Басты бет > Саясат > Шымкенттегі «Біздің жұмысымызды бағалаңыз» акциясының қорытындысы

Шымкенттегі «Біздің жұмысымызды бағалаңыз» акциясының қорытындысы

16
views

Осылайша, ел аумағындағы үшінші мегаполис қаланың әкімдігі әрбір сала жұмысындағы ең өзекті мәселелерді анықтауды қолға алды. Сауалнаманың қорытындысы бойынша, жол картасы, яғни, азаматтардың өтініштері бойынша түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған әкімдік әрекетінің жоспары дайындалмақ.

Сауалнаманың нәтижесі бойынша, шағымның басым көпшілігін құраған 2074 азамат қоғамдық көліктің жұмысы мен автожолдардың сапасына қатысты пікір білдірген. Азаматтар жолаушылар көлігінің жетіспеушілігін, қызмет көрсету сапасының төмендігін айтып шағымданыпты. Тағы бір өзекті мәселе ретінде, жол қалташалары мен павильондардың аздығы сынға алынған. Тұрғындар сонымен қатар, назардан тыс қалып қойған кейбір қала көшелеріне қиыршық тас немесе асфальт төсеуді сұрады.

Сауалнама қорытындысында, екінші орын — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болуда. Аталмыш сала бойынша 1995 шағым түсіпті. Қала тұрғындарының негізгі сауалдары коммуналдық жәрдемақылардың жоқтығына, сондай-ақ, аула аумақтарын абаттандыруға және қоқыстарды жоюға қатысты болды.

Жергілікті полиция қызметі үшінші орынға ие, нақты айтқанда, бұл сала бойынша 1328 шағым тіркелген. Азаматтар полиция қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындамайтынын және қызмет сапасының нашар екенін атап өткен.

Жер қатынастары саласының мәселелері қала тұрғындарын да алаңдатады. Бұл салада 180 азамат жер телімдерін бөлу және оларды одан әрі заңдастыруға байланысты, сондай-ақ мемлекет мұқтаждығына алынған жер телімдеріне берілетін өтемақы сомасының тым төмендігін өткір сынға алған.

Мектептер мен балабақша ғимараттарының құрылысы да өзекті мәселелер қатарында. Бұл сала бойынша 218 шағым қабылданған. Қаланың емханалары мен ауруханаларында көрсетілетін қызмет сапасы да осы көрсеткішке жетеқабыл.

Айта кетейік, сауалнама барысында барлығы 10 000-ға жуық шағым қабылданған. Сауалнама оф-лайн режимінде де, онлайн жүйесінде де жүргізілді. Акцияның мерзімі 4 тамызға дейін, яғни, шектеулі болғанымен де, азаматтардың сауалдары мен шағымдарын қабылдау мұнан әрі де әкімдіктің әлеуметтік желілерінде жалғасын табатын болады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *