Басты бет > Қоғам > СОЗАҚТЫҢ КІТАПХАНАСЫНДА СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ҚҰНДЫ КІТАПТАР БАР

СОЗАҚТЫҢ КІТАПХАНАСЫНДА СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ҚҰНДЫ КІТАПТАР БАР

Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қалалар арасында кітап қоры жағынан көш бастап тұрған кітапхана бар. Ол Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан аудандық орталық кітапхана. Мұндағы кітап қоры 400 мың данаға жуықтайды. Және аталған мекемеде жиі кезде бермейтін құнды кітаптарды табуға болады екен. Бұл туралы таяуда ОҚО-ның БАҚ өкілдері үшін Созақ ауданына жасалған арнайы пресс-тур кезінде көрсетіліп, айтылды.

 

Шолаққорған аудандық кітапханасында 385 мыңнан астам кітап болса, олардың 8500-і құнды кітаптар, яғни, көп кездесе бермейтін туындылар. Сонау 1950 жылы жарыққа шыққан дүниелер де қаз-қалпында сақталған. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жылына 6 мыңға жуық кітап тұрақты түрде оқырман қолына тиеді. Тағы бір айта кетерлігі, аудандық кітапханада соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» газеттері сынды мерзімді басылымдардың мұрағаты сақталған. Рухани азық мекені елімізге танымал тұлғалар тарапынан жоғары бағасын да алып үлгеріпті.

«Біздің кітап қорымыз көркем әдебиетке өте бай. Бізде балалар әлем әдебиетінің барлық томы сақталған. Әрине, бұл – біз үшін мақтаныш. Сонымен қатар, энциклопедиялық, анықтамалық, ғылыми кітаптардың да түр-түрін таба аласыз. Осыдан біраз жыл бұрын Сауытбек Әбдірахмановтың өзі бір келгенінде «Пушкин еңбектері және қазақша зерттеу» кітабын осы жерден көріп таң қалған. Ал жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз біздің кітап қорымыз Астана кітапханаларымен бірдей деп бағасын берген», – деді кітапхананың ақпараттық және биографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сәуле Бораншиева.

Технологияның қарыштап дамыған заманы оқырман санына өзіндік салқынын да тигізбей қоймаған. Бұл тұрғыда қызметкерлер оқырман қызығушылығын арттыру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді екен.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.