Басты бет > Спорт > ОҚО-ДА ШАХМАТТАН ҚР БАЛАЛАР КУБОГІНІҢ ІІІ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ

ОҚО-ДА ШАХМАТТАН ҚР БАЛАЛАР КУБОГІНІҢ ІІІ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ

Оңтүстік Қазақстанда Түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласының құрметіне шахматтан Қазақстан Республикасы балалар кубогінің ІІІ кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Спорттық шара ОҚО әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында сөзге шыққан ОҚО Шахмат федерациясының төрағасы және «ОҢТҮСТІК» АИО жобаларды бақылау департаментінің директоры Д.Абубакиров турнирді ұйымдастыруда қолдау көрсеткені үшін облыс әкімдігіне, сонымен қатар ұйымдастырушыларға өз алғысын білдіре отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Өздеріңізге белгілі биыл Түркістан қаласы Түркі әлемінің астанасы деп танылды. Осы орайда, облысымыздың барлық салада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын айта кеткен жөн. Сондықтан да, бүгінгі ашылып жатқан шахматтық турнирді Түркістан қаласының құрметіне арнай отырып, Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырдық», деді ол.

Турнирге 6-14 жас аралығындағы Қазақстанның барлық облысынан келген 270 жас шахматшы қатысуда. Бес күн бойына жалғасатын турнирдің жүзден жүйрік шыққандары 29 маусым күні белгілі болады. Жеңімпаздарға «Ладушки» кондитерлік желісінің арнайы сыйлықтары дайындалуда.

Айта кету қажет, турнирдің ұйымдастырылуына демеушілік көрсетіп отырған «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы, Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылым және білім қоры және «Тау» компаниясы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир барысында, 27-28 маусым күндері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы өтетін болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.