Басты бет > Саясат > Соқыр тауыққа бәрі жем немесе судья Сабит Төрехановқа адамның тағдыры ойыншық па?

Соқыр тауыққа бәрі жем немесе судья Сабит Төрехановқа адамның тағдыры ойыншық па?

102
views

Сарыағаш ауданының білім бөліміндегі бітпес былықты облысымызда сынамаған БАҚ кемде-кем шығар?! Соның бірі Абдалиева Малика басқаратын «Медиа ON» ақпараттық агенттігі мен «Зияткер ON» газеті. Малика Абдалиеваның әсіресе былтыр күздегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа жолдаған ашық хаты қоғамда қызу талқыланған. Ашық хатта сыналған аудандық білім бөлімінің қызметкерлері Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық соты арқылы жарты жыл дауласып жүріп, журналист Абдалиева Маликаны заңсыз соттатқан. Бірақ апелляциялық сот сатысы ол әділетсіз үкімді бұзып, Малика Абаливаны толық ақтады. Сөйтіп конституциямызбен бекітілген сөз еркіндігі қайта қалпына түсті.

«Медиа ON» ақпараттық агенттігіне, Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты Абай ауылында орналасқан №73 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназияның бірнеше мұғалімдері былтыр көктемде барып, мектептеріндегі былықты айтып береді. Айтуларынша сол мектепті 20 жылдан аса басқарып келген директор Үбайда Қожагелдиевадан көрмеген құқайлары қалмапты. Директор айтқанына көнбеген мұғалімдерді қуғын-сүргінге ұшыратады екен де, ал оған ешкімнің тісі батпайды екен. Себебі аудандық білім бөлімінде, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, қолдап, қуаттап отыратын, Тұрғанбай Ахметов деген «кластасы» бар екен. Ол кластасы, тіпті сол кездегі білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың өзін ашса алақанында, жұмса жұмдырығында ұстайтын, бір дәу көрінеді! Аудандық білім бөліміндегі сол «крышаларына» арқа сүйеген директор Қожагелдиева қоластындағы мұғалімдердің өзіне бағынбағандарының қаққанда қанын, соққанда сөлін алады екен!

Малика Абдалиева бұл факт бойынша журналистік зерттеу жүргізіп, мұғалімдердің айтқандарына көзі жетіп, БАҚ және әлеуметтік желіде ол жайында бірнеше мақала жариялайды. Мәселе қоғамда қызу талқыланады. Жыл соңына қарай Малика Абдалиева сол мақалаларын тіркеп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа ашық хат жолдайды. Ашық хатта алдымен «егер артық кетсем кешірім сұраймын» деп бастап, сосын барып білім саласын былықтырған Үбайда Қожагелдиева, Тұрғанбай Ахметов, Бауыржан Майриховтарға қатысты өзінің пікірін білдіреді. Пікірлерін сұрау түрінде білдіреді. Ашық хат көп ұзамай басқа да басылымдарда жарияланады.

Сол-ақ екен, Қожагелдиева, Ахметов, Майрихов үшеуі ашық хаттағы өздері туралы жазылған мәліметтерді тегіс «қорлау, жала» деп, журналист Малика Абдалиеваны сотқа береді. Меніңше, бұл барып тұрған ақымақтық. Мұндай қадамға ол үшеуі өздері емес, Жетісай жақтан жалдаған, бір сөйлеп бастаса оңайлықпен тоқтай қоймайтын Байтелиев Көбеген деген адвокаттың ақылымен барған-ау, сірә?!

Өйткені осы соттан бұрынырақ, директор Қожагелдиева ешқандай негізсіз «алаяқ, нағыз алаяқ» деп бір орынбасарының үстінен аудандық білім бөліміндегі «крышаларының» назарына арыз жазған болатын. Өзін дәлелсіз «алаяқ» деп жазғаны үшін орынбасары директор Қожагелдиеваны сотқа берген. Сол сотта да Қожагелдиеваны осы адвокат Байтелиев Көбеген қорғаған. Сөз кезегі Көбекеңе тигенде, ол «менің қорғауымдағы Қожагелдиева білім бөліміне жазған арызында орынбасарын «алаяқ, нағыз алаяқ» деп жазып көрсеткенімен «алаяқ «деп айтқысы келмеген, тіпті айту пиғылы да болмаған, «просто» жаза салған, сондықтан менің қорғауымдағы Қожагелдиеваны «алаяқ» деп «просто» жаза салғаны үшін кіналау орынсыз әрі заңсыз тұжырым….» деген сияқты қойыртпақпен, құдай салмасын, бір сағатқа жуық армансыз езген! Сөйтіп сот, Қожагелдиеваны «алаяқ, нағыз алаяқ» деп нақты кесіп жазғанына қарамай, «просто жаза салған ғой» деп ақтап жіберген. Адвокат Көбеген «өткен сотта бір сағат сөйлеп Қожагельдиваны ақтатқам, енді тоқтамай екі сағат сөйлесем, Маликаны соттатам» деп сендірді ме үшеуін, кім білсін?!

Сонымен журналист Малика Абдалиеваны айыптау шағымы Әл-Фараби аудандық сотына түсіп, ақпан айының ортасында сот басталды. Меніңше бұл сотта журналист Малика ақталуы тиіс еді. Өйткені ешқандай негізсіз «алаяқ» деп, нақты кесіп жазған Қожагельдиеваны ақтаған еліміздің соты, енді Қожагельдиеваның өзін, алдымен кешірім сұрап тұрып, сұрау түрінде сынаған журналист Малика Абдалиеваны қалай соттамақ?

Бұл сотта да Қожагельдиева бастаған айыптаушыларды адвокат Байтелиев Көбеген қорғайтын болды. Ал Маликаны Болат Сыдықов деген адвокат екеуміз қорғайтын болдық. Істі қараған судья Сәбит Төрехановтың төрағалығы маған бірінші қатысқан сот отырысынан-ақ жақпады. Қазақша ежіктеп әрең сөйлеп тұрған Төрехановтың өз ойын мемлекеттік тілімізде дұрыс жеткізіп, дұрыс түйіндей алатынына сене алмадым. Тілі орысша шыққаны мейлі ғой, осы күнге дейін қазақшасы дұрыстала қоймаған судья Төреханов, қылмыстық кодекстің «қорлау», «жала» сияқты терең тұжырымдар келтіруді талап ететін баптары бойынша істі дұрыс қарап, заңды баға береді дегенге қалай сенуге болады? Қазағымның «соқыр тауыққа бәрі жем» дегені келіп жүрмесе болғаны деп қорықтым.

«Егер мені тыңдасаң қазақша қатырмайтын мына судьяға тез арада қарсылық білдірейік» дегеніме Малика «жоқ аға, ол судья істі өте дұрыс қарап отыр, аналарға ұрсып тастап жатыр, маған «сенің іс-әрекетіңде қылмыс құрамы жоқ деді» деп, бой бермеді. Өзін судья Төрехановтың жеке шығарып алып, «бұл сот туралы фейсбукте әзірге ешнәрсе жазбай тұрыңыздар, сосын жәбірленуші Қожагелдиеваның басқа мұғалімдерімен де соттасып дауласқаны туралы шешімдер бар болса соларды тіркеп, оның өзіне қатысты жеке қаулы шығаруды сұрап, маған талап-тілек түсіріңіздер» дегенін айтты. Судья Төрехановқа құдайдай сеніп, сот біткенше бұл сот жайлы бірде-бір пост, бірде-бір мақала жазғызбады. Амал жоқ, дер кезінде айтылмаған талай сөздің атасы өлді.

«Судья Сәбит айтты» деген соң, Жаппарқұлда жан бар ма? Келесі сотқа директор Қожагельдиеваның, басқа мұғалімдермен бұрын соттасқан шешімдерін таптырып әкелдік. Шешімдерін таппаған жерде сол соттасқан мұғалімдердің дауысы жазылған аудиотаспасын әкеліп сотта бәріне тыңдаттық. Қожагелдиеваға қатысты жеке қаулы шығаруды сұрап, талап-тілек түсірдік. «Қап бәлем Қожагельдиева, енді қарап тұр!» деп, екі алақанын ысқылап Маликамыз мәз!

Маусымның 15-і күні, сот та бітті-ау! Судья Сәбит Төреханов кеңесу бөлмесіне барып келді де, «Майрихов, Ахметов, Қожагельдиевға БАҚ арқылы жала жапты» деп, Абдалиева Маликаны бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеп, соттады да жіберді. Үкімді естігендегі Маликаның жай күйін айтпай-ақ қояйын! Бірақ өзіне де сол керек, несі бар судьяға сеніп!

Бес күннен кейін үкімді алып, зейін қойып оқып, «ойпырмай, сонда судья Төрехановқа жалғанды жазған да, шындықты жазған да жалақор болғаны ма?» деп таң қалдым! Тіліме қайта-қайта «соқыр тауыққа бәрі жем ба?» деген бәле орала берді! Содан кейінгі түйгенім, «судья Төрехановқа адамның тағдыры ойыншық-ау?» дедім. Себебі үкімінде, 1971 жылдың 13 тамызда, Қазығұрт ауданында дүниеге келген Малика туралы, «Малика Абдалиева 15.11.1964 жылы, ОҚО, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында туылған» деп көрсетіпті. Логикаға салсақ, судья Төреханов Малика Абдалиеваның бас дерегі туралы компьютерінде қазақша сақталған, осындай баппен сотталған біреудің үкімін өзгертіп, көшіре салған, оны да болса дұрыс көшірмеген. Демек судья Төреханов өзі сотты болып жатқан адамның тағдырына атүсті қарап, ойыншықпен ойнағандай, білгенін істеп ұра беретін болғаны ғой, Алла сақтасын! Осындай үкімді оқығанда, еліміздің жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың «шешім қабылдағанда қателесуге, брак жазуға құқымыз жоқ!» дегені, әшейін ғана, Елбасы мен халықты алдарқату үшін айтылған жел сөз сияқты болып көрінеді!

Сонымен адвокат Болат Сыдықов екеуміз судья Сәбит Төрехановтың үкіміне не үшін келіспейтінімізді нақты көрсетіп тұрып, Шымкент қалалық сотына апелляциялық шағым түсірдік. Тамыз айының 16-сы күні шағымымыз апелляциялық алқада екі күн қаралып, судья Сәбит Төрехановтың айыптау үкімі бұзылып, журналист Малика Абдалиева толық ақталды. Күш әділетте!

P.S. Журналист Малика Абдалиеваның ақталып шыққандағы көңіл күйін «ютуб» әлеуметтік желідегі каналымызда жарияланған мына сілтемедегі

роликтен көруге болады.

«С Информ» газеті

Редактор

Амангелді БАТЫРБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *