Басты бет > Мәдениет > Түркістан: ОБЛЫСТЫҢ ЖАС ӨНЕРПАЗДАРЫ “БАЛДӘУРЕН” КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Түркістан: ОБЛЫСТЫҢ ЖАС ӨНЕРПАЗДАРЫ “БАЛДӘУРЕН” КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Түркістан қаласындағы “Жеңіс” саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балдәурен» концерттік бағдарламасы өтті.Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған мерекелік шараның ерекшелігі сахнадағы өнерпаздар тек жасөспірімдерден құралды. Өңіріміздің барлық аудан, қалаларынан келген жас дарындар патриоттық және балдәурен балалық шақ жайлы белгілі композиторлардың әндерін шырқап, би биледі.
Шараға “Қалқанқұлақ” фильмінің басты рөлін сомдаған «Балапан» телеарнасының үздік актерлері Әділхан Нұриман мен Сіргебай Ерсұлтан  Батырхан Дәуренбектің сөзіне жазылған Қанат Қалқатайдың «Қалқанқұлақ» әнін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Балалар қуанышына арналған шараның мақсаты  – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» аясында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу, қолдау көрсету және аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтарда даярланып жатқан жас дарындарды таныту, үлкен сахнада тұсауын кесіп, қала халқына мерекелік көңіл – күй сыйлау. Сондай-ақ, жас өнерпаздар арасында облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жүлдегерлер де бар.
“Жеңіс” саябағындағы «Балдәурен» концерттік бағдарламасын тамашалауға 5000-нан аса қала қонақтары мен тұрғындары жиналды. Шара барысында ертегі кейіпкерлері киімін киген театр әртістері балалармен бірге ойын ойнап, қиял – ғажайыптар әлеміне бойлатса, бүлдіршіндерге арналған аттракциондар да балғын балаларды шат-шадыман күйге бөледі.
-“Немерелерімді алып, концерт тамашалауға келдім. Балалардың қуанышты жүздерін көріп, ерекше әсерге бөлендім. Бүлдіршіндерге арналған қандай тамаша әндер бар. Бәрі қосыла шырқап, бірге билеп қуанып жүр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Балаларымыз дәл осындай бақытты сәтке мәңгілік бөлене берсін. Жүздерінен қуаныш кетпесін!”,- деді Ұмсынай Кадирова есімді әже.

Медиаон ақпарат