Басты бет > Хабар > Түркістан қаласында індетке шалдыққан азамат тіркелмеген

Түркістан қаласында індетке шалдыққан азамат тіркелмеген

Әлемдік деңгейде орын алып жатқан COVID-19, коронавирус індеті елімізге де келіп, нәтижесінде күн сайын індеттің залалын жұқтырған азаматтар саны өсіп жатыр.

Індет таралуын болдырмау мақсатында, өзге елдердің тәжірибесіне сүйене, Үкімет тарапынан барлық елді мекендерге арнайы бұйрық таратылған. Төтенше жағдай кезеңінде сауда саттық және басқа да қызмет көрсету орындарында қадағалануы тиіс шектеулер белгіленген құжатта азық түлік сатылым және қоғамдық тамақтану орындарынан басқа барлық ірі сауда саттық орындары жабылуы ұсынылған.

Түркістан қаласында індетке шалдыққан азамат тіркелмеген және алда да болдырмау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан бүгіннен бастап ірі базарлар жұмысын тоқтатты. Бұл жерлерде тек азық түлік қатарлары мен қоғамдық тамақтану орындары жұмысын қатаң дезинфекциялау шараларын іске асыра ғана жалғастыратын болады.

Бұл жайлы қала басшысы Рашид Аюпов үш күн алды ескертіп, демалыс күндері базарларға барып тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл орайда саудагерлермен де жеке әңгімелесіп, елімізге төнген қиын жағдайда бағаны шарықтатпай, мүмкіндігінше бірқалыпты ұстауға келісімге келген. Қарсылық білдіріп, негізсіз баға көтеретін саудагерлерге жол берілмейтінін де тікелей эфирде айтып өтті. Қазіргі кезде тұрғындарды қабылдай алмайтынына байланысты, бірақ дәл осы күндері халықпен байланысты үзбеу маңызы зор екенін атап өткен Рашид Абатұлы күнделікті, мүмкіндігінше өз парақшасында тікелей эфир арқылы халықпен онлайн кездесулер өткізіп отыратынын да білдірген.