Басты бет > Мәдениет > Түркістан облысы: Сарыағаштық қариялар облыстың киелі жерлерін аралап, зиярат етті

Түркістан облысы: Сарыағаштық қариялар облыстың киелі жерлерін аралап, зиярат етті

Елбасы өзінің Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру атты бағдарламалық мақаласында «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды  құрметтеу алдымен  өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын, танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деп атап көрсеткен болатын. Елдің болашағы үшін барын салып аянбай еңбек еткен ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді. Оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы бір тұщымды ойды негізге алған аудан басшысы М.Отаршиевтың мұрындық болуымен ауданымыздың ардагер-қариялары түркі әлемінің астанасы – Түркістан және  алаштың төртінші астанасы болған – Сыр өңіріндегі киелі жерлеріне  сапар шегіп, онда жатқан бабалар рухына тағзым етіп қайтты. Іс – сапарда Ахмет Яссауидің әкесі, Сайрамның солтүстік-шығысында орын тепкен- Ибрагим ата кесенесінен басталып, Ибрагим ата кесенесінен соң XIX ғасырда бой көтерген  Қарашаш ана кесенесіне бет алды.  Күн түс ауа мұсылман қауымы үшін киелі орын,  Алаш жұртының зиярат ететін қасиетті мекені Арыстан бабтың кесенесiне ат басын тiредi. Рухани сапар барысында кесене жанындағы емдеу қасиеті бар құдықтан су ішіп, Арыстан баб бабаның тарихымен танысты. Діттеген жерге шаршамай жеткен зияратшылар арнайы мал шалып, баба рухына құран бағыштады. Мұнымен қоса, Қожа Ахмет Йассауидің және Қорқыт ата кесенелерінде болып, құран бағыштады. Қайтар жолда зиярат етушілер Шиелі өңіріндегі «Оқшы ата” мазарында болып, қасиетті топыраққа жерленген қазақтың игі жақсыларының рухына тағзым жасады.

Медиаон ақпарат