Басты бет > Саясат > ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ – «NUR OTAN» НАЗАРЫНДА

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ – «NUR OTAN» НАЗАРЫНДА

Бүгін Түркістан облысына «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының Партиялық бақылау тобы арнайы іс-сапармен келді.

Жұмыс барысында Түркістан облысындағы жаңадан салынып жатқан құрылыс сапасын бақылап, бөлінген қаржының жұмсалу барысына мониторинг жүргізді.

Онда Отырар мөлтек ауданындағы 20 көп пәтерлі тұрғын үй, Б.Саттарханов даңғылындағы автомобиль жолының құрылысын, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету құрылысын және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстарын бақылады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1200 пәтерлі 20 көпқабатты үй пайдалауға берілмек.

Бірінші жарты жылдығында 660 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үй берілсе, жылдың соңында 540 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Олар үй кезегінде тұрған сегіз мыңнан астам тұрғындарға өз кезегімен берілсе, «7-20-25» бағдарламасы аясында тағы да жеке инвестор есебінен көпқабатты 6 ипотекалық тұрғын үй әзірленуде.

Өңірдегі өзекті мәселелердің тағы бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Түркістан халқының 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 42918-ден астам қала тұрғынына табиғи газ берілді, жалпы қала халқын газдандыру көрсеткіші 26,4% құраса, биыл халықты табиғи газбен қамту көрсеткішін 58 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2020 жылы қала 100% табиғи газбен қамтылмақ.

Сонымен қатар, 2018 жылы Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғын үй массивін сумен қамтамасыз ету құрылысы жүргізіліп, осы жылы пайдалануға берілетін болады.

Қала ішінде таза ауыз сумен қамтылмай қалған жерлерді 100 пайыз қамту мақсатында 4 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, әкімшілік-іскерлік орталығын сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 37 шақырым Ø-800 мм Кентау-Түркістан су топтамасын жүргізу жұмыстары қолға алынған.

Ал Түркістанның кірес беріс қақпасын қаламен жалғап жатқан, ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Бекзат Саттарханов даңғылын 6 жолақты етіп кеңейту жұмыстары басталып кетті. 2019 жылдың наурыздың соңғы күндері басталған жолды кеңейту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде 3 шақырым жол кеңейтіліп, шілде айының соңында пайдалануға беріледі, ал екінші кезеңде қалған 2 шақырымы кеңейтілетін болады.

«Nur Otan» партиясы ұлттық жобалар арқылы өңірдің дамуына үлес қосып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағаламақ.

Медиаон ақпарат