Басты бет > Қоғам > Пара жүрген жерде адасып жүрген қандай патриотизм?

Пара жүрген жерде адасып жүрген қандай патриотизм?

 Мұхтар Мұхамбетжан, қоғам қайраткері, ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің кавалері

Облыс әкіміне жазған ашық хатыңыз әлеуметтік желіде әжептәуір резонанс тудырды. Жалпы бұл ашық хатты жазудағы мақсатыңыз не? Көп адамдар бұл хат сол департамент басшыларын орнынан алу мақсатында жазылған деп қате түсініп жатқан секілді.

– Менің Үндеуімде аталғандар – Ішкі саясат, Дін, Жастар департаменттері ғой. Ұлтаралық қатынасты да атап өттік. Мәселе, олардың басшыларында емес, басқаша. Мұны былай түсіндірсек болады. Мысалы, баяғыда адам найзамен қасқырды өлтіре алатын. Бүгінде адамның қолында әлі сол найза, ал қасқырдың орнында темір танкі тұр, оны ағаш найзамен түйрей алмайсың. Мен бар болғаны қаруды осы заманғы модельге ауыстыру қажеттігін айтып отырмын. Мен қазіргі таңда Қазақстанның болашағына қауіп төндіріп тұрған вахабизм, йегова, түрлі түсті революция сияқты қауіптерді сол танкі деп есептеймін. Қазіргі біздің сол қауіпті індеттермен күресіміз танкке найзамен қарсы шыққан әпендінің тірлігін еске түсіреді. Сол үшін де қолымыздағы «найзаны минометке» ауыстыру керек деп есептеймін. Мен Үндеуімде реформа жасауды ұсынып отырмын. Қазіргі күресіп отырған стилімізді жалғастыра беретін болсақ, ешкім ешқандай жетістікке жете алмайды. Себебі, технология дұрыс қойылмаған, күрес механизмі мүлдем дұрыс жұмыс жасамайды, күтілетін нәтиженің өзі – шын өмірге қатысы жоқ дүние. Ол бар болғаны уақытты өлтіріп, бөлінген қаражатты «дұрыс» игеруге ғана бағытталған. Күресу тәсілін, идеологиясын, методикасын өзгерту керек деп отырмын. Егер методика дұрыс болса, кім істесе де нәтижеге жетеді. Ал, методика ақсаса, ешкім де нәтижеге жете алмайды. Қазіргі уақытта теріс ағымдағы адамдардың көбейіп жатқаны, еліміздің келбетінің жәйлап нашар жаққа өзгеріп бара жатқаны, «түрі қазақ, рухы араптардың» көбеюі – бұл ешкімді бей-жай қалдырмауы керек. Біз тәуелсіздікті аңсағанда қазақ ретінде құрып кетейік деп аңсаған жоқпыз. Біз Ресейге құл кезімізде бүтін едік. Ресейдің боданында болғанымызда тіліміз бір еді, түріміз бір еді, дініміз бір еді. Азаттық алып едік, онсыз да ат төбеліндей аз қазақ қырыққа бөлініп шыға келдік. Ал мұны біздің идеологтар көріп, бес саусағындай біліп отырса да, ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Істеген жұмыстары нәтиже беріп жатқан жоқ. Ал нәтиже бермейтін жұмысты неменесін істеп арамтер болады? Мен ешкімге орын босат деп отырған жоқпын. Мен бар болғаны Өкіметтің аз ғана бөліп отырған қаржысын тиімді жұмсаңдар деп отырмын. Ол үшін тиімді, уақытпен тексеруден өткен ұсыныстарымның да бар екенін жасырып отырған жоқпын.

Негізі бұл Үндеуді республикалық масштабта көтерсе де болады екен. Газетімізде жариялайық деп республикалық газеттердің өкілдері хабарласып та жатыр. Жалпы, бұрын «Ел Бірлігі» қоғамдық қорын басқарғаныңызды білеміз. Сол қордың басшылығында жүріп ұлт болашағы үшін талай келелі мәселелер көтеріп, шешімін табуға атсалысқаныңызды білеміз. Бүгінгі таңда сол қордың жұмысы ақсап тұр. Жалпы қор жұмысын жандандыру ойыңызда бар ма?

– Ішкі саясат, Жастар ісі, Дін істері басқармаларында басшылықта отырған азаматтарға ешқандай қояр претензиям жоқ. Үндеудегі басты мәселе – идеология. Мен тек қолдарындағы қаруларын өзгертіп беремін. Сонда жұмыстары нәтижелі болатынына сенемін. Бұлардың үлкен басшысы – облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. Ұласбектің қолына билік беріліп, әкім сеніп карт-бланш берсе, мен көтерген проблемаларды шешу – Ұласбектің қолынан келеді. Тек ол мұндай алапат ауыр жұмысты істегісі келе ме? Істегісі келсе, оған облыс әкімі рұқсат бере ме? Бұл тіпті республикаға қатысты нәрсе ғой. Ең басты кемшілік – идеологиялық басқармалардың жұмыстары шын нәтижеге құрылмаған. Олар жыл соңында «мынанша ақшаға пәлен тірлік істедік, пәлен іс-шара өткіздік» – деп есеп береді. Бірақ, сол атқарылған іс-шаралар нәтижесінде вахабизм қаншалықты азайды, қанша адам йегова сектасынан шықты, патриотизм қанша күшейді, отбасылар арасында ажырасу қаншалықты азайды? Ол туралы ешқандай мәлімет жоқ есептерінде. Және ол критерийлер қаншама қайнап-тасып жатса да олардың мұртын балта шаппайды. Ал егер мен айтқан мәселелерде жақсы ахуалды қамтамасыз ету қажет болмаса, онда идеологиялық басқармалардың керегі қанша? Құмға сіңген судай жеміс бермей жоқ болып жатқан мемлекеттік қаражаттың сұрауы кімде? Мысалыға, жастарды тәрбиелеп тастадық деп есеп береді, ал олар үйлене салып ажырасып жатса… Патриотизмге тәрбиеледік десек, ал олар пара беріп жатса… Пара жүрген жерде адасып жүрген қандай патриотизм? Осындай мәселеге қарамайды ғой бұлар. Дін басқармасы вахабистермен қарқынды күрес жүргізіп жатырмыз деп «уралап отыр», ал вахабистер саны күн санап көбеюде. Ұлтаралық қатынаста шаблоннан шығып істелген ештеңе жоқ, Шын, мемлекет мүддесін күйттеп жасаған, қисынға, яғни логикаға бағынатын оларда жоспар жоқ. Тоқ етерін айтқанда, қызметкерлерге шамшырақ болатын бағдарлама да жоқ, дұрыс нәтижеге жеткізетін әдістеме де жоқ, осылардың негізінде жасалған жоспар да жоқ. Ал, «Ел бірлігі» қоры мұндай бағытта жұмыс істеп көрсеткен. Егер көргісі келетін адам болса басшылықта. Басшылар арасында ұлтқа жаны ашитын адам болса, біз жолын көрсетіп бердік. Йегованы жеңудің, вахабизмді ауыздықтаудың, ажырасуды болдырмаудың бәрінің жолы бар. Бірақ, сол жұмысты істегісі келетін бір адамды көріп тұрған жоқпын. Біз жәй ғана қоғамдық ұйымбыз. Арамызда профессор да, саудагер де, саясаткер де бар. Бірақ бәрібір, негізгі жұмысты мемлекеттің қаржысына жұмыс істеп отырған мемлекеттік орган атқаруға тиісті. Қоғамдық ұйым ешқашан да тұрақты түрде бүкіл қоғамды қамтып жұмыс істей алмайды. Қоғамдық ұйымның міндеті бар болғаны халық арасына бастама тастап, ұйытқы болу. Бұл міндетті біздің «Ел бірлігі» қоры адал да табысты атқарды. Басшылық іліп алып кетуге тиісті еді, олай болған жоқ. Оңашада біздің жұмысты, «Сара Жол» бағдарламасын басшының бәрі мақтайды, разы болады, сүйсінеді, ал ресми форматта аузына құм құйып алады. Нағыз коллаборационизм. Жұмысымызды жақында жаңғыртамыз. Бұл жолы биліктегілер шетте қалмас. Шетте отырғызып қойып, ел де қарап отырмас. Бірақ басқарма басшыларына тағы да айтарым, мені жау көрудің қажеті жоқ. Қазақты ұлтсыздандырудың, рухсыздандырудың бар алғышарты жасалып жатыр қазір. Біз де, нағыз мәңгүрт сияқты, өзімізге қазылған көрге жанталаса, өзіміз, өз еркімізбен, жарыса шауып келеміз. Осыны тоқтату керек.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбат құрған М.Абдалиева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.