Басты бет > Хабар > ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТЕДІ

ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТЕДІ

10
views

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысында өтетін «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинарға байланысты баспасөз жиыны өтті. Онда Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында сөз қозғады. Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қоғамның осы мәселеге келгенде белсенділігі жоғары болуы керек.

«Кеңес үкіметінің шекпенінен босап шыққан елдердің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жағынан кемшін тұстарымыздың бары жасырын емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам болып атсалысу керек. Яғни, мемлекет тарапынан қазақ тіліне жасалып отырған жағдайды дұрыс пайдалануымыз керек. Соңғы кездері қоғамда жиі айтылып жүрген мәселенің бірі мемлекеттік тілді көтеру. Әлеуметтік желілерде, жиындарда түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылып жатады. Бірақ, іс жүзіне келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Менің айтқым келгені қоғамда мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру керек. Азаматтар тарапынан қажеттілік болмаса, бұл мәселе сол күйі қала бермек», – деді Дос Көшім.

Сондай-ақ, жиында қазақ тілін латын қарпіне көшіру жайы да сөз болды. Жылдың соңына қарай латын әріптеріне ыңғайластырылған жаңа әліпби қабылданатынын айтқан брифингке қатысушылар осы мәселеге де бейжай қарамау керек екенін жеткізді. Ғалымдармен өткен жиындарда ұсыныстарды ортаға салып, белсенділік таныту керектігі айтылды.

Жиын соңында 2018 жылдың 15-17 қазан күндері Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинардың өтетіндігі хабарланды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *