Басты бет > Мәдениет > Салт-дәстүр және дін не дейді?

Салт-дәстүр және дін не дейді?

Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да, тәбәрік тарату, ата – бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине, мұсылман дінінде нақтылап айтсақ араб халқында жоқ. Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алысып – беріспейтін дәстүрімізді тәрк етуміз керек пе? Ендеше біздің дәстүр – салтымыздың бәрі мұсылман дінінен ауытқулық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет – ғұрып. Сол әдет – ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын, яғни Құран оқу арқылы жүзеге асып жатқанын көріп – біліп жүрміз емес пе! Құран Кәрімде Алла Тағала ешқашанда ешбір ұлттың өз салтына тиым салмаған, тек адам болуды және Алланы ұмытпауды, өзіне құлшылық жасауды ғана талап еткен. Өйткені Алла Тағала тек рухани тазалықты ғана бағалайды және іс әрекеттің өзін емес, оған арқау болған ниетті негіз етеді. Қазақ аруақты сыйлайды. Ал аруақ кім? –Ол кеше өмірде болған адам. Ендеше оларға құрмет қыла білмеген, тіпті айналасындағыларға жақсылық жасай алмаған адам қалай ғана Алланы қадірлей аламын деп айта алады. Ал аруақты сыйлау, оған табыну емес, өйткені біз буддистер секілді ойламайтынымыз белгілі ғой. Адамды (мейлі өлген, мейлі тірі) сыйламаған адам Құдайды да сыйлап жарытпайды ғой. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келген салт–дәстүріне соқтығуы, діннің өзінен емес, қайдағы бір секталардың сойылын соғушылардан болады. Исламның атын жамылған секталар көп! Осынау секталардың ешқайсысы дұрыс емес екені айтылып, жазылуда. Әйтпесе 1000 жыл бойы әрі мұсылман, әрі түрік–қазақ болып келген біздің ұлтымыз қалай ғана 2000–жылдан былай қарай өзінің осыған дейінгі ұлттық дәстүрінен безуі, тек арабтар қалай істесе соны қайталауы керек болды екен?–деген сауалды біз оларға қоя білуіміз керек.

Медиаон ақпарат