Басты бет > Білім > ОҚО: ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛҒАН 18 КІТАПТЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

ОҚО: ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛҒАН 18 КІТАПТЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

23
views

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған 18 оқулық таныстыру шарасы өтті.

Бұл — әлемнің 42 елінде 34 тілде жарияланған, жалпы таралымы 47 миллион дананы құрайтын философия, әлеуметтану, психология, экономика және басқа да пәндер бойынша әлемдік ойлардың алтын қорына енген еңбектер. Қазақстанда аударылған оқулықтар 10 мың дана таралыммен жарияланады, ал мамыр айында олар университеттер мен қалалардың кітапханаларына жіберіледі. Келесі оқу жылында жаңа оқулықтар нақты білім беру үдерісінде қолданылады. Естеріңізге сала кетсек, 12 сәуірде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын. Алқалы жиында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына жастардың назарын аудару, ой-өрісін кеңейту, ақпарат алмасу тәсілдерін үйрету, мемлекеттік тілге аударылған кітаптар мен оқу құралдарын халық арасында насихаттау жайы кеңінен сөз болды.

Осы ретте, күңгейлік ғалымдар да өзара бас қосып, қазақ тіліне аударылған кітаптардың маңызы мен артықшылығына кеңінен тоқталды.

* «100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру арқылы әлеуметтік және гуманитарлық білімге назар аудару – жаһандық ауқымдағы білім саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға арналған платформаны қамтамасыз етуге жол ашылды. Оған дәлел бүгінде қолымызға тиіп отырған 18 кітап екенің айтқым келеді. Аудармада әртүрлі мәдениеттер, әртүрлі тұлғалар, әртүрлі ойлау құрылымы, дәстүрлер кездеседі.

Атап өтерлігі, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» және Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» еңбектері өркениеттер арасындағы мәдени сұхбатты арттыра түсуге мол мүмкіндік береді деген сенімдемін. Сонымен қатар, аударылған оқулықтардың арқасында адамзат рухының шарықтаған биіктерін студенттер өз тілінде оқи алатын болады – деді, ОҚПУ ф.ғ.к. доценті Баян Арынғазиева.

— Бұл кітаптардың барлығы да құнды, өйткені таңдалып алынған, көбісі 10 реттен басылып шыққан және басылымы 2014 жылдан кем емес деген талаптарға сай. Сондықтан осы жобаға енгізілген оқулықтың әрқайсысының маңызы зор деп есептеймін. Заманауи ұлттың басты шарты — бәсекеге қабілетті, ғылым мен білімді қатар меңгерген жасты тәрбиелеу. Бұл ретте мектеп пен жоғары оқу орнының маңызы зор.

Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болмақ. Әлеуметтану, философия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі экономика ғылымын да қамтып отыр. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» аясында шетелдік ғалымдардың еңбектерімен қатар, өзіміздің отандық ғалым-педагогтардың да озық оқулықтарын кәдеге жарата білуіміз қажет – дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының ф.ғ.к. доценті Ақжол Қалшабек.

Ал, «Философия және мәдениеттану» кафедрасының ф.ғ.к. доценті Сайыпжамал Қорғанованың айтуынша, аударылған кітаптардың кез-келгені өзіндік құндылық пен маңызға толы. Әлеуметтік сала бойынша дәріс бергендіктен осы мазмұндағы құны жоғары «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтану теориясы», «Әлеуметтік психология» сынды кітаптардан көңілге қонарлықтай мағлұмат алдым. Мәселен, Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы» еңбегінің отандық әдебиеттерден артықшылығы біздің әдебиеттерде көп тоқталмаған этноәдіснама, қазіргі феминистік, модернизацияның заманауи теориялары, нәсіл және отаршылдық, жаһандану процестеріндегі жаңа көзқарастар кеңінен берілген. Сонымен қатар, ғалымдар әлеуметтік негіздерді тереңірек зерттей келе, түсінік берген. Бұл кітаптар әлеуметтік саладан бөлек мамандық иелеріне де зор мүмкіндік береді.

Басқосу барысында ғалым, оқытушылар аударылған оқулықтарға қатысты өз пікірлерін білдіріп, аталмыш еңбектерді дәріс беруде қолдану жайлы да кеңінен айтты.

Тілге тиек етерлігі, кітаптармен толығырақ оқып-танысуға М.Әуезов атындағы ОҚМУ Ақпараттық білім беру орталығының №228 кабинетінде алдағы 10 жұмыс күнінде көрме ұйымдастырылады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *