Басты бет > Мәдениет > ОҚО әкімі Қазығұртта «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» акциясын жариялады

ОҚО әкімі Қазығұртта «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» акциясын жариялады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев «Наурыз Қазығұрттан басталады» мерекесінде өңірдегі зиялы қауым өкілдері және ардагерлердің басын қосып арнайы жиын өткізді. Ондағы мақсат – ел ішіндегі түрлі оқиғалардың себеп салдарын талқылап, олқылықтарды болдырмаудың жолдарын ақылдасу. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

Жиынға төрағалық еткен өңір басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың қылмыс санын халық санына шаққанда 0,3 пайызбен республикада ең соңғы 16 – орында екенін айтып, енді тағы да төмендетуге жұмыс істеу керектігін жеткізді.

«Бүкіл Қазақстанның халқы 18 миллион болса, осынша халық кейбір дамыған мемлекеттердің бір ғана қаласында өмір сүреді. Олар мәдениетті тәп-тәуір, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ал, біз кейде ұланғайыр атырапқа сыймай жатамыз. Олай болмайды. Ынтымақпен, бауырмалдықпен, татулықпен ғұмыр кешуіміз керек. Сонда ғана өркендеген елдерді қуып жетеміз. Бізде де бір ел, бір басшы бар. Ендеше елде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе отырып мемлекеттік бағдарламаларды орындау жолында аянбай еңбек етейік», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімінің сөзін қуаттаған зиялылар қазіргі таңда, жалпы қоғамымызда бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің әлсіреп бара жатқанын жасырмады. Ел ағалары ынтымақ пен береке болмаған жерге құт қонбайтынын айтты.

«Күнделікті күйбің тіршілікпен арпалысып жүріп қазіргі ата аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау салдарынан осындай жағымсыз жағдайлар орын алып, көрші тұрып, бір-бірімен соттасып жатқандар да бар. Міне, бұл мәселелерде әрбір ауылдағы ардагер ағалар, ауыл билері мен зиялы қауым өкілдерінің атқаратын жұмысы орасан болмақ. Істеп те жүр, бірақ әлі де жеткіліксіз. Сіздер өз ауылдарыңызда осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірігіп, жастарға ақыл айтып, тоқтау салып отырсаңыздар», – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.

Жиын соңында аймақ басшысы «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» акциясын бастауды жөн санайтынын айтты. Осы акция аясында барша аудан, қала әкімдіктеріне зорлық-зомбылықтың, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынше кешенді жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Аға буын, зиялы қауым өкілдерін де осы бастамаға қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.