Басты бет > Қоғам > “Сарыағаш-Әділеттің” мұрындық болуымен аудандық бюджетке жымқырылған миллиондаған теңге қаржы кері қайтарылды

“Сарыағаш-Әділеттің” мұрындық болуымен аудандық бюджетке жымқырылған миллиондаған теңге қаржы кері қайтарылды

Құрметті сарыағаштықтар! Міне бүгін 3 жылдан бергі арманымыз орындалып, “С-ИНФОРМ” деп аталатын газетіміздің ең алғашқы саны жарық көріп отыр. “С-ИНФОРМ” газетінің басқа БАҚ-тан ерекшелігі – оның құрылтайшысы12 бастамашы азаматтар басқаратын “Сарыағаш-Әділет” қоғамдық бірлестігі. Ал “Сарыағаш-Әділет” қоғамдық бірлестігінің, аудан көлеміндегі заңсыздықтармен, әсіресе экономикамыздың адымын аштырмай жатқан сыбайлас-жемқорлық пен мемлекетіміздің заңы мен жарғымыздың шеңберінде күресіп, ауыз тұшытып айта аларлық нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан қоғамдық бірлестік екенінен аудан халқы жақсы хабардар. Бас аяғы 2-3 жылдың төңірегінде “Сарыағаш-Әділеттің” мұрындық болуымен аудандық бюджетке жымқырылған миллиондаған теңге қаржы кері қайтарылды.

Оны біз мақтанышпен айта аламыз және қай жерде болмасын, кімге болмасын дәлелдей аламыз. Алайда біздің осындай оң нәтижелеріміз, бір-бірімен жең ұшынан жалғасқан  жемқорлар мен “қой терісін жамылған қасқырлардың” жолын кесіп кетсе керек сірә, 2015-ші жылдың жазында бірде-бір қоғамдық ұйым басынан кешіріп көрмеген, аяусыз қуғынға ұшырадық. Басымызға түскен тауқіметке халық пен жоғарыдағы биліктің назарын аудартады деп үміттеніп жүгінген жергілікті БАҚ өкілдері біз туралы жұмған ауыздарын ашпады. Ауданымызда кең тарайтын “Сарыағаш” газетінің бас редакторы Кеңес Балықбаев біздің жан-айқайымызды жариаламақ тұрмақ, “әкім айтып жатыр” деп, бір-екі шал-кемпірдің біз туралы ауданда теріс пікір туғызбақ мақсаттағы жортақ мақалаларын шығарып кетті. Аты тәуелсіз газет болғанымен, қожайындары құқыққорғау органдарымен проблема болғанын қаламайтын  “Сәтті”, “Шапағат” деген газеттер  туралы сөз қозғамай-ақ қойса да болады. Қысқасы, жергілікті БАҚ өкілдерінен қайран болмай, айтарымызды айта алмай,  тағдырдың басымызға салған тауқіметін армансыз көрдік! Алдымен генерал Ибраһим Иманов басқарған облыстық прокуратура Сарыағашқа арнайы келіп, шек-шабағымызды ақтарып тексертіп, нәтижесінде” мекен жайын дұрыс көрсетпеген” деп, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Артынша”Сарыағаш-Әділетке” офисті жалға беріп тұрған ғимарат қожайыны, “маған прокуратурамен проблема керегі жоқ” деп, бізді бір күнде қуып шығып, далада қалдық. Ол аздай, менің өзіме бірнеше және орынбасарыма бір қылмыстық іс ашылып, тергеу де тексеру болып кетті! Көп ұзамай, Нұрлан Сапаров деген аудандық прокурордың орынбасарының заңсыз шағымымен мені түрмеге заңсыз қамап жіберді. Бұл сұмдықты естіген “Сарыағаш-Әділет” қоғамдық бірлестік мүшелерінің көбісі жан-жаққа тым-тырақай қашып, тоз-тозымыз шықты. Міне сол қуғын-сүргін 2 жыл дегенде әрең тоқтап, өзімізге өзіміз енді келіп жатырмыз. Бірақ біз мойыған жоқпыз, керісінше болаттай қатайып, шыңдала түстік. Міне өздеріңіз көріп отырғандай газетіміз де жарық көрді. Құдай қаласа, алаш қайраткері Байтұрсынов Ахмет ағамыз айтқандай, “С-ИНФОРМ” халқымыздың көзі, құлағы Һәм тіліне айналады деген үміттеміз. Біздің мақсатымыз – қазіргі таңда көптеген БАҚ-тар ұстанған жалпақ шешейлік саясаттан арылып, шешімін таппай тұрған өзекті мәселелерді заң шеңберінде ашық көтеру мен қара қылды қақ жарды әділ әрі өткір мақалалар жариялау арқылы алдымен ауданымыздың сосын облысымыздың одан әрі республикамыздың халқының сеніміне ие болу! Оған біздің толық мүмкіншілігіміз бар. Басылымымызда, приоритет мемлекеттік тіл, қазақ тіліне берілген. Содан кейін, ұлтаралық тіл саналатын, аудан көлемінде бірде-бір басылымы  жоқ, орыс тіліне газетіміздің бір беті беріледі. Үшінші кезекте, ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, аудандарымыз шекаралас өз ағайынымыздай болып кеткен өзбек ұлтының тілі мен Сарыағаш ауданында көп шоғырланғанына байланысты тәжік тіліне де көңіл бөлінетін болады. Сол себепті газетіміздің атауын осы 4 тілде өзгеріссіз жазылатындай “С-ИНФОРМ” деп атадық. Бұл “Сарағаш-информның” қағаздық нұсқасы. Қазіргі таңда интернет әлеуметтік желілер БАҚ-тың қағаздық нұсқасын басып озып барады, оны ескермеу заман ағымына ілесе алмау деген сөз. Ал біздің интернеттегі www.youtube.com сайтында Сарыагаш-информ деген атпен жарияланып келе жатқан видеороликтерімізді тұрақты көрермендер 2014-ші жылдан бері тамашалап келеді. Біз жалғыз  www.youtube.com сайтымен шектеліп қана қоймай, биыл Елбасының өзі тіркелген www.facebook.com сайтына да осы “С-ИНФОРМ” деген атпен тіркеліп, оқырмандарымыз бен көрермендеріміздің аудиториясын кеңейтуге барлық күшімізді салудамыз. “С-ИНФОРМ” газетінің бетінде шындықты жариялаймын деушілерге қоятын шарты,  жариялану керек ақпарат шынайы болуы керек және ол ақпарат Қазақстан Республикасының Заңдарына қайшы келмеуі керек, болды! Осы екі талап орындалса ғана  жазбасаңыз сізге сын,  шығармасақ бізге сын!

 

 Амангелді БАТЫРБЕКОВ,

“С-ИНФОРМ” газетінің бас редактор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.