Басты бет > Қоғам > “Ухит – сухит” Майрихов пен Мұхит немесе Сарыағаш “районосы” сыбайластардың инкубаторы ма?

“Ухит – сухит” Майрихов пен Мұхит немесе Сарыағаш “районосы” сыбайластардың инкубаторы ма?

Біздің сайттың басты мақсатының бірі  – өңіріміздің білім саласында болып жатқан тың жаңалықтармен қатар көлеңке түсіретін жайттарды да назардан тыс қалдырмау. Ол туралы газетімізде айтып та жазып та келеміз. Бүгін «Сарыағаш-Информ» газетінің 30 тамыз күнгі №4 санында жарияланған төмендегі мақаланы жариялауды жөн көрдік.

             Егер жаңылыспасақ, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бастығының  “орынбасары” деген штат, 2009 жылы Мақсат Мырзабаев әкім болып тұрған тұста ашылып, оған Дербісек ауылындағы мектеп директоры Бауыржан Майрихов дегенді әкеп тағайындаған. Ә дегенде, 150-ге жуық мектебі бар үлкен ауданымыздың білім бөлімінің басшысының орынбасарлығына, барып-барып Бауыржанды тағайындағандарына таңқалғамыз. Сөйтсек, сол кезде Президент Әкімшілігінде “дөкей” қызмет атқарып жүрген жиені Ғабидолла Әбдірахимов “әләу!” деген құсайды. Сонымен, мемлекеттен жыл сайын бөлінетін қыруар қаржының 70 пайызын жарататын аудандық білім бөлімінде екінші тұлға болып шыға келген Бауыржан Майрихов, ай көрсетті ғой көресіні!

Сол “көресінің” біз білетін біріншісі. Білім саласында, жыл сайын мұғалімдерге жоғары, бірінші, екінші санаттар берілетінін және сол санаттарды иеленген мұғалімдердің  айлықтарына мемлекеттен қосымша қаржы төленетінін білеміз.  Кім біледі Астанадағы дөкей жиенінің беделі ме,  көп ұзамай, Бауыржан Майрихов сол санат беру комиссиясының да төрағасы болып бекітіледі. Сол сол-ақ екен Сарыағашта санаттар мұғалімдерге “оптом” берілу басталады! “Мұғалім жоғары білікті санатқа еге болу үшін республикалық немесе халықаралық деңгейдегі пән олимпиядаларының, шығармашылық конкурстардың, ғылыми және спорттық жарыстардың қатысушыларын дайындаған тұлға болу керек” деген министрдің бұйрығына қарамастан, айналдырған 2-3 жылдың ішінде, қайдағы бір грамоталар, мақтау қағаздары сияқты бірдемелердің негізінде, Сарыағашта 900-ге жуық мұғалім жоғарғы санаттың иегері болып алады! Бауыржан Майриховтың “ухит-сухитінің” арқасында, ауданымыз лезде жоғарғы санатты мұғалімдер санынан бүкіл Қазақстанда ең жоғарғы деңгейге бір-ақ шығады да, ал білім сапасынан ең төменгі деңгейге бір-ақ түседі! Майриховтың саны бар, сапасы жоқ санаттарының салдарынан мемлекеттің 1 миллиард теңгеге жуық қаржысының мақсатсыз жаратылып жатқанына бей-жай қарап отыра алмай, 2014 жылы ең бірінші дабылды біз қақтық! Сөйтіп облыстық “финпол” келіп тексеріп, көздері жетіп, алайда неге екені белгісіз, қылмыстық іс қозғамай, тек “сыбайласқаны үшін Бауыржан Майриховты қызметінен босатылсын” деп, ұйғарым шығарып кеткен. Ауданда оңды-солды санат беру де сап тиылды! Олар кеткесін, Бауыржан Майрихов “ухит қылды, сухит қылды”, әйтеуір өзінің орынбасарлық қызметінде қалып кетті! Өзі ғана қалып кеткенімен қоймай, дәл сол күні оған да “сыбайласқаны үшін қызметінен босатылсын” деген ұйғарым шыққан, қылмыстық әлемде ондайларды “подельнигі” дер еді, Қалғансыр ауылындағы С.Сейфуллин мектебінің директоры Ынтықбай Саховты да, қатаң сөгіс беріп қана, директорлық қызметінде қалдырған ғой!

Сол кезде, сатылған санаттардың салдарынан желге ұшқан мемлекеттің 1 миллиард теңге қаржысына қатысты факт бойынша, облысымыздың прокуроры генерал Ибраһим Имановқа ресми хатпен шықсақ та қылмыстық іс қозғалта алмай қойғанбыз. Биыл жазда Президент Әкімшілігіне тікелей жүгініп, қылмыстық кодекстің “ресми құжаттарды жою” деп аталатын бабымен ақыры қылмыстық іс қозғалттық. Қазіргі таңда тергеп тексеру амалдары жүріп жатыр! Егер Бауыржан Майрихов аудандық прокурордың тергеу саласы бойынша орынбасары болып тағайындалып келген Файзулла Тұрымовтың әйелі Гүлмира Тағаеваны білім бөліміне әдіскер етіп заңға қайшы қабылданғанын алға тартып, ол қылмыстық істі тоқтатқызып тастамаса, яғни “ухит-сухит” қылмаса, нәтижесі де қылаң беріп қалар! Яғни бұл “ухит-сухит” Бауыржан Майриховтың ұстаздықтан гөрі “басқа саланың” маманы екенін айқындап тұрған жоқ па?!

Енді Бауыржан Майриховтың аудандық білім бөліміндегі тендерге қатысты “ухит-сухитына” келсек, Карл Маркстың “Капиталының” қалыңдығындай кітап шығады екен! Майриховтың басшылығымен 2013-ші жылы білім бөліміне қажетті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге жалпы сомасы 236 миллион теңгеге, 15 аукцион, жалпақ тілмен айтқанда, 15 тендер өткізілген екен. Бірақ сол 15 аукционның 15-інде, Майрихов “ухит” қылып, “сухит” қылып аукциондық комиссия шешімдерісіз-ақ өткізіп жіберген ғой! Ал енді 2014 жылғы тендер бойынша оның “ухиті” мен “сухиті” 2013-ші жылдағыдан да асып түседі! Қысқасы, “облыстық финконтроль” түзген бақылау қорытындысына сенсек, Бауыржанның басшылығымен білім бөлімінде 2013-2014 жылдары өткізілген тендер бойынша 1 миллиардтан аса теңгенің заңбұзушылықтары анықталып, оның ішінде тендер қорытындысына әсер ететін сомасы 968 миллион теңгені құраған! “Жемқорлықпен аяусыз күресіп қарқылдатып жатырмыз” дейтін біздің өңірдің құқыққорғау органдарының құлақтарына алтын сырға, неге қылмыстық іс қозғалмаған Майрихов Бауыржанға?!?

Бауыржан Майриховтың 2015 жылы не істегенін білмейміз, біздің өзіміздің басымызға іс түсіп, оны назарымыздан тыс қалдырып алған едік. Алайда ол “ухит-сухитін” 2015-ші жылы да армансыз жалғыстырған екен. Сөйтіп құқыққорғау органы тағы тексеру жүргізіп, тағы да қылмыстық іс қозғамай, тағы да “Бауыржан Майриховты қызметінен босатылсын” деп ұсыныс енгізіпті. Ол ұсынысты алқада қараған облыстық тәртіптік кеңес “Майрихов қызметінен босатылсын” деп, енді өздері, Сарыағаш аудандық әкіміне ұсыныс жолдайды. Сөйтіп былтырғы аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың пәрменімен Бауыржан Майрихов білім бөлімінен аластатылған еді. Бірақ не әкім, не білім бөлімі Майриховтың “ухит-сухитын” есепке алмапты….! Яғни, білім бөліміне былтыр жаңадан тағайындалып келген басшы Мұрат Маханов 12.07.2016 жылғы №71-к санды бұйрығымен Бауыржан Майриховты қызметінен босатуға бұйрық шығарады. Екі айдан кейін, мән беруді өтінемін, өзін қызметтен босатқан бұйрық шыққасын екі айдан кейін,  Бауыржан Майрихов, дәл сол бұйрық шыққан 12-ші шілде күнімен “Көктөбе” ауылдық емханасының дәрігері Есенбекова Балжанға, қылмыстық жолмен, “левый больничный”, еңбекке жарамсыздық парағын аштырып алады. Сөйтеді де, “мені қызметімнен заңсыз босатты, өйткені мен ол бұйрықпен таныспағам” деп, ұялмастан 2 айдан кейін ашқызып алған әлгі “левый больничныйын” негіздеп, ауданымыздың сотына талап-арыз тастайды. Заңбұзудан алдына жан салмайтын Бауыржан Майриховтың талап-арызы, заңбұзуға келгенде одан  қалыспайтын, аудандық сотымыздың Нұржан Жұмабаев деген судьясының өндірісіне түседі. Судья Нұржан Жұмабаевты заңбұзушы дейтін себебім, оның да қорықпастан заңды қайта-қайта бұза беретініне, дәлелдеріміз жеткілікті! Судья Нұржан Жұмабаев алады да “больничныйының” өте күмәнді екеніне мән бермей, Майриховты “майлы орынтағына” қайта жайғастырып, жұмыссыз бос жүрген уақыты үшін мемлекеттен 1 миллиондай қаржы өндіртіп береді. “Майрихов пен Жұмабаев “ухит-сухит” болған-ау?!” – дейін десек, облыстық соттың апелляциялық алқасы ол шешімді күшінде қалдырды! Бірақ облыстық соттың апелляциялық алқасының төрағасы Бекімбетов Түгел де біздің сарыағаштық деп естігеміз, сосын Майриховтың әлгі “ухит-сухиты” баремес пе?! Әйтпесе “қызметінен босатылсын” деген бұйрық шыққан 12-ші шілде күні Бауыржан Майриховтың жұмысында болып, табеліне 8 сағат қойылғанына апелляциялық сот алқасы, үш бірдей судья, қалайша мән  бермеген? Неге апелляциялық сот алқасы Бауыржан Майриховтың “больничныйының” 2 айдан кейін, жоқ жерден  пайда болғанына сын көзбен қарамаған?  Неге апелляциялық сот алқасы Бауыржан Майриховқа “больничныйды”, мүлдем құзіреті жоқ,  “Көк төбе” емханасы ашып бергеніне баға бермеген? Міне осы үш сұраққа жауап әділ берілсе, Бауыржан Майрихов, біздің пікірімізше, басқармақ былай тұрсын білім бөлімінің дарабазасынан ауласына қарай кіре алмас еді!

“Сыбайластыққа жаным қас” деген ауданымыздың әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің, Маханов кеткесін, Майриховқа қатысты сол шешімді әрі қарай жоғарғы сотқа дейін не өзі дауламай, не білім бөліміне даулатпай қоя салғаны оның принципке қаншалықты адал екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Егер мемлекеттің мүддесін қорғап отырғаны рас болса, неге облыс прокуроры генерал Ибраһим Иманов сол шешім мен апелляциялық алқа қаулысына осы күнге дейін наразылық келтірмей отыр? Бұл сыбайластықпен күрес деп аталады ма әлде сыбайластыққа қолайлы жағдай туғызу деп аталады ма?

Былтыр жазда аудандық білім бөліміндегі бас маманның бірі Абилов Мұхит парамен ұсталып, сот үкімімен “сыбайлас-жемқор” болып танылған. Сол Абилов Мұхит “коррупционер” бола тұра, биыл білім бөліміндегі бір мектептің директорының орынбасары болып қызметке қайта орналасып алды.  “Мұхитқа Майриховтың не қатысы бар?” деген сұрақ туындап отырған болар?! Мысалы ол мектепке “директор орынбасары” деген штатты  ашып берген, Майрихов емес, аудан әкімі! Орынбасарлық штатқа маман сұратқан да, Майрихов емес, сол мектептің директоры! Директордың ол сұранысына Абилов Мұхитты тауып берген, тағы да Майрихов емес, жұмыспен қамту орталығы!  Тіпті, “неге лауазымды қызметке “коррупционерді” алдың?” – деп ол мектеп директорынан сұраса, Майрихов емес, білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нұрман Үсіпбеков сұрауы тиіс екен! Сондықтан бір қарағанға Мұхитқа “ухит” пен “сухитты” қатыратын Майриховтың қатысы жоқ сияқты!  Бірақ, Нұрман Үсіпбековтің білім бөлімінің әшейін қағаз жүзінде ғана басшысы екенін, ал іс жүзінде бөлімді сол Бауыржанның өзі басқарып отырғанын біреу білсе, біреу білмейді! Сондықтан Абилов Мұхитты да “ухит-сухит” қылып, қызметке қайтып алған осы Бауыржан Майрихов деген күдігіміз бар! Мінеки тақырыбымыздың “Ухит-сухит Майрихов пен Мұхит” деген бөлігінде айтқымыз келгені осы еді!

Енді тақырыбымыздағы “Сарыағаш “районосы” сыбайластардың инкубаторы ма?” деген бөлігіне келсек, біздің Сарыағаш аудандық білім бөлімін, еліміз егемендік алғаннан бері 20 жылдай Сапарәлі Селтанов деген басқарған, бірақ оңдырмаған! Соңғы жылдары ҰБТ-дан ең төменгі көрсеткіш көрсетіп, бетіміздің аймандай болып жатқанының бірден-бір себебі, сол Сапарәлі Селтановтың саясатының салдары деп санаймыз. Көпке топырақ шашуға болмайды, алайда мектеп директорларының көбісі сол Селтановтың бастық болып тұрған кезінде тағайындалғандар! Қазір мектепті бітіріп, ҰБТ тапсырып жатқандар, сол Селтановтың директорлары алған  мұғалімдерден дәріс алған оқушылар! Бірақ бәрі-бір басшы Селтановты сыбайлас деп айта алмайды екенбіз.  Алайда газетіміздің маусым айындағы №2-ші санында жарық көрген “Бюджетке 10 миллион теңгені Селтанов Сапарәлі қайтарады ма әлде Қырғызалиев Бейсенәлі қайтарады ма?” атты мақаламыз бойынша жүргізілген тексерудің нәтжесінде, сол қаржының мақсатсыз жаратылғаны рас екендігі жөнінде, жауап алғанбыз. Яғни жемқорлық орын алған екен! Егер құзырлы органдар сол қаржыны бюджетке Сапарәлі Селтановқа қайтартатын болса, онда Селтановтың сыбайлас болып шыға келуі әбден мүкін! Сапарәлі Селтановтан кейін Ерлан Рыспаевтың тұсындағы білім бөліміндегі былықпайларды білмейтін адам, ауданымызда емес, облысымызда емес, республикамызда да кем де кем шығар?! Рыспаевтың тұсында сыбайластықпен жауапқа тартылған директорларды есепке алмағанда, сол бөлімінің қаржы саласын көптеген жылдар басқарған бас бухгалтері Айымбетова Гүлжаханның оқиғасы не тұрады! Рыспаевтың да, Селтановтың да орынбасары болып келген Майриховтың “ухит-сухитын” міне оқып отырсыздар! Енді осы басшылардан бөлек, былтыр білім бөлімін басқаруға облыстан тағайындалып келген Мұрат Маханов та “парамен” жауапқа тартылып жатыр. Ия, сот үкімі заңды күшіне енбей ол туралы да ешнәрсені кесіп айта алмаймыз! Бірақ, БАҚ пен әлеуметтік желіде  Мұрат Махановты  “пара алды” дегеннен гөрі,  “оны парамен подставить етті” деген пікір анағұрлым басым! Мұрат Махановты енді Селтанов, Рыспаев, Майрихов, Айымбетовалардың қатарына қосып отырмыз ғой, алайда Махановтың олардан ерекшелігі, оның жаңашылдығы, батылдығы, іскерлігі! Қараңыздар, тағайындалып келісімен ол әй-шәйға қарамай 17 мектептің директорларын алып тастады! Біздің Сарыағашта 17 емес, бір директорды алып тастаудың өзі қиямет қайым, жан-жағыңнан әлгі директордың 100 туысы, 50 танысы андағайлап шыға келеді!! Сосын не Селтановтың, не Рыспаевтың тісі бата қоймаған  “профсоюз Әкімбайды” Маханов білім бөлімі ғимаратының екінші қабатынан дедектетіп әкеп бірінші қабатына бір-ақ түсіріп, онда да түкпірдегі бөлмені беріп, егер “қыңқ етсең ғимараттан мүлде құртам” деген зілмен, оған шынайы орнының қай жер екенін шұқып тұрып көрсетті!  “Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын” демекші, қазір айтқан сөзінен бес минут та өтпей танып шығатын Ахметов Тұрғанбай мен есігінен  қуылса, терезесінен қайтып кіріп келе беретін Майрихов Бауыржанды білім бөлімінен біржолата қуып шықты! Сарыағаштың тарихында болмаған, мектеп директорларын тағайындау конкурсын, БАҚ және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен, бірінші рет шынайы ашық өткізді! Ең маңыздысы, Мұрат Маханов жарты жылдың ішінде, Сарыағашта ешқашан 14 сағаттан көтерілмеген мұғалімдердің апталық сағат жүктемесін 18 сағатқа көтерді!  Айналдырған жарты жылда осынша өзгеріс енгізген Махановты былыққандар “подставить” етпеуі мүмкін бе? Егер үкім заңды күшіне еніп, Мұрат Маханов сыбайлас болып табылып жатса, әрине өкінішті-ақ! “Сарыағаштың маңдайына симай кетті-ау!” дейміз де қоямыз!!!

Сонымен, биыл 16-шы тамыз күні, Мұрат Маханов кеткелі ауданда бірінші рет, мектеп директорларын тағайындау конкурсы өтті. Конкурс ашық деп жарияланғанымен жабық түрде өткізілді. “Әдептен аспайық” деп, білім бөлімінің басшылығына конкурсқа қатыстыруды сұрап, алдын-ала хат жолдаған едік, комиссия төрағасы Бауыржан Майрихов түксиіп, “мен принципиально БАҚ-ты да қоғамдық ұйымды да конкурсқа кіргізбеймін” деп біздің жіберген өкілдерімізге кесіп айтыпты. Ол туралы  “фейсбук” және “ютуб” әлеуметтік желілеріндегі “С-ИНФОРМ” каналында “Сарыағаш “районосында” заңсыздық  қайта басталды ма?” деген видеоролик жариялағамыз.  Маханов кеткесін, “баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер де міз бақпас” демекші, білім бөлімінде бәрі бәз баяғы күйіне қайта түсіпті! Бауыржан Майрихов комиссия төрағасы болып төрде жайғасқан. Оң жағында, конкурс комиссиясының төрағасының орынбасары болып, былтыр Мұрат Маханов қуып жіберген Ахметов Тұрғанбай жайғасып алған. Маханов істі болып кеткесін, Бауыржан оны заңды белден басып тұрып, “ухит-сухит” қылып, санаты жоқ болса да әдістемелік кабинет меңгерушісі қып жұмысқа қабылдап алған болатын. Былтыр Мұрат Махановтың БАҚ пен қоғамдық ұйымдарды қатыстырып өткізген конкурсында аяғына дейін отырмай кетіп қалған “профсоюз Әкімбай”, о тоба,  бұл жолы Бауыржанның сол жағына жайғасып алып, аяғына дейін тапжылмай отырыпты! Неге былтыр кетіп қалды екен “профсоюз” Әкімбай әлде “ухит-сухит” жүрмейтін болғасын, конкурс та қызық болмай қалған ба еді?

Сөйтіп соңғы конкурста Бауыржан бастап, Тұрғанбай мен “профсоюз” Әкімбай қостап, айтқандары айтқан, дегендері деген болып, ой армансыз жырғағанға ұқсайды?! Біздің сұраныс хатпен алынған сол  конкурстың №2-ші хаттамасынан бір-екі үзінді келтірейін. Содан-ақ, “профсоз Әкімбай” қолдаған Бауыржан мен Тұрғанбайдың құрық бойламайтын қулықтарына көз жеткізуге болады деп ойлаймын. “Конкурсқа комиссия мүшелері мен “Нұр-Отан” партиясының өкілдерінен басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқанын және БАҚ өкілдері шақырылғанын комиссия төрағасы Бауыржан Майрихов көпішілкке таныстырып, ұғындырды” деп түзілген хаттамаға,  қолдарын қойып тұрып бекітіпті! “Атаңның басы” дейтін адам болса ғой, әсіресе Тұрғанбай мен Әкімбайға! Әйтпесе ол екеуі хаттамаға қол қоярда, “Бауыржан сен принципке барып, БАҚ пен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін кіргізбей қойдың, біз оған келістік, енді мына жазып отырғаның не, қайдан көріп отырсың БАҚ пен қоғамдық ұйым өкілдерін” деп қол қоюдан бас тартпай ма?! Хаттамада, төраға орынбасары Тұрғанбай Ахметов директорлыққа үміткер Гүлшат Нұрпейісова деген апай туралы “ол сыбайластықпен сотталған сондықтан директор болып қабылданбайды” деп түсіндірген екен, оның пікірімен комиссия мүшелерінің бәрі бір ауыздан келісіпті. “Алдымен өзіңе қарап алсай” дейтін араларында біреу шықпапты, сөйтіп Гүлшат апайды өткізбей қойыпты. “Тұрғанбай айтты екен” деп, бастарын шұлғи салатын, өзіндік жеке пікірі жоқ не деген комиссия? Басқалары мақұл енді, Бауыржан мен Тұрғанбайдың “ухит-сухиттарынан” аса алмай отыр делік,  Әкімбайға не жоқ?!  “Профсоюз Әкімбай” Гүлшат апайдың ай сайын үзбей төлеп тұрған жарнасын алғанда бәледей! Босқа басын шұлғи бергенше, “профсоюз Әкімбай”,  неге орнынан атып тұрып, Нұрпейісова Гүлшаттың білім саласында басшылық қызметпен айналысуға сот актісімен шектеу қойылған 3 жыл мерзімі толық біткені, конкурсқа қатысуға прокуратура мен облыстық білім басқармасының рұқсат бергені жөніндегі құжаттарды комиссия алдындағы столға жайып салып, мүшесінің тапталып жатқан құқығын қорғамайды?! Әлде “профсоюз Әкімбайға” Гүлшат апайдай мүшесінен гөрі Бауыржанның “ухит-сухиты” жанына майдай жағып отыр ма? Мінеки біздің білім бөліміндегі сыбайластық та, заңсыздық та, ухиттар да,  сухиттар да осындай!

 

Бас редактор

Амангелді БАТЫРБЕКОВ,

«Сарыағаш-Информ» газеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.