Басты бет > Жастар > «САМҒАУ – 2018» кинофестивалінің үздіктері анықталды

«САМҒАУ – 2018» кинофестивалінің үздіктері анықталды

Жастар – қашан да қоғамның қозғаушы күші. Елбасымыз әрқашан өз сөзінде «ХХІ ғасыр – әлемнің, елдің және өз отбасының тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін талантты жастардың ғасыры», – деп өскелең ұрпаққа зор сенім білдіріп келеді.

Бүгінде өңірдің талай талантты жасы елдің абыройын асқақтатып жүрсе, ендігі жас ұрпақ қазақстандық кино саласының дамуына өз үлесін қосуда.

Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» өңіріміздегі жас режиссерларға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «САМҒАУ-2018» қысқаметражды бейнефильмдер байқауын ұйымдастырып келеді.

Байқауға аймақтың кез-келген 14 пен 29 жас арлығындағы тұрғыны еркін тақырыпта 5 минуттан – 15 минут аралығында бейнефильм түсіріп, қатыса алады. Биылғы байқау Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды. Байқауға қатысу үшін 40-тан астам фильм ұсынылып, оның ішінен 20 фильм іріктеліп алынды. Іріктеуден өткен фильмдер арасында: «Элюзия», «CEITNOT», «Мейірім аңсағандар», «Инстинкт», «Балық сорпа», «105», «Анама», «Қараөткел», «Отау», «STOP», «Әркім өзін ойлайды», «Дос» және тағы сол секілді бейнефильмдер бар.

Дарынды жастарды қолдап, оларды халық арасында танытуды мақсат тұтқан бұл қысқаметражды фильмдер фестиваліне аудан, қалалардан талантты, болашақ киножұлдыздарымыз қатысты.

Ал сайысқа қатысушылардың шеберлігі мен кәсібилігін, талантын оператор, клипмейкер – Бақытжан Жиеналы, «Нысана» театрының актеры, қазіргі таңда «Ерекше шоу» театрының белді мүшесі, көптеген фильмдер мен сериалдардың актеры – Абай Аязбаев, танымал блогер – Айгүл Орынбек, композитор – Руслан Шынықұлов, режиссер, «Нысана» театры, «Ерекше шоу» театрының жетекшісі – Дәнекер Оразбай, еліміздің ең жас халық қалаулысы, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері, «Жаужүрек Мың бала» фильмінің бас кейіпкері – Асылхан Толепов бағалады.

Нәтижесінде ІІІ-орынды «СТОП» бейнефильмінің режиссері Хамит Муталиев иеленсе, ІІ-орынды «Дос» бейнефильмінің режиссері Олжас Омаров иеленді. Ал, І-орын «Балық сорпа» бейнефильмінің режиссері Әлішер Жәдігеровке бұйырып, Бас жүлдеге «Анама» бейнефильмінің режиссері Жандос Бабаханов ие болды.

Үздік фильм режиссерлары мен үздік номинация иегерлерін облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Әбілхайырұлы марапаттап, арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.