында сәуір айында «Бизнес-супермаркет» ашылмақ. Ол жерде кез келген жас кәсіпкер «бір терезе» қағидасы бойынша бизнес-план жасау, құжаттар жинау, салықтар бойынша кеңес алып, несие рәсімдейді. Сондай-ақ, жаңа бағдарлама аясында жас кәсіпкерлер несиені рекордтық төмен тарифпен ала алады. Жас кәсіпкерлер несиені 8,5%-бен алады, 7,5%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады, сондықтан ай сайынғы төлем тек 1%-ды құрайды. Бұл өз ісін бастауға тамаша мүмкіндік болғандықтан, мен жастарды бағдарламаға қатысуға шақырамын, – дейді басқарма басшысы.

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков «Nur Otan» партиясының ХVІІІ сьезінде қабылданған 2030 жылға дейінгі «Әлеуметтік қамсыздандыру: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасында шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыспен қамту және нәтижелі жастар саясатын жүзеге асыру мәселелеріне үлкен назар аударылғанын айтып өтті.

– Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарды қолдау. Жастар – әр мемлекеттің болашағы. Біз жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жастар саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыруды көздейміз. – партияның мүшесі атап өтіп, партиялық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтты.

Сондай-ақ, кездесу барысында съезд делегаттары: Сайрам көмекші мектеп-интернатының директоры Жадыра Таңатарова, механикалық зауыт директоры Мейрбек Кушенов, партия ардагері Бердіқұл Туяқбай съездде Елбасының сөйлеген сөзі және «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары туралы айтып өтті.

Кездесу барысында жастар қызықтыратын сұрақтарын қойып, аға буыннан толыққанды жауаптар мен кеңестер алды.

Медиаон ақпарат