Басты бет > Білім > ОҚО: Профессор қыздардың тәрбиесіне алаңдады

ОҚО: Профессор қыздардың тәрбиесіне алаңдады

26
views

«Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің қолдауымен өткізіліп жатқан «Өнегелі бір сағат» дәрісі өңіріміздегі 60 мыңға жуық оқушыны қамтып, көкейлеріне діттеген ойды салуда. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған іс-шараның кезекті басқосуы қыз тәрбиесіне арналды. Көптен бері көкейде көксеген бабамыз мирас еткен ұяттан бет өртенбей, опық жемеудің жолы қайсы? Төрімізде отырған қыздың абыройын сақтап қалудың амалы бар ма? деген сұрақтарға жауап таптық.

Дәрісте Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеттiң профессоры Бегман Ысқақ «Қызым, саған айтамын…» кітабындағы өзекті ойларын ортаға салды. Қадiрмендi қария немересi Айданаға сөз арнай отырып, ақыл-кеңесiн тұтас қазақ бойжеткендерiне бағыштайды. Қазақ арулары әрдайым абырой биiгiнен көрiнiп, жаман әдет, өрескел мiнез, жөнсiз iс пен жат пиғылдан абай болса екен дейдi. Қазына боп қартаюды ойлаған ұстаздың өмiрлiк ұстанымына тәнтi бола отырып, қазақтың әрбiр қариясы ұрпақ тәрбиесiне осылай алаңдайтын болса, ұл-қыздарымыз ұят деген асуды аттап өтiп, жағымсыз қылықтарға бармас па едi деген ойға қаласың. Сондай-ақ, іс-шарада дос таңдау, кiтапты өмiрлiк серiк ету, жар таңдау, қызғаныш, есеппен тұрмыс құру, әлеуметтiк желi арқылы танысу, ұрпақ жалғастыру, кәрi қыздар, қарттар үйiндегi бейбақтар мәселесi де кеңiнен қамтылды. Дәріс барысында ұстаз әрбiр қазақ қызы жүрiп өтуi тиiс ақылды бойжеткен, келiстi келiн, парасатты ана, кемеңгер кейуана секiлдi уақыт кезеңдерiнiң қыр-сырына жан-жақты тоқталып, мәндi де нәрлi мысалдармен өрнектеп, дұрыс бағыт-бағдар сiлтеуге ұмтылды. — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дер шағында жарияланды. Күн санап өзгеріске ұшыраған шақта ұрпақты тура жолға жетелейтін бағдарламаның бағыты басым. Осы ретте, қыз тәрбиесіне көңіл бөлуді мақсат тұтып отырмын. Өйткені, қыз — ұлтты ұрпақпен ұластыратын ұлы күш. Қызым, алған бiлiмiңдi Отаныңның, халқыңның, кiндiк қаның тамған туған жерiңнiң, қазағыңның көсегесiн көгерту үшiн жұмсасаң, өмiрiң ажарлы да базарлы болмақ. Ұлттық мүдде үшiн ешнәрседен тайсалмай қорғап, қолдап отырсаң, халқыңның сүйiспеншiлiгiне бөленесiң. Одан артық сый-сияпаттың қажетi шамалы – дейдi Б.Ысқақ.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *