Басты бет > Саясат > ТӨЛЕБИДЕ 700 ӨНЕРПАЗ ФЛЕШМОБ БИЛЕДІ

ТӨЛЕБИДЕ 700 ӨНЕРПАЗ ФЛЕШМОБ БИЛЕДІ

32
views

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» облыстық Өнер фестивалі 1000-ға жуық өнерпаздың қатысуымен  Төлеби ауданында өтті.
Ауданның мәдениет майталмандары фестиваль қонақтарын  «Терме бой тұмарым» облыстық байқауының жүлдегері Досжан Бейсетаевтың орындауындағы «Арнау» әні аясында гүл шоқтарымен  күтіп алды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Атамекен» кіші бағдарламасын насихаттау аясында Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиеге зиярат етіп, тарихымен таныстырды. Сонымен қатар,  «Туған жер» бағдарламасын дәріптеу мақсатында Төлеби өлкетану музейін аралатып, ауданның тарихы мен салт-дәстүрін, географиялық ерекшелігін айқындайтын 3000-нан аса құнды  жәдігерлер жайында мәлімдеді.

Аудан әкімі Парманов Бұхарбай Рысқұлұлы және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Төле баба ескерткішіне гүл шоғы қойылып, Астананың 20 жылдығына арналған  «Бір шаңырақ астында» атты славян, неміс, түрік, күрді, өзбек, корей ұлттық  мәдениет орталықтарының және аудандық, ауылдық кітапханалардың даталы мерекелерге арналған кітап көрмесі таныстырылды. «Рухани қазына»  бағдарламасы    аясында қылқалам, қолөнер шеберлерінің туындылары да назардан тыс қалмады.
Шара аясында «Әжелер» әуенді тобының қатысуымен «Бармақ жалау» салт-дәстүрі көрсетіліп, облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Жезмарал Байтуовамен ауданның жас ақыны Ұлықбек Ахай тұңғыш рет айтысып, өлеңмен тұсауын кесті.
Ұлттық  мәдениет орталықтары мен үйірмелерден құралған 700 өнерпаз бір мезетте флешмоб биін билеп, өрнекті қимылмен Астананың 20 жылымен құттықтады.
Фестиваль талабына сәйкес аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері  іс-құжаттары және стенд көрмесімен таныстырып, атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Шара  аудан көркемөнерпаздарының гала-концертіне ұласып, халық шығармашылығының ән, би, күй, ұлт-аспаптар оркестрі сынды 17 жанры бойынша өнер көрсетті.
Фестивальдің ұйымдастырылуы және үйірме жұмыстарымен жұмыс жасау, концерттік бағдарламадағы ерекшеліктер мен кемшіліктер жөнінде пікір білдіріп, ой бөлісуге, мәдениет үйі және клуб меңгерушілерінің ұсыныстарын тыңдап, талдау бағытында қазылар алқасымен баспасөз конференциясы өтіп, аудандағы өнер күні қорытындыланды.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Төлеби ауданында түрлі жанрлар бойынша 102 үйірме жұмыс жасаса, оған 1518 жас дарын қатысып, шыңдалуда.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *