Басты бет > Білім > Түркістан облысы: «Әже мейірімі» дөңгелек үстелі өтті

Түркістан облысы: «Әже мейірімі» дөңгелек үстелі өтті

Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алған, тарихта есімі қалған ұлылар көп. Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды.  Ал Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көріп, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Яғни, қазақтың нар тұлғалы азаматтарының көбі әже мектебінен сусындап өскен адамдар.  Отбасы тәрбиесіндегі ата – ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру. Тәрбиенің ең тамаша жері  отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екенін, баламен қарым – қатынасты жақсартуын, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу мақсатында аудандық балалар кітапханасының үйымдастыруымен Білім орталығында «Әже мейірімі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс шараның қатысушылары  немерелерімен бірге кітапханаға келіп кітап алып, кітапхана жаңалықтарымен үнемі танысып отыратын оқырман  әжелер. Кітапхана оқырмандары Байбабаева Мейрамкүл, Әженова Аманкүл, Есалиева Зауре, Райымқұлова Рысты әжелеріміз немерелерімен, Пазылбек Разия, Кемалова Гүлнур, Құлыбекова Бағила аналарымыз балаларымен қатысты. Іс-шарада қатысушылар – Отбасындағы ұлттық тәрбие дегеніміз не ?,  Қазіргі уақытта немере тәрбиесінде ата – әжелер үлесі қандай?, Ертегі айтасыз ба, соңғы рет қандай ертегі айттыңыз, балаңыз ертегі айтуды сұрай ма? , «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген жақсы сөз бар осы сөз мағынасын қалай түсінесіз?, Немерелеріңізді қалай еркелетесіздер?, Биыл өзіңіз қандай кітап оқыдыңыз және балаңызға қандай кітаптар оқып бердіңіз немесе қандай кітап оқыттыңыз? сұрақтар төңірегінде өз пікірлерін білдірді. Оқырмандар Жоламан Ақмаржан, Жолдыбай Ақбота, Аманәлі Диана әжелеріне жырдан шашу шашып, әндерін арнады. Кітапхана  меңгерушісі Ғ.Маймақова қатысушыларды кітапханаға жаңадан келіп түскен мерзімді басылымдармен (Алтын босаға, Отбасы және денсаулық, Ертегілер елінде, Балақан,Еркебала, Балабек, Айтшы,Әжетай) таныстырып, шолу жүргізсе, кітапханашы Әсем Сарыбаева «Әже бейнесі көркем туындыларда» атты кітап көрмесін ұсынды. Кітапханашы Балнұр Жұмабаева іс-шараға қатысушылармен психологиялық тренинг жүргізді. Қатысушыларға тәтті шәй ұсынылды.  Іс-шара соңында Рысты әже оқырмандарға – «ата-баба дәстүрін жалғастыратын, кіндік қамы тамған туған жерін, асқақтаған көк тулы Отанын сүйетін, үлкен-кішіге мейірімді, ізетті, текті, дені сау азамат және азаматша болып өсіңдер» – деп ақ ниетін білдірді. Немере – шөберелеріне көне қисса – дастан, аңыз – әңгімелерін айтып ата – әжелеріміз арамызда әрдайым жүре берсін дейміз.

Медиаон ақпарат