Басты бет > Хабар > Оңтүстік – Арыстандай алпауыт азаматтарынан айрылды, Сейіт Ертай мен Қамытбек Айтөреев бақыйлық болды

Оңтүстік – Арыстандай алпауыт азаматтарынан айрылды, Сейіт Ертай мен Қамытбек Айтөреев бақыйлық болды

 «MEDIAON.KZ» ақпараттық порталы және «Зияткер ON» педагогикалық, тәлім-тәрбиелік, әдістемелік басылымы қаза болған азаматтардың отбасына, туған-туыс, жора-жолдастарына шын жүректен көңіл айтады.

Сейіт Ертай
Сейіт Ертай

Облысымызға белгілі, Арыс қаласының ажарлануына себепші болған, өз ісінің нағыз маманы, іскер, шыншыл, ақкөңіл, жанашыр, патриот, ең бастысы қарапайым бола білген, өз өмірінің қысқа ғана ғұмырында халқы үшін аянбай тер төккен, ОҚО әкімінің кеңесшісі, Арыс қаласының экс-әкімі Сейіт Ертай арамыздан мезгілсіз ерте кетті. Оның жасаған жұмыстарын – Арыстың әсем де ажарлы қалаға айналуынан көруге болады. Қала дамуына тың өзгерістер енгізіп, барлығын ашық, боямасыз, бұрмалаусыз көрсетіп, Оңтүстіктің өсуіне өзіндік септігін тигізді. Ажал айтып келмейді . Бұл қаралы күн азаматтарымыздың соңғы күні екен.

 

Қамытбек Айтөреев
Қамытбек Айтөреев

Халқының қалаулысы, облысымыздың бетке ұстары ОҚО мәслихат депутаты, Шардара ауданының экс-әкімі Қамытбек Айтөреев те санаулы ғұмырында елі үшін еңбек етіп, облысымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қоса білді.  Сұм ажал апталдай азаматтарымыздан мезгілсіз айырды.  Жандары жай тауып, хақ Алла тағаламыз жәннаттан орын бергей. Имандары саламат болсын. Бұл суыт хабарды – таңертең Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әбдірайымов Facebook желісіндегі парақшасында бөлісті. Артынша Қазақстандық бірқатар ақпараттық агенттіктер мен порталдар жарыса жазып, мәлімет таратқан болатын.

Полицейлердің мәліметінше, ГАЗ 53 жүк көлігі техникалық ақауларға байланысты жолдың оң жақ шетінде тұрған. Мақтаарал ауданының 1962 жылғы тұрғыны осы кезде жүк көлігін жөндеп тұрған. Бір сәтте  Toyota Land Cruiser Prado маркалы көлік келіп, жүк көлігінің артқы жағына барып соғысқан.  Toyota көлігін Түркістан қаласының 1985 жылғы жүргізушісі басқарған. Жол-көлік оқиғасынан кейін ол жансақтау бөліміне жеткізілген. Ал екі жолаушы – облыс әкімінің кеңесшісі мен депутат алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. “Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы (“Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Екі көлік те айыппұл тұрағына жеткізілді. Қазіргі уақытта жол апатының мән-жайы анықталып жатыр”, – деп хабарлады ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл мен ақпарат басқармасы.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.