Басты бет > Хабар > Түркістан облысының Бәйдібек ауданында “Ұстаздар аллеясы” ашылды.

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында “Ұстаздар аллеясы” ашылды.

Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтің есімін иеленген Шақпақ елді мекеніндегі іргелі білім ордасына 90 жыл. Бұл мектеп 90 жылда мыңдаған баланы өмірдің жаңа белесіне қанат қақтырып үлкен өмірге ұшырып келеді.

Күні кеше осы мектептің 90 жылдық мерекесі күні білім ошағында әр жылдарда еңбек еткен ұстаздар мен білім алған түлектер бас қосты. Жиын барысында мектеп тарихына арналған арнайы баяндама халық назарына ұсынылды.

Жиынға аудан әкімі Б.Танагөзов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының жеткен жетістіктеріне тоқталып бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Сан жылдар өтсе де, мектеп жайында естеліктер мәңгілікке өмірдің жарқын парақтарындай есте сақталары сөзсіз. Білім әлеміне алғашқы қадамдарын басқан балғын бөбектерге ғылымның сырын ұқтырып, болашаққа жол бастайтын да – мектеп. Ал ұстаз – сол әлемге жетелеуші ұлы күш. Ұстаз деген ұлы қасиетке ие бірқатар қауымға 90 жылдық мерекелік медалі табыс етілді. Мектеп ұжымы мен оқушыларының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл сөз бар. Бұл мектепте талай тәжірибелі ұстаздар еңбек етіп, білімнің діңгегін қалыптастырды. Осындай ұстаздардың арқасында талай түлектер биік белестерді бағындырды. 1929 жылы іргесі қаланған білім ошағынан күні бүгінге дейін 4 мыңға жуық шәкірт түлеп ұшқан екен. Олардың ішінде Совет Одағының батыры, академик, профессор, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, ақын-жазушылар, тіпті Қазақстан Әнұранының ресми түрдегі тұңғыш орындаушысы Талғат Күзенбаев, өмірімен де өнерімен де қазаққа айналған, қазақ дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы әншісі, домбырашы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Татьяна Бурмистрова, танымал сазгер ауданымыздың құрметті азаматы Жарылқасын Дәулет, аудан әкімдері мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және басқа да көптеген қоғам қайраткерлері мен мәдениет саңлақтарымен қатар, түрлі салада елімізді халықаралық деңгейде танытып жүрген тұлғалар да бар. Ауыл тұрғындары бұл азаматтардың осы Шақпақ елді мекеніндегі Ғани Мұратбаев атындағы мектептің түлектері екендігін мақтан етеді.

Тарихқа көз жүгіртсек алғашында бастауыш одан кейін жеті жылдық, 1965 жылы орта мектепке айналған білім ошағын 90 жыл ішінде 15-ке жуық директорлар басшылық жасаған. Болашақ ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген 100-ге жуық ардагер ұстаздар бүгінде еңбектерінің зейнетін көріп отыр. Бұлардың әрқайсының осы мектепте өзіндік қолтаңбасы бар.

Сонымен қатар шарада мектеп ауласында “Ұстаздар аллеясы” ашылды.

Медиаон ақпарат