Басты бет > Қоғам > СЕНАТОР Д.НАЗАРБАЕВА ОҢТҮСТІКТЕГІ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

СЕНАТОР Д.НАЗАРБАЕВА ОҢТҮСТІКТЕГІ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарының екінші күнінде ҚР Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері мен ОҚО әкімі Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданындағы шекара қызметінің жұмысымен танысты.

Ең алдымен сенаторлар Сарыағаш шекара жасағының «Жібек жолы» өткізу бекеті мен «Дархан» шекара заставасында болды. Олар қазақстандық шекарашылардың жауынгерлік қызметімен танысып, инфрақұрылым нысандарын аралады. Сонымен қатар, ҰҚК Шекара қызметінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы 2020 әскери бөлімінде мемлекеттік шекараны күзету мәселелері бойынша көшпелі отырысқа қатысты.

Қазіргі таңда Қазақстан-Қырғызстан және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын шегендеу процесі аяқталды. Қазақстан-Қырғызстан шекарасын шегендеу мен тәртібі туралы халықаралық шарттарға қол қоюға дайындық және келісу жұмыстары жүргізілуде.

2017 жылғы қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Мемлекеттік шекараны күзету кезінде шекара аймағында 3 545 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. 75,5 келі есірткі заты мен (оның ішінде 50 келіден астамы – героин), 16 қару және 523 оқ айналымнан алынды.

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған екі күндік сапарды қорытындылай келіп, шекара қызметінің техникалық жабдықталуының жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Бұл саланың басымдыққа ие екені баршаға белгілі, әскери қызметшілердің, оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалуы үшін барлық жағдай жасалады. Әскери қызмет туралы заңнамаға әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін елеулі түрде жеңілдететін түзетулер Мәжілісте енгізілді. Ол өте ауқымды жұмыс, ол депутаттардың еңбегі деп санаймын», – деді Д.Назарбаева.

Сонымен қатар, ол бюджет қаржысын елеулі түрде оңтайландыратын бірыңғай авиация қызметін құру керектігінде атап өтті.

“МЕДИАОН” ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.