Басты бет > Саясат > Робот техникасын құрастыратын мектеп ашылды

Робот техникасын құрастыратын мектеп ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында робот жасау техникасының мектебі ашылды. Бұл игі шараны “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының мемлекеттік грантын жеңіп алған Астана қаласындағы Н. Назарбаев университетінің түлектері қолға алып отыр. Роботтарды құрастырудың алғашқы жобасы Астанада сәтті жүзеге асырылған соң жастар кибермашиналарды құрастыру негізін шымкенттік балаларға үйретуге шешім қабылдапты.

3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленген түлектер бұл қаржыға ғимарат жалдап, қажетті техника сатып алған. Жоба жетекшілерінің бірі Саодат Естиярованың айтуынша, олар балаларға робот жасау техникасының барлық негізін үйретпек. Бұл әдіс Астана қаласында сәтті тәжірибеден өтіпті.

«Төрт ай бойғы үйрету мерзімінде балалар электромобильдермен квадрокоптер құрастыруды үйренеді. Мұнымен қоса бағдарлама жасауды, 3D модельдеу мен басып шығару, гаджет, қосымшалар мен сайт жасауды оқиды. Маңыздысы – бағдарлама жасауға үйрету процесі ойын түрінде өтеді. Соның нәтижесінде балалар оқығандарын жақсы меңгереді», – дейді жоба жетекшісі және Назарбаев университетінің түлегі Саодат Естиярова.

Айта кетейік, аталған мектепке балалар 5-7 жастан қабылданады. Курс 4 айға созылады. Оқу ақысы – айына 15 мың теңге.

Облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм бағдарламасы өкілдерінің айтуынша, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы мемлекеттік гранттар шағын және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде бастауыш кәсіпкерлерге беріледі. Бұған қоса, әйелдерге, мүгедектер мен жасы 50-ден асқан жандарға экономиканың басым секторлары мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін тегін және қайтарымсыз гранттар беріледі.

«Бір кәсіпкерге берілетін гранттың ең көп сомасы – 3 млн теңгені құрайды. Қолдаудың осынау грант түрі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері жалпы сомасы 300 млн теңге болатын 96 грант берілді. Оның ішінен 2017 жылы 29 миллион теңге болатын 10 грант берілді», – дейді ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм баcқармасының бөлім басшысы Үсен Исаев.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.