Басты бет > Мәдениет > Рухани жаңғыру: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖОЛБАРЫС ХАН ЖЕРЛЕНГЕН.

Рухани жаңғыру: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖОЛБАРЫС ХАН ЖЕРЛЕНГЕН.

ЖОЛБАРЫС АБДУЛЛАҰЛЫ – XVIII ғасырда өмір сүрген Ұлы жүздің ханы. Тарихи деректерде Жолбарс, Аувбасар, Джолбарс, Юлбарыс, Юлбарс, Dsholbars, Жолбарыс хан деген есімдермен белгілі.
Жолбарыс хан шамамен 1690 жылдары өмірге келген. Әкесі – Абдулла хан (шамамен 1719 ж. дүниеден өткен). Жолбарыс хан 1740 жылы сәуірдің 5 жұлдызында мешітте қастандықпен дүние салған. Оның билікті 1720- 1740 жылдар аралығында құрған деген дерек бар.

Фото Мадины Сабыр.Жолбарыс ханның шежіресі белгісіз. Қолда бар дәлел- ол ташкенттік сарттың қызына үйленген. Басқа әйелдері туралы мәлімет жоқ. Жолбарыс ханның екі ұлы болған. Бірі болашақ хан Әбілғазы (Абулғазы, Аблязи, Әбіліз хан), екінші ұлы – Рустем хан. Рүстемнің ұлы- Есмандыр хан, Есмандыр ханның ұлы – Мамут хан, Мамут ханның ұлы- Ханбаба хан [Ерофеева, 1997. С. 77, 111-112].
Ұлы жүзге жүргізілген хандық пен билік тікелей өз әкесінен мұрагерлікпен берілген. Ташкенттік Нұрмухаммет Әлімовтың қазақ хандары туралы 1735 жылғы хабарында мынадай мәлімет бар: «а нынешний Жолбарсхан, лет с пятнадцать ханом, отроду ему около сорока пяти лет, а с отцом его Абдуллою-ханом и с Русаном-ханом был дядя его родной Карабак первым салтаном. У Жолбарс-хана два сына» делінеді [ИКРИ-6. С. 25].
Шамамен 1720 жылдан бастап Ұлы жүз тайпаларын Жолбарыс хан басқара бастады, оның тұрақты ордасы Ташкент қаласында, ал жайылымдық жері аймақтың оңтүстігінде, Шыршық және Арыс өзендерінің аңғарларында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістан аралығындағы жерлер болды. XVIII ғасырда Ұлы жүз қазақтарына жоңғарлар шабуыл жасап, қазақ халқын қанды қырғынға ұшыратты. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс өзі билеген қазақ ру-тайпалары мен Ташкент тұрғындары атынан жоңғар ханы Цеван Рабданға (1697-1727) саяси тәуелділігін мойындап, жоңғар әскербасына алым-салық төлеп тұрған. Ал 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында кезекті бір ойраттар мен Цин соғысына (1728-1734) байланысты жоңғар әскерлерін Оңтүстік Қазақстаннан Жоңғария мен Цин империясы шекарасына қуып шығуы нәтижесінде, біраз уақыт елдің оңтүстігінде көшпелі және отырықшы халықтардың тәуелсіздігі орнады. Жоңғар хандығының 1734-1735 жылдары қазақ даласына бағытталған басқыншылық, тонаушылық соғыс саясатын жүргізуі, қазақ халқының кейбір аудандарын уақытша басып алуына байланысты жоңғар ханы Ғалдан Церенге (1727-1745) біршама тәуелді болып шықты. Жолбарыс хан Ресей өкілдеріне өтініш айтып империяға арқа сүйемек болды.
1734 жылдың 20 сәуірінде Ресей патшайымы Жолбарыс ханға грамота жолдады. Бірақ Ұлы жүз бен Ресей арасындағы бұл байланыс жер шалғайлығына байланысты жүзеге аспай қалды. 1738 жылы сол кезде Ташкентте болған Ресей өкілі К.Миллер арқылы Жолбарыс Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, Ресей патшайымына хат жолдады. 1738 жылғы 19 қыркүйекте Анна Иоанновна Жолбарыстың атына арнайы грамота жолдап, оның тілегін қабылдағанын мәлімдеген. Бірақ, сол кездегі Орталық Азиядағы халықаралық жағдайдың күрделілігі, патшалық шекара қызметкерлері Орынбор қаласында хатты ұстап қалуына байланысты көрсетілген орынға жетпеген [Ерофеева, 1997. С. 112.]
Жолбарыс Абдуллаұлы 1739 жылы Орта жүз сұлтаны Абылаймен тізе қоса отырып, Оңтүстік Қазақстанда жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Ташкент, Сайрам қалалары жоңғар әскерлерінен азат етілді. Бірақ Жолбарыс 1740 жылы сәуірдің 5 жұлдызында Ташкенттің мешітінде қарсыластар қолынан қаза тауып, Түркістан қаласында жерленді. Жолбарыс ханның барлық іс-әрекеті қазақ мемлекетінің құрылу, даму кезеңдерінде зор маңызға ие. Ол тарихқа XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы тәуелсіз билеушілердің бірі ретінде енді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.