Басты бет > Қоғам > САЙДА СОҒЫЛҒАН МЕКТЕП ЖАЙЫ ТАСАДА ТҰР

САЙДА СОҒЫЛҒАН МЕКТЕП ЖАЙЫ ТАСАДА ТҰР

30
views

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің назарына!!!

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың назарына!!!

Мақтарал ауданындағы бұл мектепке тексеру облыстан емес арнайы Астанадан қажет сияқты. Жергілікті сәулет-құрылыс бөлімінің басшысы елдімекен шебіне салынған. Сондықтан оған қыр сай деп қараудың жөні жоқ деп қайтарды. Оның апатты жағдайда екенін немен дәлелдейсің, сен маманы емессің деп жазғырды. Сондағы білім бөлімі қойған сауалымызға қолын бір ақ сілтеп, жауап бермей қойды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, баз бір шенділер мектепке кіруге рұқсаттарың бар ма еді деп өзімізді жазғырды. Көрген көзде жазық жоқ. Айтпай қалсақ арға сын. Өз тарапымыздан осы мәселені жариялауды болашақ алдындағы парызымызға баладық. Бәлкім облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үшін бұл мәселе жүрдім бардымға баланбас…

Әлқисса… Ертеректе салынған құрылыс қақшиып, қылт етпей игілікке еңбек етуші еді. Бүгінгінің бұйдасына түсіп, кірпіші нөлден қаланған құрылысына бүлдіргі тиіп кете ме қайдам, қылтиып кемшілігі көзге ұрады да тұрады. Біресе қабырғасы қақырап жатады. Енді бірінде маржандай тізген табанына (кафельдеріне) жау тиеді. Енді бірінде сыртқы сылағы түсіп, бояуы оңып жатады. Шатырын айтсақ тілің жазықты. Жер астындағы кемшілігін, мәселен жүргізілген электр желісінің үзілген жерін жазсаң, жағаңа келіп жармасады. Бастысы осыны жоқтауға жергілікті билік пен тиісті орындар бейғам. Алдына барсаң, жаңалық ашып, «ааа, сондай ма? Бізге ешкім бұл туралы айтпады да, жазбады да» деп сен тимесең мен тимен бадырақ көздің кейпін кешеді. Айналып келгенде оны соққан, соққызуға ықпал еткен, ЖСҚ-сын дайындатқан, сәулетін сызғандар таразының басын басып кетеді де, өзің бір  төбе болып жеңіл тартып қаласың. Кілтипан қабырғасы қақырап жатқан ғимаратта емес, кінарат көрген көзде болып тұрады.

Мейлі… Осы орайда «қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» дедім де, таразының басын тартып жатқандарды оңтүстіктегі үлкен тұлға облыс әкімінің талқысына тастадым. Мен жеңіл тартқаныммен көпті көріп, шетелге бағамын байқатқан, үлкен астаудан ас ішіп, туралығын даралаған азамат берер деп ойладым. Себебі, Жансейіт Қансейітұлы, ұлт ұстыны айтқан басты байлығымыз болашаққа қалдырар  басты мұрамыздың бірі – білім ұясы. Салынғанына бір жыл болмай жатып, ғимаратта кеткен кінәрат бүгінімізге сын. Былтыр желтоқсан айында (нақты дерегін біле алмадық. Себебі әркім әртүрлі айтты. Бір білеріміз су жаңа құрылыс-ред.) берілген құрылыста қазір 200-дей оқушы білім алып жатыр. Алдыңғы құрқылтайдың ұясындай мектепте білім беріп келген мұғалімдер арқасын кеңге салып жаңа қонысқа қуанған болатын. Бүгінде кеудесіндегі қыжылын жасырып жүргенін жоққа шығармас…

Қалай деріңіз бар ма… Алып білім кемесінің көп жері көбесінен сөгіліп жатыр. Астыңғы жағының ажыраған тұсына сыналап саусақ сияды. Төбесінің асхана тұсындағы жарықтары да осындай. Бір сынып бөлмесінің қателеспесем, технология деді ау деймін, едені төменге шөккен. Сыртқы сылағы ісініп, кей жерлері түсіп жатыр. Қабырғаларындағы қиялаған сызаттар іш ашытады. Ең сорақысы ондағы бір блокта жарық жоқ. В корпусындағы жарықтың сөніп қала беруіне электр желісін жүргізген кездегі салғырттық себеп дейді осындағы сала маманы. Сөзінің жаны бар, көзбен көрдік. Жер астындағы 350 Ввт сымның үзілген жерін жамап кетіпті. Былайша айтқанда «производственный брак». Ол жерге су өтсе, тоқ соғып талайдың талып жатпасына кім кепіл? Мұның барлығын мұрнынан тізбелеп Жетісайда жеті күн жырлап көрдік. Сенсеңіздер түк шықпады. Бірі мердігер мекеме келіп жөндеп береді, бес жыл «гарантиясы» бар дегенді айтты. Енді бірі хабарсызбыз деп жалтарды. Мердігер мекемені сұратып тіптен ала алмадық. Жаңадан барған білім басшысы құдды бір сол ортаның «королінен» кем емес. Дұрыс қой, ол жоқта салынған құрылыс, не деп жауап береді. Білім сапасына бас ауыртады ма, әлде құрылыспен айналыса ма? Бәлкім сұрау сала барған журналисті қор, өзін зор санаған болар?! Аудан әкімі орынбасарының «жауап берсеңші, жөн көрсетсейші балаларға» деген өтінішіне мұрын шүйіре қарады. Міз бақпай безе жөнелді.

Хош делік… Мақтаралдағы №124 мектепке 421 млн нан астам қаржы бөлінген екен. Суға сіңген құмдай кеткен қаражатта не шатағымыз бар. Кезінде бөлінді, салынды. Қабырғасы қақырай ма, едені сетіней ме, жыл толмай құлап қала ма не шаруамыз бар деп қоя салуға да болар еді.  Алаңдататыны балалар мен мұғалімдердің өмірі. Айтқаннан аулақ, білім аламыз деп мектеп астында қалып қоймауына кім кепілдік береді, ол да беймəлім. Жергілікті жұрттары Азаттық ауылындағы оқушыларды көңілін көтеріп, жаңа мектеп салып берген басшылыққа айтқан рахметін естен шығара қоймас. Бұл ақпаратты тілшілерден естіп сенбей отқан сыңай танытса да бәрібір болар еді. Сұхбат бергісі келмегендерге де мән бермес едік. Құрылыс бөлімінің «мектептің жəй-күйін бізге ешкім айтпаған жəне біз комиссиясыз жауап бере алмайсыз»- дегеніне де қоя салшы дер едік. Егер бұл ғимараттың болашаққа мұра екенін ойламасақ…

Ең сорақысы… ауыл тұрғындарының бірлі жарымымен тілдесіп көргенімізде. Бұл жер бұрын Сырдария өзенінің сағасы мен жағасы болған. Су тасығанда осы тұсқа дейін келетін еді деп қалғаны болды. Биіктету ойға келмесе, сәулетіне сәні сай құрылыстың бастапқы сызбасын жасағандардың және оны мақұлдап жібергендердің тірлігін тізбектеуге біздің қауқарымыз да, біліміміз де жетпейді. Бар қолымыздан келгені облыс әкімінің талқысына тастап отырмыз. Себебі олар көп, біз жалғыз. Таразының басын теңестіру қолдан келмейді. Алайда бір жылда кінарат кеткен мектепті болашаққа қалай аманаттап мұра етіп қалдыра аламыз? Сіз қалай ойлайсыз, Жансейіт Қансейітұлы «қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» әлде болашаққа құр ұран мен құрғақ уәде сыйлап жүргендердің мүддесі жоғары ма? Бәлкім біздің дабыл қаққанымыз орынсыз болар.

Әзірге… бұл білім ұясының жайына алаңдап отырған мектеп директоры мен орынбасары ғана. Нұрлыбай мырза «біз жақында хат жолдадық құрылысқа . Көшірмесін кейін сұратып көрсетемін, құрылыс жасағандар жауапты ғой «-деді. Әлемді су алса тобығына жетпейтіндердің бұл жайға қол сермей салуы мүмкін. Бес жыл бүтіндеген мердігер мекеменің артында егер, құлаған қыш қалса, ешкім де жауапты емес, ешкім де.. Себебі бірі кетіп, бірі келіп жатқан ауыс-түйіске толы уақытта жауапты жандарды табу өте қиын. Тым қиын… Түзелгенше тұра берсінің дұрыс сияқты. Құрметті оқырман жəне билік басшылары, 421 млн-нан астам қаржының есебін біз қақыраған қабырғалармен өлшедік. Сіз қалай өлшейсіз? Қыздың назы тура ма? Әлде Тұз ауыр ма?

Ақиық ҚЫРАН,

Мақтарал ауданынан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *