Басты бет > Білім > Түркістан облысы: Шардара ауданына 55 жыл!

Түркістан облысы: Шардара ауданына 55 жыл!

Достық ауылдық округінің мәдениет үйінде Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шара мәдениет үйіндегі ардагерлер бөлмесіндегі жүздесуден басталды. Ауыл биі Жора Аманов пен қауымдастық төрағасы, ардагер ұстаз Үсен Қалыбаев жастар болашағына байланысты келелі әңгімелер қозғады. Мұнан соң қонақтар Достық жалпы орта мектебі мен Әсел бөбекжай балабақшасының көрмесін тамашалады.

“Шұғыла”  би тобының “Көроғлы” биімен ашылған мерекелік кеш “Әсел”  бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Утесинова Гүлжанның “Ассалаумағалейкум”  әнімен жалғасты.

Толқында толқын тулаған,

Өмірің мынау зулаған.

Ақындар жырлап ән-қалам

Шардарам менің Шардарам!  – дегендей алғашқы құттықтау сөзді ауыл әкімі Рақымжан Әнуарбек алды. Ауыл әкімі ауданда,  ауылда атқарылған және алда атқарылатын жұмыстарға тоқтала келе, ауыл халқын мерекемен құттықтады. Сонан соң ауылдың экономикасын көтеруге үлесін қосқан бірқатар азаматтар мен азаматшаларды Алғыс хатпен марапаттады.

Қабыланбек Ерсұлтан “Қазақпын” деп шырқаса, Тұрлығұл Нұрай “Тойға шашу” әнімен көрерменді тәнті етті.

Балабақша тәрбиешілерінің өзбекше биі көптің көңілін көтеріп тастады. Музыка пәнінің мұғалімі Жұмажанов Ералының шәкірттері домбыраның қоңыр дауысымен бірнеше күйдің басын шалды.

Шайқы Іңкәрдің “Маған ұқсайды” әні мен “Шұғыла” би тобының “Торы жорға” биіне қол соқпаған көрермен қалмады. Жас ақындарымыз Шардара туралы өз шығармашылықтарынан жыр арнады.

Кеш соңы ауылдық мәдениет үйінің директоры Бастаров Досболдың “Атамекен”  әнімен аяқталды.

Мерекелік кеш соңында өнерпаздар мен қонақтар естелік суретке түсті.

Медиаон ақпарат