Басты бет > Саясат > ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰБТ-ДАН ОРТАША БАЛЫ 79,6-НЫ ҚҰРАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰБТ-ДАН ОРТАША БАЛЫ 79,6-НЫ ҚҰРАДЫ

Түркістан облысында 2017-2018 оқу жылында 11 сыныпты 33765 оқушы тәмамдады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 33765 бітірушінің 22417-сі өтініш беріп, оның 22091-і тестілеуге қатысқан. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда сынаққа қатысқандар саны 800 оқушыға артқан. 326 оқушы тестілеуге қатыса алмаған. Оның 304-і өз өтінішімен, 22-сі денсаулығына байланысты сынақтан қалыс қалған. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті.

Оның сөзінше, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа балы – 79,6 балды құраған.
«Жалпы өңірімізде 5267 оқушы 100 балдан жоғары жинады. Бұл жалпы тестілеуге қатысқандардың 23,9 пайызын құрайды. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 3641 болған. Биылғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға артты. 2755 оқушы шекті деңгейден өтпеді. Ал, 2017 жылы шекті баллды жинай алмаған 3249 оқушы болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш 3,5 пайызға кемігенін аңғаруға болады», – деді Исатай Өмірзақұлы.
Сынақ кезінде ҰБТ ережесін бұзғаны үшін 5 оқушы аудиториядан шығарылып, тестілеу нәтижесі жойылған. Мұндай оқиғалар Шымкент, Арыс қалалары және Сарыағаш ауданында орын алған.
Айта кетейік, ең жоғары 139 балды Сарыағаш ауданындағы №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ақерке Тастан жинаса, Шымкент қаласынан 2, Мақтарал ауданынан 1 оқушы 138 сұраққа дұрыс жауап берген. Ал, өткен оқу жылында ең жоғары 138 баллды 1 оқушы, 137 балды 10 оқушы, 136 балды 15 оқушы жинаған болатын.
Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.