Басты бет > Қоғам > ОҚҚА БАСЫҢДЫ ТОСҚАНША…

ОҚҚА БАСЫҢДЫ ТОСҚАНША…

26
views

Баянғали деген екен…

Белгілі айтыскер ақын, прозашы, сыншы, әдебиетші Баянғали Әлімжановтың әкесі Тақан ақсақал – екінші дүниежүзілік со­ғыстың екінші топтағы мүге­дегі. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Берлинге дейін барып қайтқан. Екі рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір жолы танк снарядының жарықшағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.

1996 жылдың жазында соғыс мүгедектеріне жеңіл автомобиль берілетінін естіп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: «Мені комиссияға апар!»– депті. Аудан мен облыстағылар әрлі-берлі қарап, ақынға: «Анда барып өйтіп жіберсеңіз, мында барып бүйтіп жіберсеңіз, біреу-міреу­лер көмектесіп жіберсе, атай машина алуы мүмкін», – деп ақыл беріпті. Сонда ақын: «Менің әкем қанын блатпен төккен жоқ, машинаны да блатпен алмайды!» – деп, дәрігердің әділ шешіміне жүгініпті. Дәрігерлер дұрыстап қарап: «Әкеңіздің сырқаты бір емес, бес кісіге жетерлік екен, он машиналық еңбегі бар екен!

Мұндай ардагерлер қазір өте аз қалды ғой, бәріне де машина берсе артық емес», – деп жылы сөзбен шығарып салыпты. Сөйт­се, заң бойынша, аяғынан ауыр жараланған кісіге машина бері­леді екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйіне әкеле жатып Баянғали: «Ал енді мазаны алмай тыныш жат үйде! Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба!?» – деген екен.

 

ҰШАҚТАҒЫ ҚҰШАҚ

1995 жылы Манас эпосының мың жылдығында біраз мемлекеттік делегациялар Бішкектен Таласқа арнайы “ЯК 40” ұшағымен шығады. Мол денелі Әбіш Кекілбаев қатар отырған Баянғалиға:

– Қолымды былай… сенің орындығыңның арқасына салып отырсам бола ма? Әйтпесе, мына орындық тарлау екен! –депті.

Сонда Баянғали:

– Жұрт сіздің қолтығыңызға қалай кірерін білмей жүргенде, өзіңіз ағалық құшағыңызды жайып жатсаңыз, одан қашып мен жынды болыппын ба!?– деген екен.

 

ТҮРМЕ МЕН ТЕРМЕ

Шымкенттік кәсіпкер азамат, қаладағы орталық базардың бастығы, бұл заманда тер­­ме жазып жүрген бірден-бір ақын Шалқар Әбішұлы облыс әкімшілі­гімен бірлесіп, бірнеше жылдан бері Шымкентте республикалық “Шалқар тер­месі” конкурсын өт­кізіп келеді. Өз қаржысын халықтық өнерді өркендетуден аямаған мәрт ағасына риза болған Баянғали:

– Шәке, біреулер базардан түрмеге кетуші еді, сіз термеге келіп дұрыс қыл­ған екенсіз! – деген екен.

 

 

ҰРЛАУ МЕН ЖЫРЛАУ

Бір жолы бастықтардың бірі Баянғалиға: «Осы сен бір жерге барасың да, бір-екі ауыз өлең айтып, ат мініп, дүние алып келесің. Елден алып жатсың, алып жатсың…» – депті . «Иә, аға, екеуміз де халықтан аламыз. Бірақ мен жырлап аламын, сіз ұрлап аласыз!» – депті сонда ақын.

 

БАЛАЛАРМЕН ӘЗІЛ

Әкесі Тақан ақсақал қайтыс болғаннан кейін Баянғали қыздары Құралай, Ақмарал мен Ақкенжеге: «Енді сендер мені еркелетіңдер! Менің әкем жоқ, сендердің әкелерің бар!» – деген екен.

 

КЕНЕСАРЫ МЕН ТЕНТЕК САРЫ

Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 190 жылдығында Баянғали жезқазғандық ақын Қуаныш Мақсұтовпен айтысады. Ел ішінде “Тентек сары” атанған Қуаныш өзінің “Тентек сары” екенін тағы да еске салып өтеді. Сонда Баянғали:

Қалай деп мақтанады мына сары,

Өзіне бұлай деген жарасады,

Бір кезде сары болу моды болған,

Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрі,

Мақтанып керегі не сарымын деп,

Дариға-ай, болмаған соң Кенесары! – деген екен.

 

НҰХ ПАЙҒАМБАР ҚАЗАҚ ЕМЕС

Баянғалидың кішкентай немересі Ғабдолла:

– Ата, Нұх пайғамбар қазақ па? – деп сұрапты. Сонда атасы:

– Кемедегі қой мен жыл­қыны жеп қоймай, аман алып шыққанына қарағанда қазақ емес-ау! – деген екен.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *