Басты бет > Білім > ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевқа – біздің басшымыз Малика Абдалиева журналистік сауал жолдады!

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевқа – біздің басшымыз Малика Абдалиева журналистік сауал жолдады!

Біз, Сіздің облыс басшысы ретінде Ақпарат құралдарын мұқият бақылап, елдің көкейтесті мәселелеріне құлақ түріп, проблемаларды шешу бойынша өз командаңызбен бірге тиісті жұмыстар жүргізіп отырғаныңызға шүбә келтірмейміз. Бірақ, мына мәселе бойынша ауданнан шығып, облыстық деңгейде, одан республикалық БАҚ беттерінде жарық көріп, былықтардың беті ашылып жатса да қарапайым халықтың жан айқайына қарай әрекет еткен бір де бір басшы жоқ. Мәселе, Сарыағаш ауданындағы №73 мектеп-гимназиясының директоры У.Қожагелдиева жайлы болып отыр.

У.Қожагелдиеваның мектепті «өз жекеменшік әкесінің үйіндей», мұғалімдерді «сатып алған құлындай» көретіні, 26 жыл директор болған мерзімде елге көрсетпегені қалмаған «тиран» дәрежесіне жеткендігі облыста аңызға айналғалы да біраз болған. Жергілікті тиісті бақылаушы органдармен ауыз жаласу арқылы бұл директор өзін заңнан жоғары қойғаны соншалық, қол астындағыларға «қайда барсаң онда бар, менің крышам анау–мынаулар (облыс әкімдігіндегі лауазымды адамдар) дегенді ашық айтып», көтерілген кез келген мәселені ауызбастырықпен басып жіберудің шеберіне айналған. қарсы щыққан мұғалімдерді ауылдың бұзықтарына ұрғызып, автокөлігін өртетіп жіберуінің өзі-ақ білім мекемесі басшысының деңгейін көрсетіп тұрған жоқ па? Ал, мектепке кадр қабылдау мен оларды шығарудағы амал-айлалары туралы жақында ғана КТК телеарнасынан көрсетілді. Қожагелдиевадан заңсыз зәбір көрген бір топ мұғалімдер жұмыстан айырылып, бала шағасымен шулап далада жүр. Оларды қорғайды деген мемлекеттік мекемелер қарапайым мұғалімнің сөзін сөйлегеннен гөрі директормен тікелей жұмыс істеуге құмарлық танытуда. Қожагелдиеваға қатысты ашылған іс орта жолда дәлелді-дәлелсіз жабылып қалады. Жазылған арыз жоғарыдағы «крышалардың» қоңырауынан кейін оның пайдасына қарай ойыса бастайды. Тексеру қорытындысымен кемшіліктер анықталып, жұмыстан кетеді деген кезде «ауызша ескертумен» шектеледі. Бұл қалай?! Халықтың жайын кім ойлайды? Бұл халық Сізден басқа кімге барып, әділдік іздейді. Жақында өзіңіз өткізген облыс активінде Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевтен осы мәселе бойынша сұрағаныңызда «мектеп директоры мен орынбасары жұмыстан шығарылды»-деп жауап бергенінен журналистер қауымы хабардар. Бірақ, аталған директор мен орынбасар оған дейін де, одан кейін де жылы орындарында әлі отыр. Отыру былай тұрсын, шындық іздеп шырылдап, өз құқықтарын қорғауға тырысқан мұғалімдерді одан ары жұмыстан ығыстырып, ақысын алып қалудың қызығына шындап түскен. Атап айтсақ, 25.11.2017 жылы оқу ісінің меңгерушісі А.Турбекованы ешқандай себепсіз-дәлелсіз, заңсыз, тізеге салып, белден басып отырып, жұмыстан шығарып жіберіп отыр. Осы заңсыздықты көріп біліп отырған білім бөлімі, аудан әкімдігі саналы түрде көзін жұмғаны халықтың көңіліне қатты келуде. Немесе облыс әкімін алдап, бір мектеп директорына қарапайым мұғалімдерді талатуға ерік беріп отырған аудан әкімін қалай түсінуге болады. Қ.Әбдуәлиев мырза директордың кетпей қалуын «қылмыстық іс қозғалуына байланысты»-деп түсіндіреді дейді. Ал, бізде ол қылмыстық істің қысқартылып кеткендігі туралы тиісті органның «Қаулысы» бар. Ол туралы Қожагелдиеваның өзі де, «қандай жолдармен» қысқартылғанын жыр қылып, мақтанып айтып жүрген құсайды. Ал, орынбасары ше? Оның өз орнын сақтап қалуы қай қисынға келіп тұр екен аудан әкіміне… Білім бөліміндегі әдістемелік кабинет меңгерушісі Т.Ахметовтың У.Қожагелдиеваға қарсы шыққандарды түн ішінде үйінен алып шығып, қорқытып-үркітіп, қудалаушы-жазалаушы рольде жүргендігі КТК-дан айтылса да, ол орнынан кетпей, аудан әкіміне қай жағынан қолайлы болып тұр? Аудан әкімі Қ.Әбдуәлиевтің бүкіл аудан белсенділерінің сөзін тыңдамастан білім бөліміне Б.Майрихов деген шаласауатты, тарихы былықтан арылмаған лайықсыз адамды тағайындап жіберуі де әлеуметтік желілерде қалай талқыланса, аудан өмірінде де дәл солай наразылыққа ұшырауда. Бұл жергілікті халықты «әкім өз елі болмағасын немқұрайдылыққа салынып, біздің балаларымыздың болашағымен ойын ойнап отырғанының белгісі» ретінде қаралуда. Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Менің журналистік сауалым Сарыағаштық мұғалімдердің шегіне жеткен ашу-ызасынан туындап отырғанын айтқым келеді. Мына масқарагершілік ары қарай жалғаса беретін болса У. Қожагелдиеваның арқасында Сарыағаш ауданының бір топ мұғалімдері ашық наразылыққа шығамыз деп шешіп отыр. Бұл, мәселе республикалық БАҚ өкілдерінің назарында болуы да ойланатын жағдай. Еліміздің білім саласын басқарған адам ретінде ұстаздар Сізден көмек күтеді. Өңіріміздегі қоғамдық тыныштық пен облысымыздың абыройы бәрімізге ортақ екендігін айта келіп, шырғалаңға айналған шұбалаң тірлікке Сіз тарапыңыздан әділ шешім шығарылып, нүктесін қойылады деген ниетпен жауап күтуші М.Абдалиева

Малика.Абдалиева

“Медиа ON” ақпараттық агенттігінің директоры-бас редакторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.