Басты бет > Саясат > ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы қалалық орталық ауруханасында инсульт орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев және медицина саласының ардагерлері қатысты.

Аурухана базасында ашылған инсульт орталығы компьютерлік  томографиямен жабдықталды. Заман талабына сай жаңа қондырғы инсульт пен бас ми жарақатын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін Кентау қаласының тұрғындары Түркістан қаласына қатынап ем алуға мәжбүр болған.

«Компьютерлік томография ауруды алғашқы белгілерінен – ақ анықтауға мүмкіндік береді. Аппараттың көмегімен бастағы ісіктер мен қабыну процесін, сүйек құрылымындағы аурулардың ауыр жағдайының өзін нақты табуға болады» дейді мамандар. Сонымен қатар кеудедегі, құрсақ қуысы мен асқазан, аш ішектің,  мұрын қуысы мен бүйректегі ауытқуларды тексеруге болады.

Жапондық Optima 540 компьютерлік томографиясы облыстық бюджет есебінен 269 млн. 500 мың теңгеге сатып алынып орнатылған.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, келесі жылдан бастап жаңа облыс орталығында бірнеше аурухана мен емханалар, перзентханалар мен заманауи талапқа сай емдеу орталықтары бой көтермек. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде.

— Жоспар бойынша облыс орталығынан 610 орындық облыстық көпсалалы аурухана салынады. Екіншіден, облыстық балалар ауруханасына қосымша 150 орындық ғимарат құрылысын бастау қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, 500 келушіге арналған емхана мен облыстық қан және СПИД орталықтарының, туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттарына қажетті қаржы бөлінді. Медициналық мекемелердің жетіспеуі мәселесін шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте орналасқан клиникалар және балалар ауруханасы сол жақта қала береді. Облыстық туберкулезге қарсы және жүйке аурулары диспансері, екі бірдей перинаталдық орталық жұмысы жалғасады. Мұндай тәжірибе Алматы облысында да, Астанада да бар. Себебі, шалғай орналасқан Мақтаарал, Шардара сияқты аудан тұрғындарына Түркістанға қатынау қиынға соғады. Шымкенттегі бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы екі кабинетте арнайы мамандарды қалдырып отырмыз,  — дейді Мұқан Егізбаев.

Сонымен қатар, Түркістан облысына бірнеше медициналық нысанды салу үшін республикадан қаражат бөлу сұралған. Мәселен, Түркістандағы перинаталдық орталықтың жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салу қажеттігі туындап отыр. Кентау қаласы мен Сайрам, Жетісай аудандарына, Мырзакент пен Атакент кенттеріне 5 емхана салуға да республикадан қаржы бөлу жағы қарастырылуда. Сондай – ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі жүзеге асып жатыр. Жақында түркістандық мамандар Ресейге барып, сондағы білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып келеді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.