Басты бет > Саясат > Түркістан облысының әкімі Арысты қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға  тоқталды

Түркістан облысының әкімі Арысты қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға  тоқталды

«Биыл 24 маусымда Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Осындай қиын сәтте біз елдігімізді, бірлігімізді көрсете білдік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жедел қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, арыстықтарға Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді, көрсетіліп те жатыр. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді», – деді Ө.Естайұлы.

14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы бірігіп, зақым келген үйлерді қалпына келтірді. Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй  (8534 жеке, 103 көпқабатты тұрғын үй) нысандары бар. Оның ішінде, 7163 тұрғын үй жөнделіп (7063 жеке, 100 көпқабатты тұрғын үй) және 470 үй  (467 жеке, 3 көпқабатты тұрғын үй) қайта салынуда. Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтуде. Қала көшелеріндегі ақауларды жою бойынша атқарылған іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын көшелерге жөндеу жұмыстары (асфальт жабындысын салу, аяқжол, су ағарлар, жарық шамдар орнату)  жүргізілді. Жалпы 68 әлеуметтік нысанның жөндеу және құрылыс жұмысы қолға алынып, 62-сі пайдалануға берілді.

Түркістан облысында 2019 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша  өнеркәсіп өнімінің көлемі 370,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,1% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 447,5 млрд теңгеге, инвестиция көлемі 248,9 млрд. теңгеге жеткен. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің алаңы 424 мың шаршы метрді құрайды.

Медиаон ақпарат