Басты бет > Мәдениет > Оңтүстікте Ұлыстың ұлы күні киелі Қазығұрттан басталды

Оңтүстікте Ұлыстың ұлы күні киелі Қазығұрттан басталды

33
views

Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен бастады. «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген атпен шара биыл алғаш рет 1500-ге жуық өнерпаздың, мыңдаған өңір тұрғындарының қатысуымен Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде  ұйымдастырылды. 

Ұлық мерекеге орай тау бөктеріндегі этноауылға  40-тан астам киіз үй тігіліп, алтыбақандар мен салт-дәстүрлерді паш ететін арнайы шағын сахналар мен ұлттық ойындарға арналған алаңшалар орналастырылған. Наурыз мейрамына жиналған қауым этноауыл ішіндегі  қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін тамашалады.  Салтанатты шараның басты сахнасы   Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес безендірілген. 

Салтанатты шараның шымылдығы «Тіршіліктің бастауы — Қазығұрт» қойылымымен басталды. Бұл қойылымда 230 биші хореграфиялық композиция арқылы жер жаһанды топан су басып, Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұрт тауына келгені паш етті. 

Мерекелік жиын мұнан соң «Күннің жаңаруы», «Қыдыр атаның 12 аймен кездесуі», «Табиғаттың оянуы», «Наурызтойы», «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы»,  «Тәуелсіздік түндігі – Астана» атты сазды — хореографиялық композицияларымен жалғасын тапты. Мәселен,  «Табиғаттың оянуы» композициясында  500 көгершін көкке ұшырылып, Наурыз келгенін пластикалық қойылым арқылы көрерменді таң-тамаша етті.

 «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің әртістері және «Шамсинур», «Фараб», «Тұмар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан», «Қаракөз», «Шаттық» би ұжымдары мен 500 жылқы, 500 көгершін мен түйелі күймелер қатысты. 

Шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сөз алып,  көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.

 «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп айтқан сөзі бар.  Ал, ұлттық код деген қайда десек, оның қайнар көзі –  әз Наурызда. Ұлыстың ұлы күнінде қазақ мәдениеті мен руханиятының бар інжу-маржаны жарыққа шығады.  Наурызда дәстүрлі ән шырқалып, күй шертіледі, терме төгіліп, ақындар айтысады.  Ең бастысы, Наурызда дәстүр бойынша жастар үлкендермен көріседі. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады. Яғни, Наурыз – ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қай халық болмасын тек өзiнiң тарихы, мәдениетi, өзiнiң руханияты шеңберiнде ғана дамитынын, сол ерекшелiктерiмен ғана өркениет көшiне iлесетінін айтты. Жаттың тарихын, бөтеннің мәдениетiн бойына сiңiрiп, керемет дамыған, ғажап жетістіктерге жеткен мемлекет жер бетінде жоқ. Ондай елдердi тек тарих сахнасынан түсіп қалу тағдыры ғана күтiп тұрғандығын жеткізді.

Мұнан соң облыс әкімі бірқатар азаматтарға «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ, «Туған жерді түлету перзенттік парызымыз» жобасы аясында ел ықыласына бөленген ел азаматтарын марапаттады.

Медиаон ақпарат

       

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *