Басты бет > Білім > Президент Жолдауы 2019: Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер

Президент Жолдауы 2019: Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер

Міне, екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына бірінші Жолдауы жария болды. Бұл жолдау елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста бірнеше маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керектігін ұғындырды. Өзім қазақ ғылымына қызмет етіп жүргеннен кейін Президенттің «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөзін естіп, желсіз түнде жарық ай көргендей ішім жылып қалды. «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек. Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге – Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажет», – деді. Ұлы тұлғалардың мерейтойын ысырапшылдыққа жол бермей тойлау дегені өте жақсы бастама деп ойлаймын. Алда Тәуелсіздіктің отыз жылдығы келе жатыр. Сол кезде осы айтылғандардың барлығы да ескеріледі деп сенемін.
Одан кейін мәдениет қызметкерлерін қолдайық деген ұсынысы өте орынды дер едім. Президенттің айтуына сенсек, бұдан былай кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің еңбекақысы өсетін болады. Бұл да қуантырлық һәм құптарлық хабар.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры, т.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі