Басты бет > Саясат > “ТЕРІСКЕЙ ТАЛАНТТАРЫ” ХАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ 20-ШЫ РЕТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА.

“ТЕРІСКЕЙ ТАЛАНТТАРЫ” ХАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ 20-ШЫ РЕТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА.

Созақтағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Созақ ауданының 90 жылдығы жəне   Астананың 20 жылдық мерекесіне орай аудандық «Теріскей таланттары-2018» халық өнер фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Фестивальді Созақ ауданының əкімі Полатов Салыхан Сабырұлы құттықтау сөзбен ашып беріп, Қ.Досымбековтің сөзіне жазылған  С. Батырбековтің «Теріскей таланттары» əнінің тұсауы кесілді. Ашылу салтанатында ауданның облыстық, республикалық байқауларының жүлдегерлері концерттік бағдарлама беріп, созақтық ақындар мен сазгерлердің əндерін орындап, күмбірлеген күймен шертпе күйдің мекені екендігін танытты. Айтулы жиын  «Мерейіңмен, туған ел!» атты әдеби жүздесуге ұласып, теріскейде туған əдебиет əлемінде шоқтығы биік Ескермес Жақсымбетов, Есенбек Кенжеғараев, Мыңжасар Асқаровтар өлеңдерін оқып, аудан əншілері елімізде кеңінен танылып үлгерген əндерін орындады.
1998 жылы Созақ ауданының 70 жылдығына орай бастау алған «Теріскей таланттары» халық өнер фестиваліне де биыл – 20 жыл.
Фестивальдің мақсаты – ауылдық жерлердегі жас таланттарды тауып, оларға қолдау көрсету, отансүйгіштікке баулу болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі  ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»- деп, атап көрсеткен болатын. Осы орайда төл өнерді төрге шығарып, дәстүрді дәріптеуге бағытталған  фестиваль сегіз жанр бойынша өз дарындарын іздейді. Яғни, «Сырлы саз әуендері» – эстрада жанры, «Зерлі қалам» – бейнелеу өнері қыл қалам шеберлері  жанры, «Күміс керуен» – қолөнер шеберлері жанры, «Сырлы дүние»-жыр мүшәйрасы және көркемсөз оқу  жанры, «Гауһартас» – халық әндері жанры, «Сәукеле» – би жанры, «Сахна иірімі»- драма жанры,  «Халық – өнер қайнары» ұжымдық көркемөнерпаздар байқауы таланттарды түлетуге əзір.
“Теріскей таланттары” байқауынан  ҚР Мəдениет қайраткері, əнші Жұбаныш Жексенұлы, Сəкен Майғазиев, Кенжебек Жанəбілов сынды елімізге танымал өнер жұлдыздары қанат қағып, қазақ мəдениеті көгінде еркін самғап жүргендігі белгілі.
Биылғы жылы өткелі отырған фестивальдің  жүлде қорына аудан əкімдігі тарапынан –  2 500,0 мың теңге тағайындалған. Жеңімпаздар қорытынды гала-концертте марапатталады. Сондай-ақ, шара барысында «Халық – өнер қайнары»  атты ұжымдық көркемөнерпаздар байқауы жүлдегерлері аудан орталығында арнайы концерттік бағдарламасын өткізеді.
Созақ аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің «Мыңжылқы» мәдениет сарайына қарасты 3 ауылдық мəдениет үйі, 2 кент мәдениет үйі жəне  7 ауылдық клуб халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Əрбір мəдени ошақта жас дарындармен жұмыс жасау ісі де күн санап қарқын алып келеді.
Созақ ауданына 90 жылдығына орай 2 республикалық, 5 облыстық (Созақ ауданының 90 жылдығы аясында А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауының, Б.Батырбекованың 90 жылдығына орай «Созағым менің жыр елі» атты жазба ақындар арасында мүшәйрасының, ауданды дәріптейтін «Теріскей, айналайын келбетіңнен…» жаңа әндер байқауының, ауданның 90 жылдығын лайықты атап өту мақсатында үздік сценарийлер байқауы, Т.Әлімқұловтың 100 жылдығына орай облыстық «Тәкен оқулары» байқауы, Төлеген Момбековтің 100  жылдығына арналған «Күй құдіреті» күйшілер байқауы «Сырлы Созақ» атты республикалық ақындар айтысы) және дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқаулар, іс-шаралар мен Т.Әлімқұлов,  Т.Момбековтің 100 жылдығына, Б.Батырбекованың 90 жылдығына, А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілмек.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.