Басты бет > Мәдениет > ТАМЫРЫНАН АЖЫРАҒАН ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

ТАМЫРЫНАН АЖЫРАҒАН ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

30
views

Бүгінде елімізде тіркеліп, қанатын кең жая бастаған дәстүрлі емес діндердің атынан да, санынан шатасатын жағдайға жеткеніміз ешкімге де жасырын болмай тұр.

«Вайншавтар», «Баптистер», «Иеһова куәгерлері», «Сун Бок Ым шіркеуі», «Кришнайттар», «Саентология шіркеуі», «Сахаджа Йога»… айта беретін болсақ жетіп артылады. Олар елімізде тіркеліп алып, тыныш жатқан жоқ…

Осыдан оншақты жыл бұрын миссионердің бәрі көшеге шығып, қызылды-жасылды суреттермен безендірілген әдемі кітапшаларын тегін тарқатып, өздерінің «діндерін» уағыздап жүретіні қалыпты жағдайға айналған-тын. Тіпті, үйіңіздің есігін тоқылдатып, табалдырығыңызда тұрып алып, өздерінің «тура жолын» насихаттай жөнелетіндер де көп еді. Әйтеуір, кештеу болса да Заңға өзгертулер енгізіп, көшеде дінді уағыздауға тыйым салынды. Алайда, өзге дінге өтіп адасқандардың саны артпаса, кемімеген секілді.

Еліміз шын мәнінде әлемдегі дәстүрлі емес діндердің орталығына айналғандай. Басқаны қойып, исламның ішіндегілер де қырық тармаққа бөлініп кетті.

Мұсылмандықиты шолақ балақ, қаба сақал, кебінге оранып жүру деп ұғатындар «Ахмедие жамағаты», «Алла-Аят» (Фархатшылар), «Ата жолы», тахриршілдер, таблиғшылар, салафилер, тәкпіршілер, кораниттер болып санға бөлініп кетті. Тіпті, қайсысына сенеріңді білмей дал болатын жағдайға да жетіп қалғандаймыз. Қызығы, әр ағым өз жолдарын «тура» санап, өзгелердің бәрін «адасқандар» санайтыны. Негізінен, жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе, жастарымыз миссионерлердің үгіт-насихатына тез илігетін көрінеді. Дегенмен де, жат ағымның жетегіне ергендердің қатарында «төрт құбыласы түгел», барлық жағдайы жасалған қандастарымызды да көріп қалатынымыз жасырын емес. Ағымға ерген азаматтардың сәбилерін тиісті медициналық тіркеуден өткізуден бас тартып, тіпті екпе егуге қарсы болуы, басқа ағымға ерген жасөспірімдердің мектептегі оқуларын тастап кетуі, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдау – харам деп, сонымен қатар, Мемлекеттік Әнұранымызды тыңдамау, жүрек тұсына қолын қоймау, туға құрмет көрсетпеу, евангелші баптистердің «жер бетінде шекара болмауы керек» деп, Отан қорғаудан қашып, әскери борышты өтемеу дұрыс деген бағыттағы уағыздар жүргізуі түрлі діннің ағымында кеткендердің ұлттық әдет-ғұрып, салт-сананы естен шығаруының айғағы болса керек. Айта кетерлік нәрсе, жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен жастардың, жалпы адамдардың қоғамға қайта оралуы өте қиын. Тіпті, кейде мүмкін де емес. Өйткені, оларды Отан, отбасы, бірлік сынды қасиетті ұғымдар толғандырмайды. Санасы уланғандар тек көсемдері айтқанды екі айтпай орындайтын сарбаздарға айналғанын өздері де түсінбейді. Бұған дәлел, соңғы кездері радикалды ағым мүшелерінің бірнеше рет қылмысты оқиғалардың ұйымдастырушылары ретінде аталуы. Ал, бұл қоғам үшін өте қорқынышты емес пе?! Сондай-ақ, түрлі діннің ағымында кеткен әке мен баланың бір дастарқаннан ас ішпек түгілі, бір-бірін жау көруі, өзінен туса да өгейдей күн кешіп, әке-шешесін тыңдамай, балалары басқа діннің ағымында кеткен ата-аналардың зары әлі күнге тиісті орындардың құлағына жете алмай отырғандай… Намаз оқымағанның бәрі харам, жау деп санайтындардың қарасы көбейді. Ата-бабамыздың жылдар бойы сақтап келген асыл дәстүрлерімізге қарсы шығып, «аттандап» уағыз айтатындардың қарасы көбейді. «Ширк – Аллаға серік қосу» дегенді бетперде қылып, беташар жасау, келіннің сәлем салуы, әруақ, әулиелерді зиярат етуді ширк деп санап, ашық түрде қарсы шығып, ата-бабасын жек көретінін ашық білдіретіндердің де қарасы көбейді. Тіпті ондайлардың қатарын «ел сөзін сөйлейді-ау» деп үміт күткен ағаларымыздың толтырып жүргені де қалыпты жағдайға айналды. «Әруаққа құран оқу дұрыс емес, өлген кісінің жетісі, қырқы дегенді өткізбеу керек. Ата-бабасына ас бергенінің кесірінен Алла қазақты тастап кетті» — деп бейнетүсірілім жасап, әлеуметтік желіге жүктеп, көсемситіндер де табылып жатыр. Оларды жақтаушылардың да қатары аз емес екенін көріп, жаныңыз түршігеді.

Бұрын вахабшылар, хизб-ут-тахриршілер деген ұйымдарға тосқауыл қойылғанымен, олардан тек атауы ғана басқа, көздегені – қазақты тамырынан ажырату болып келетін ағымдар да көбейді. Елімізде үстіміздегі жылы орын алған екі лаңкестік оқиғаға да салафилердің қатысы болуы — бұл ағымға да тосқауыл қоятын уақыттың жеткендігін меңзесе керек. Күлікбаевтың салафтарға қатысы бар-жоқтығы әлі анықталмағанымен, оның қалтасынан табылған жазбаның салафтарға тиесілі екенін айтқандар жеткілікті. Шыны керек, «зайырлы мемлекетпіз» деп жат ағымдарды тым еркінсітіп жіберген секілдіміз. Көшелерде, көпшілік орындарда дін уағыздауға тыйым салынғанымен, миссионерлер әлі тайраңдап жүріп, өз миссияларын атқаруда. Ерсін Әміре атты имамның бір сұхбатында: «Жастардың адасуына басты себеп – діни сауатсыздық және дәстүрлі ұстанымды тиісті деңгейде уағыздайтын мамандардың тапшылығы. Оның үстіне мешіттерімізде қызметкерлер саны шектеулі. Ал, мешітке келушілер саны күн санап артып келеді. Жат ағымның жетегіне ергендер, мешітке жаңадан келген жамағатты байқап, онымен танысып, үйіне дейін шығарып салып, өздерінің идеологияларын тықпалайды. Имамдарды сынап, жаңадан намаз үйреніп, мешітке қадам басқан жамағаттың жүрегіне күмән салады. Одан кейін діни кітаптар, уағыздары жазылған дисктер сыйлайды. Жамағат тарапынан орын алатын бірінші қателік, сондай сәтте олардың берген әдебиеттерінің дұрыс-бұрыстығын мешіт имамдарынан анықтап, сұрап алмайды. Бұған қоса жат ағымдағыларды қолдап тұрған елдер бар. Сыртқы күштердің қолдауының орасан әсерін ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі таңда мешіттерімізде осындай теріс пәтуаларды жүрегіне сіңіріп қалған жастардың, имам уағыз айтып жатқанда құлақ салмай, құлақтарына құлаққап (наушник) киіп алып, өздерінің шейхсымақтарының уағыздарын тыңдап отырғанын көптеп көресіз. Олар өзгені тыңдамайды, тыңдаса, өздерінің қателікте жүргенін түсінер еді» — деп айтқаны осы сөзіміздің дәлелі.

Байқағандарыңыздай, жат ағымның пиғылы – ұлт үшін, мемлекет үшін үлкен қауіп. Олардың негізгі ойы – қазақтарды сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл діндерінен бездіріп, салт-дәстүрін жоққа шығарып, тамырынан ажырату секілді. Ал, тамырынан ажыраған ұлттың болашағы жоқ.

Сағындық ЖАНЫСБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *