Басты бет > Білім > Тілдің абыройын қорғау, оны дамытуға үлес қосу – патриоттық борышымыз

Тілдің абыройын қорғау, оны дамытуға үлес қосу – патриоттық борышымыз

Тілдің абыройын қорғау, оны дамытуға үлес қосу – патриоттық борышымыз
(Ұлтым –өзге, тілім – бір)

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі
рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне
айналатын кезеңі келді, – деп есептеймін.
(Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан
халқына Жолдауынан)

Қай халықты, ұлтты болмасын оны сақтайтын үш құндылық бар. Олар: Дін, Діл, Тіл. Осы үш құндылықтан айырылған халық ұлт ретінде әлем сахнасынан біржола өшеді, жойылады. Оған кезінде жеке тіл болған, қазір өлі тілге айналған тілдердің тағдыры куә. Дағыстандық белгілі жазушы Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты кітабында тілге қатысты мынандай оқиға баяндалады. Шетелге іссапармен бара жатқан жазушыға бір ана келіп: – Менің ұлым Америкада 1941-1945 жылғы соғыстан кейін қалып қойған еді, міне,мекенжайы, бізден сәлем айтып, жағдайын көзбен көріп келіңізші?» – деп тілек айтады. Шетелден оралған жазушыдан сәлем айтқан ана: «Қалай, балам аман ба екен, авардың тілін ұмытып қалмап па»- деп сұрайды. Жазушы: «Ұмытып қалыпты, – дейді өтірік айта алмай. Осы хабарды естіген ана қара жамылып, ұлым өлді деп елге хабар беріп, мола қазып жерлейді. Қандай ауыр қайғы десеңізші! Ананы мұндай шара қабылдауға мәжбүр еткен авар тілінің бірін-бірі түсінбей, көптеген диалектіге бөлініп кеткен ауыр тағдыры мәжбүрлеген еді. Қадыр Мырзалиев айтқандай, мың өліп, мың тірілген қазақ тілінің қазіргі ахуалы елім деген әрбір қазақ патриотын толғандырады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді, – деп есептеймін дегенде Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың қазақ тілінде қарым-қатынас жасауына үміт артып отыр. Өйткені әлгі көп тілдің 30-ға жуығы өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар, ноғай, қарақалпақ тілі сияқты туыстас түркі тіліне жататын тілдер. Бұл тілдердің түбі бір көне түркі тілі. Аталған тілдерде кейбір сөздер ғана болмаса, басқа айырмашылық жоқ. Тек қана кейбір фонетикалық варианттарда ғана айырмашылық бар. Мысалы, жолдас – юлдаш, жас – яш, жақсы – яқшы деген сияқты дыбыстық өзгерістер ғана бар. Сондықтан Қазақстанда тұратын 700 мыңнан астам өзбектер қазақ тілінде таза сөйлейді. Алматы облысындағы ұйғырлар да осылай, ал қарақалпақтар мен ноғай тілі қазақ тіліне ең жақын, мүлде айырмашылығы жоқ тілдер. Ал славян тектес тілдердің ықыласы бар өкілдері де Надежда Лушникова сияқты айтыс өнеріне де қатысып жүр. «Бір тілді білсең, бір адамсың, екі тілді білсең, екі адамсың- деген осы. Тіл білу-сол халыққа деген құрмет, өскен ортаны сыйлау, туған жерге тағзым.
Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек-делінген әрі қарай Президент жолдауында.
Тілдің атқаратын екі түрлі басты қызметі бар, біріншісі-қарым-қатынас құралы, екіншісі-сөйлеуші адамның мәдениетін, біліктілігін, қарым-қабілеті мен санасын көрсететін құрал. Сондықтан құрғақ ұрандамай, қазақ тілін құрметтеуді өзімізден бастау керек. Негилизм тілдің жауы, нигелистер өз тілінен гөрі өзге тілді, өзге мәдениеттің құндылығын жоғары қоятын адамдар, осыдан аулақ болған жөн. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту үшін жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек және мұндай қарқынды жұмыстар мемлекет пен қоғамның барлық саласын қамту керек.
Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын шараларымен бірге жолдауда еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға да жағдай жасай береміз делінген.
Осындай тілмен мәдениетті дамыту мақсатындағы іс шаралар Түркістан облыстық Полиция депарнтаментінде де атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №111 жарлығымен бекітілген ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын негізге ала отырып мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін, сондай-ақ өзге ұлттардың салт дәстүрлерімен жақын танысу, мәртебесін көтеру мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековтың бұйрығымен «Ұлтым- өзге, тілім-бір» іс-шарасының ережесі бекітілді. 2019 жылдың 20-қыркүйегінде аталған тақырыпта мерекелік іс-шара өткізудің жоспары, оған қатысатын облыстық департаментке қарасты қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің командалары әр ұлттың салт дәстүрін, өнерін, ұлттық тағамдарын көрсете отырып, аталған іс-шараның ережесіне сәйкес тиесілі ұлттардың салт дәстүрін насихаттауға мән берілген.
Білікті тіл, мәдениет, өнер мамандарынан әділ-қазылар алқасы бекітіліп, бұл күнде Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі басшылығының бақылауымен дайындық жұмысы жүргізілуде.
Іс-шараны өткізуге бөлім қызметкерлері филология ғылымдарының кандидаты Жанна Айдарқызы Исмайлова бекітіліп, осы іс-шараға даярлық барысы қадағаланып, мамандар тарапынан бағыт-бағдар беріліп, әдістемелік көмек көрсетілуде. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші Тылды қамтамасыз ету басқармасының бастығы полиция полковнигі Сұңғат Тленшиннің басшылығымен жүлделі орынға ие болған тіл мен мәдениеттің, салт дәстүрдің білгірде озық командаларын марапаттау жұмыстарына даярлық та назардан тыс қалған жоқ.
Аталған шараға Түркістан облыстық Полиция департаментінің қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы полиция капитаны Меруерт Абдіқадырқызы да белсенді қызмет атқаруда.
Түркістан облысы бір шеті сонау Мырзашөлден басталып, Өзбекстанмен шекараласатын, бір шеті Созақпен ұштасатын, Бетпақдала арқылы Қарағанды облысымен көршілес, бір шеті бау-бақшалы Түлкібас арқылы Жамбылға жалғасып жатқан, көп ұлттың өкілін бауырына алып, бір кісінің баласындай ынтымақтаса гүлденіп келе жатқан, табиғаты жайсаң, 2 миллионнан астам халқы бар берекелі өлке. Осында тұратын қала, аудан полиция басқармасы мен бөлімдері, төмендегідей ұлт пен ұлыстардың тілі мен дәстүрін, ұлттық дастарханын көрсетіп, достықтың үлгісін паш ететін күнге де санаулы сәттер қалды.
Арыстық полицейлер татар ұлтының, Бәйдібек аудандық полиция бөлімі күрді ұлтының, Төлеби аудандық тәртіп сақшылары украин халқының, Түлкібастықтар қырғыз ұлтының, Түркістан облысы полицейлері кәріс ұлтының, Сайрамдықтар ақыста түріктерінің, Қазығұрт командасы қазақ ұлтының, Созақ гүржілердің, Кентау гректердің, Сарыағаш өзбектердің, Мақтаарал шешендердің, Отырар ұйғырлардың, Шардара тәжіктердің, Келес әзірбайжандардың, Жетісай неміс ұлтының салт дәстүрлерін паш етпекші.
Іс-шараға облыста сол ұлттармен көршілес отырған немесе жиі араласқа түскен ұлттар дәстүрін бейнелеу ескерілген. Мысалы Кентау қаласында күні кешеге дейін гректер мекен етсе, Түлкібас қырғыздармен көршілес жатыр.
Бұл іс-шара тілді дамытып қана қоймай, халықтар достығына да үлкен үлес қосады деп күтілуде . Халқымыздың бірлігі, ынтымағы, өзара түсіністігі бейбітшіліктің ғана емес экономикамыз бен саясатымыздың да негізі. Тәртіп сақшылары бейбіт күнді, ел тыныштығын күзетеді сондықтан осындай игі істер мен асыл мұратты тілейді. Халықтар достығын ту еткен полицейлердің жетістіктерін департамент тарапынан берілетін бір бас жүлде, 1-2-3 орындарға берілетін марапаттар мен
ынталандыру сыйлықтары, грамоталар мен бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Сөз соңында «Жеңісті күндерде жолыққанша!» демекпіз.

Салтанат Бегімбайқызы Қаракөзова – Түркістан облысы Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі