Басты бет > Саясат > Түркістан облысының Келес ауданы табиғи газбен 65% қамтылған

Түркістан облысының Келес ауданы табиғи газбен 65% қамтылған

Түркістан облысы Келес ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 23 ішкі көше жөнделіп, орталық стадион мен аудандық мәдениет үйі толық қайта жаңғыртылатын болады. Бұл 25 нысанға республикалық бюджеттен 1 млрд. 229,3 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеген.

 Сонымен қатар, аудан басшысы аймақта өндірілген жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 8 айында 30,9 млрд теңгеге жеткенін баяндады.
«Кірістер бойынша 2019 жылдың 8 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 96,8%-ға орындалды. Ал осы мерзімде белсенді шағын және орта субъектілер саны 8500 бірлікке жетіп, онда жұмыс істейтін адамдар саны 18,1 мың адамды құрады. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 327,4 млн. теңгені құрайтын 2 жобаны 2019 жылы іске қосу жоспарланған. 2018 жылы құны 250 млн теңге болатын 1 жоба іске асырылып, 50 жұмыс орны ашылды», – деді Ақментай Үсенұлы.
Бұдан өзге, аудан бойынша 2019 жылдың 8 айында 4 млрд. 323,1 млн теңгеге 27 нысанның құрылыстары жүргізілген: білім саласында – 2 нысан, табиғи газбен қамтуда – 1 нысан, ауыз сумен қамтуда – 13 нысан, сапалы электр қуатымен қамтуда – 11 нысан. Оның ішінде 4 жаңа нысанның құрылысы пайдалануға берілді.
Инфрақұрылым бойынша елді мекендерге шаққанда Келес ауданында табиғи газбен қамту үлесі – 65%, ауыз сумен қамту – 54,4% болса, сапалы электр қуатымен қамту – 65%. Саладағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Сондай-ақ,     2020 жылға қарай 43,9 шақырымды құрайтын ауданның 30 ішкі көшелерін  жөндеу жоспарлануда.

Медиаон ақпарат