Басты бет > Қоғам > ТURГЕКТАННАН ТҮРКІСТАНҒА КӨШУ КЕРЕК СИЯҚТЫ

ТURГЕКТАННАН ТҮРКІСТАНҒА КӨШУ КЕРЕК СИЯҚТЫ

18
views

Бұған дейін Түркістанның бесік пен шаңырақ бейнеленген жәдігерін жоқтап жүр ек, енді Есімхан алаңындағы «І жүрек ТURКЕГТАН» (осылай оқыдым. Себебі менің көзіме солай көрінді) деген жазбаны жырлауға тура келді. Рухани астананың бұл әрекеті жарық күнде тура жолда адасып кеткендей әсер қалдырды маған. Себебі қазақта мен айтып жатқан «Тurкегтан» деген сөз жоқ. Бәстесуге дайынмын.  

Ежелгі дәуірден адасып, біздің заманымызға өтіп кеткен Қожанасыр бабамыз бүгінгінің базарын аралап келе жатып, кока колаға көзі түсіп кетіпті. «Қарағым, сосасола берші» десе, сатушы қыз «ата бұл кока кола ғой» деп айтады дейді. Тәтті сусынды сатып алып, қарны ашқан Қожекең самсаға жақындап келіпті де, «камка берші, қалқам» депті. Ішек сілесі қата күлген саудагер «ата самса деңіз, самса» депті, тағамды орап беріп жатып… Аң таң атам «менен де өткен әпенділер бар екен ау» деп қолын бір-ақ сермеген екен. Бүгінгінің бір әпендісінің тірлігі басқасын қайдам, Қожанасар атам сияқты менің де күлкімді келтірді. Қазақтың рухани мекені өз тілін айырбастап жатыр. Ана тіліндегі жазбаның әріптерін өзгенің жетегіне ертіп жібергендей көрінді маған. Сондықтан мен де «Тurкегтан-ды» үлкен І әрпімен қосып, шетел асырып жібергім бар. Жүрегін бермеймін бірақ… Болмайды я. Себебі мемлекеттік меншікті бүлдірсең жаза бар. Алайда қазақша жазбағанға жаза жоқ. Сондықтан айтайын, бабаларымыз «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп еді ғой. Солардың сөзіне сендім. Айтпақшы, жәдігерін былай қойғанда, туалетін жеті қазынаға теңеп қойған түркістандықтарға қарным аша бастады. Ешнәрсенің байыбына бармайтын сияқты. Жәдігердің жөнделген жөнделмегенінен хабарым жоқ. Себебі газетке басылғанымен жақ ашқан ешкім табылмады. Ал әжетханадағы жазу сыналдым деді ме, шамданды ма қып қызыл түске боялып қапты. Бірақ «Тurкегтан» тұр сол қалпында. Алаңда тұрып айғай салғым келді, мен «Тurкегтан» емес, Түркістанның алаңында тұрмын деп. Түлкі ой бұлаң ете қалды. «Тысс, елді үркітпе, бұл туризмді мекен. Келген қонақтан ұят болады. Соларға деген құрметпен осылай жазып отырмыз» деп… «Қойшы» дедім, «қайта солар ана тілім, қазақ тілін үйренбей ме, тілі жатықсын. Көзі үйренсін. Біз де әлемді мойындатқан елміз ғой» дедім.

«Болмайды» деді үзілді кесілді қарсы ойым. «Бұған біраз қаржы шығындады. Орнын толтыруды кім мойнына алады» деді. Сатайық та дедім күмілжіп. Ол да болмайды екен. Себебі қазақты ұлықтаған, қазақты ұлы пір тұтқан ұландары мұндай түсініксіз жазуды әжетке жарата алмайды. Жаратпайды да. «Күнде көз сүзіп жүрген билігі үндемегенде, саған не жорық» деп ішкі ойым одан бетер бастырмалатты. Намысым найзаның ұшына түйрелгендей шаншып барып басылды. «Тым болмаса арасындағы әріптерін түзейікші» дедім. «Ол да мүмкін емес» деді көлеңкелі пікір. Себебі бұл мекенге келетін шетелдіктер үшін орысша жазбалар қойсын деген ұсынысты естіген ем деді. Оған заманауи пайымды неге қоспайсың» деп жазғырды. Патриоттық рухым өлді де қалды. Сөйттім де көппен көрген ұлы той деп  «Тurкегтанның» жанында отыра қалып суретке түстім. Меніңше қате әріптерді түзетіп, елге құрмет, тілге құрметтің тым болмаса сәнін келтірген жөн сияқты, түркістандықтар. Себебі біз ҚАЗАҚСТАНДА өмір сүреміз, QAZAQSTAN-да емес…

Ақиық ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *