Басты бет > Хабар > Түркістан облысында 2021 жылға дейін 3,5 млн ағаш егіледі!

Түркістан облысында 2021 жылға дейін 3,5 млн ағаш егіледі!

 Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткізген баспасөз жиынында мәлімдеді. 

   “ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райын қолайлы климатқа айналдыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүруде. Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7700 гектар жерді құрайды. Бұл жерге 3,5 млн. екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұталар егілмек, – деді Өмірзақ Естайұлы республикалық БАҚ өкілдерімен кездесу барысында. 

    Тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің экономикалық – әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жоспар бойынша «Жасыл белдеу» аймағында 2019-2021 жылдар аралығында көшеттер отырғызылып, орман алқабын көбейту арқылы жасыл аймақ қалыптастырылады. 

   Бұл мақсатта 2019 жылдың көктемінде 160 мың көшет отырғызылса, күзгі мезгілде 2000 гектар жерге 478 мың көшет және 300 гектар тәлімбақта 400 мыңға жуық сеппе көшет отырғызу жұмыстар жүріп жатыр. 2020 жылдан бастап, ғылыми зертханалардың білікті мамандарын тарта отырып, облыс әкімдігі тарапынан «Жасыл белдеудегі» тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін екпе көшет және көпжылдық гүлдейтін шөптерді сұрыптау бойынша жұмыстар атқарылатын болады. 

«Жасыл белдеу» аймағында ұсақжапырақты шегіршін, үлкенжапырақты шегіршін, қарағай, жіңішкежапырақты жиде, терек, үйеңкі, қытай шағаны, сүйелді қайың, емен, сарғылт қарақат және т.б егіледі. 

    Түркістан қаласын көгалдандыру мақсатында қала 32 секторға бөлінген. Әр секторға жауапты аудан, қала өз аумағында ағаш отырғызу және абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Сондай-ақ Түркістан қаласында 268 су ұңғымасын жасау жоспарланса, соның ішінде 57 су ұңғымасы іске қосылған. 

Келер жылдың көктемінде тәлімбақта облыста және елімізде жоқ, өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру бойынша тәжірибе жасау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде кейбір қылқанжапырақты тұқымдас түрлерін Түркістан қаласының айналасындағы «Жасыл белдеуде» өсіру үшін бейімдеу мақсатында жүзеге аспақ.​

   Облыс әкімінің бастамасымен облыс орталығы Түркістан қаласында өткен жалпыхалықтық сенбілік аясында облыс орталығында 24 мыңнан астам тал егілді. Жергілікті тұрғындар да көне шаһардың жасыл қалаға айналуына белсене қатысуда. 

Медиаон ақпарат