Басты бет > Мәдениет > ТМД елдерінің мəдени астанасы ШЫМКЕНТТЕ ДОМБЫРАҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

ТМД елдерінің мəдени астанасы ШЫМКЕНТТЕ ДОМБЫРАҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Бүгін 2020 жылы ТМД елдерінің мəдени астанасы саналатын Шымкент қаласында әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында «Ұлттық домбыра» күніне орай, Домбыра аспабына арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Түркістан сарайының алдынан орын тепкен ескерткіштің ашылу рәсіміне қала тұрғындары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері қатысты. Биіктігі 7 метр ескерткіш ұлттық нақыштармен көмкерілген.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Домбыра күнінің маңызына тоқталып, жаңа ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
– Бүгін бәріміз үшін қуанышты күн. Домбыра аспап қана емес, қазақтық жаны, философиясы деуге болады. Домбыраның үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құндылық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын. Ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен қала мәслихатының депутаттарына, меценат азаматтарға өз алғысымды айтамын. Қазақ халқы ешқашан жыламасын, бақытты болып көңілі әрқашан көтеріліп жүрсін, – деді қала әкімі құттықтау сөзінде.


Айта кетейік, ескерткіштің бір ерекшелігі, жанына жақындаған кезде қазақтың күйі орындалады. Шымкенттіктер енді мұнда 30-ға жуық күй тыңдап, аспаптың қоңыр үнінен тамаша әсер ала алады. Мерекелік шарада айтыскер ақын Біржан Байтуов өз арнауын оқып, домбыра күні рухымызды асқақтататын мереке болуы тиіс екенін айтты.
– Домбыра күні деген ұлттың мерекесі, біздің күнтізбедегі ең бір демалып, көңілімізді көтеретін, рухымызды асқақтатын мейрам болу керек. Домбыраны тартқан кезде әр қазақтың бойында қаны ойнамай тұрмайды. Ақын Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп айтқандай, домбыраның тариыхы кеше, бүгін емес, сонау мыңжылдықтардан бастау алған. Аңыздарға қарасаңыздар, Шыңғыс ханның тұсында Кет бұғаның Жошы ханның өлгенін домбырамен жоқтап жеткізген күйі осы заманға дейін жеткен. Бұл осыдан 800 жыл бұрынғы күйлер. Домбыра – қазақтың халықтық сипатқа айналған рухани аспабы. Ол музыкалық аспап қана емес, қазақ кім деген кезде міне деп көрсететін негізгі темірқазығы, ұстыны. Бүгінгі мереке құтты болсын, – деді Б.Байтуов.
Естеріңізде болса, Елбасының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын. Осыған орай, Қазақстан суретшілер Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов домбыраны жасауға төрт ай кеткенін, ескерткіштің бірнеше нобайы ұсынылғанын айта кетті. Оның сөзінше, суретшілер қауымы алғашында домбыраны граниттен, мыстан жасауды ойға алыпты. Алайда, бір шешімге келіп, домбыраны темірден жасаған.
– Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындарға керемет сый тартты. Суретшілер одағында бәріміз атсалысып, осындай бірнеше эскиздің вариантын жасадық. Қалалық мәслихат депутаты Ғани Ташқараевтың сіңірген еңбегі көп болды. Монументалдық ескерткіш қаламызға келген туристер тамашалайтын әсем орынға айналатын болды, – деді Ә.Ахметов.
Шара барысында қаланың өнерпаздары халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармаларын орындап, мерекенің әрін кіргізді. Кешкісін мереке қаланың орталығында орналасқан Арбатта жалғасын тапты.
Медиаон – ақпарат