Басты бет > Мәдениет > Түркияның Кастамону қаласында Мағжан Жұмабаев жылының салтанатты ашылуы өтті

Түркияның Кастамону қаласында Мағжан Жұмабаев жылының салтанатты ашылуы өтті

ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің өкілдері биыл Түркияның Кастамону шаһарында бас қосты. Онда “Кастамону – 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы” жылы аясында қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, ақын Мағжан Жұмабаев жылының салтанатты ашылуы өтті.

Шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның Мəдениет жəне туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман, Кастамону қаласының губернаторы Яшар Карадениз, Кастамону қаласының басшысы Тахсин Бабаш жəне Түркия Республикасы қалаларындағы губернаторлар мен əкімдері, Түркі елдерінің өкілдері мен Мағжан Жұмабаев  туған Солтүстік Қазақстан облысының мəдениет қызметкерлері жəне қазақстандық ақын-жазушылар қатысты.
Туғанына 125 жыл толған айбынды ақынды бір минуттық үнсіздікпен еске алған Түркі жұрты оның ғұмыры мен шығармаларынан сыр шертер бейнефильмді жəне Солтүстік Қазақстан облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Айта кетерлігі, Мағжан өлеңдері түрік тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты.
“Атаулы жыл аясында желтоқсан айына дейін көптеген іс-шаралар мен түрлі кездесулер өткізілетін болады. Мағжан Жұмабаев жылына арналған арнайы бағдарламалар тек Кастамону қаласында ғана емес, Түркияға қарасты басқа қалаларда да ұйымдастырылады” – дейді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.
Естеріңізге сала кетсек, ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің Мәдениет министрлерінің Түркістан қаласында өткен ХХХV Тұрақты Кеңесі отырысында Түркі елдерінің 2018 жылғы мəдени астанасы деп Кастамону қаласы бекітілген болатын. Осы орайда, 50-ден аса іс-шараларды өткізу жоспарға алынған. Мағжан Жұмабаевты еске алып, түркітілдес елдер арасында кеңінен насихаттауға арналған іс-шара 19-шы ақпан күні Анкара қаласында жалғасады. Ал 21 наурыз күні “Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы” жылының салтанатты ашылуы өтеді.
ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының Ұйымының биылғы жылы Әзірбайжан Республикасының атақты композиторы Кара Караев жəне қырғыздың аса көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовты еске алу жылы деп те жариялады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.